Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

20:02 10.1.2021

Қазақстанда дауыс беру аяқталды

Қазақстанда парламент мәжілісі және жергікілікті мәслихат сайлауына дауыс беру аяқталды. Уақыт айырмашылығына байланысты ең соңғы болып Қазақстанның бес өңірі – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-да (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21:00-де) аяқталды. Өзге аймақтарда сайлау учаскелері одан бір сағат бұрын жабылған.

Орталық сайлау комиссиясының Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20:00-дағы мәліметіне сай, Қазақстан бойынша дауыс беруге сайлаушылардың 63,1 пайызы қатысқан.

ОСК дерегі бойынша, алдыңғы орында сайлаушылардың 75,5 пайызы дауыс берген Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Ал елдегі ең ірі қала Алматы тізімнің соңында тұр, мұндағы көрсеткіш - 30,3 пайыз.

Қазір барлық сайлау учаскесінде сайлау комиссиялары дауыс санап жатыр.

Жалғамыс ауылындағы №894 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң сайлау комиссиясы мүшелері дауыс санауға кірісті. Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Жалғамыс ауылындағы №894 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң сайлау комиссиясы мүшелері дауыс санауға кірісті. Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 партия түскен, бірақ арасында оппозициялық партия жоқ. Бұған дейін бірқатар белсенділер саяси партияны ресми түрде тіркетуге талпынғанымен, биліктің қысым-кедергісіне тап болғанын айтқан. Заң бойынша, сайлауға ресми тіркелген саяси партиялар ғана қатыса алады. Саяси сарапшылар билік "оппозициялық алаңды тұтас тазартты, белсенділерді қудалады" деп санайды.

Сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген кейбір белсенділер бұған дейін жұртты сайлауға белсенді бойкот жариялауға үндеген, кейбірі сайлау заңын өзгертіп, сайлаудың өзін кейінге шегеруді талап еткен. Билік олардың талабына реакция білдірмеді.

19:57 10.1.2021

Сағат 11:00 шамасынан полиция қоршауында тұрған "Демпартия" жақтастары 9 сағат өтсе де босатылмады

Он сағатқа жуық полиция қоршауында тұрған "Демократиялық партия" бастамашыл тобы. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Он сағатқа жуық полиция қоршауында тұрған "Демократиялық партия" бастамашыл тобы. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматыдағы Тәуелсіздік алаңының жанына жиналған "Демократиялық партия" бастамашыл тобының жақтастары 10 сағатқа жуық полиция қоршауында тұр. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Бастамашы топтың жетекшісі Жанболат Мамайдың айтуынша, олар сағат 11:00 шамасында қоршауға алынған.

Жанболат Мамайдың сөзінше, қоршау алынғандарға осы 9 ішінде сыртқа шығуға, дәрет сындыруға мүмкіндік бермеген. Топ жетекшісі үй әйелдің шеңбер ішінде дәрет сындыруға мәжбүр болғанын айтты.

Қазір полиция жасағының қоршауында 15 шақты адам тұр. Олар Қазақстандағы бүгінгі мәжіліс және мәслихат сайлауын заңсыз деп тануды талап етіп отыр.

Полиция белсенділергер қарсы ел арасында "кеттлинг" деп аталатын әдіс қолданып отыр. Бұл әдісті полиция 16 желтоқсан күнгі митинг кезінде де қолданған.

Сайлауға бойкот жариялауға шақырған "Демпартия" полицияның "кеттлинг" әдісіне тап болған жалғыз топ емес. Мұндай шеңберге "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері де алынған. Полиция олардың сағат 19:00-ге таман босатқан, қозғалыстың үсіп қалған екі мүшесі Әсем Жәпишева мен Дархан Шәріповты жедел жәрдеммен алып кеткен.

19:51 10.1.2021

Алматы қаласынан 70 шақырым жердегі Қаратоған ауылында жүзге жуық үй бар. Алматы облысы Талғар ауданына қарасты ауылдың тұрғындары 10 қаңтарда парламент мәжілісі және жергілікті мәслихат сайлауына дауыс беруге көлік қатынасының жоқтығы кедергі келтіргенін айтады. Қаратоған ауылында сайлау учаскесі жоқ. Ауыл тұрғындары дауыс беру үшін 18 шақырым жердегі Нұра ауылына баруы тиіс.

Қаратоған ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы. 10 қаңтар 2021 жыл.
Қаратоған ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы. 10 қаңтар 2021 жыл.


"Екі ортаға ешқандай көлік жүрмейтіндіктен дауыс беруге бара алмадық" дейді Оксана есімді ауыл тұрғыны. Оның сөзінше, Қаратоғанда тұратын балалар көрші ауылдағы мекткепке қатынап оқиды. Ауылда интернет байланысы нашар. Қаратоғанның тағы бір тұрғыны Азат та сайлауға дауыс беруге бара алмағанын айтты. "Сайлауға барғымыз келеді. Бірақ мүмкіндік жоқ" дейді ол. Азаттық тілшісі сөйлескен тағы бірнеше тұрғын Нұраға жете алмағандықтан сайлауға дауыс бермегенін айтты.

Талғар ауданы әкімнің баспасөз қызметкері Асқарбек Қазанғапов Азаттыққа Қаратоған ауылындағы сайлаушылар тіркелген Нұра ауылындағы №1052 сайлау учаскесінде барлығы 1640 сайлаушы тіркеуде барын, ал Қаратоған ауылындағы нақты сайлаушы санын білмейтінін айтты.

19:18 10.1.2021

ОСК: сағат 20:00-ге сайлаушылардың 63,1 пайызы дауыс берген

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы сағат 20:00-ге дейін сайлаушылардың 63,1 пайызы дауыс беріп үлгергенін хабарлады.

Аймақ бойынша дауыс беру көрсеткіші мынадай:

  • Ақмола облысы бойынша – 72,8 %
  • Ақтөбе облысы бойынша – 57,7 %
  • Алматы облысы бойынша – 73,5 %
  • Атырау облысы бойынша – 55,5 %
  • Батыс Қазақстан облысы бойынша – 61,5 %
  • Жамбыл облысы бойынша – 72,2 %
  • Қарағанды облысы бойынша – 70,7 %
  • Қостанай облысы бойынша – 71,8 %
  • Қызылорда облысы бойынша – 72,7 %
  • Маңғыстау облысы бойынша – 54,0 %
  • Павлодар облысы бойынша – 71,3 %
  • Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 75,5 %
  • Түркістан облысы бойынша – 65,8 %
  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 72,4 %
  • Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 45,1 %
  • Алматы қаласы бойынша – 30,3 %
  • Шымкент қаласы бойынша – 56,5 %

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG