- Авторы: Жаңагүл ЖҮРСІН
Ақтөбе қаласындағы №110 сайлау учаскесіне дауыс беру барысын бақылауға барған "Ақ жол" партиясының бақылаушысы Ғалима Сләмбаева учаскелік сайлау комиссиясы "орын саны шектеулі" деп, өзін тіркемей жатқанын айтты.
Алматыдағы №173 сайлау учаскесіне дауыс беру жайлы хабар дайындауға барған Азаттық тілшісі Аян Қалмұратты сайлау учаскесіне кіргізбеді. Тілшінің айтуынша, өзін сайлау комиссиясы төрағасымын деп таныстырған Нұржан Искаков "ПТР тест талап еткен". Ал бас санитар дәрігердің қаулысында ақпарат құрал өкілдері ПТР тест тапсырсын деген талап жоқ.
- "Бақылаушы емеспін, ақпарат құрал өкілдерінің ПТР тест тапсыруы міндетті емес" дедім. Бірақ соған қарамастан "арандатпаңыз, шығыңыз" деп телефонымды жұлып алып, мені күштеп шығарып жіберді, - деді Аян Қалмұрат.
Дәл осыған ұқсас жағдай Алматы қаласындағы №350 және Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылындағы №894 және №893 сайлау учаскелерінде болған. Бас санитар дәрігердің қаулысына сүйенген Азаттық тілшісі Нұртай Лаханұлы сайлау комиссиясы өкілдеріне журналистерге ПТР-тест қажет еместігін айтса да, ол жақтан ақпарат таратуға мүмкіндік бермеген.
Ал орталық сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің өкілі (аты-жөнін айтпады) Азаттыққа "БАҚ өкілдеріне ПТР тест қажет емес" деді.
Бас санитар дәрігердің 29 желтоқсанда қабылданған қаулысына сәйкес, сайлау кезінде тек партияның сенімді өкілдері, сайлау комиссиясы мүшелері мен бақылаушылар ПТР тестіден өтуге міндетті. Бірақ қаулыда БАҚ өкілдеріне мұндай талап қойылмаған.
Қазақстанда бүгін мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр.
- Авторы: Нұргүл АЛИНА
10 қаңтар күні Қазақстандағы парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беру аурухана, әскери бөлім, тергеу орны сияқты мекемелерде де ұйымдастырылды.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласындағы ЕС-164/1 мекемесінде түрлі іс бойынша айыпталушы және күдікті 154 азамат №656 сайлау учаскесінде дауыс береді.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бері осымен сегізінші рет парламент сайлауы өтіп жатыр. 1994 жылы сайланған алғашқы парламент Жоғарғы кеңес деп аталған. Үкіметті жиі сынаған ол парламент бір жылдан соң таратылған. 1995 жылы құқық қорғаушылар мен саясаттанушылар президенттің құзырын кеңейтіп, авторитарлы жүйе құруды көздейді деп сынаған жаңа Конституция қабылданып, елде қос палаталы парламент пайда болды.
Мәжіліс сайлауы 1995, 1999, 2004, 2007, 2012 және 2016 жылдары өткен. 1995 жылы елде мажоритарлы сайлау жүйесі бар еді. 1999 және 2004 жылдары мажоритарлы-порпорционалды аралас сайлау өтті. Ал 2007 жылдан бастап мәжіліс тек қана партиялық тізім бойынша сайланады. Сол жылы Қазақстанда парламентке билік партиясы ғана өтті. 2012 және 2016 жылдары өткен сайлау қорытындысы бойынша, сол кездегі президент Назарбаев басқаратын партиямен бірге парламентке билікшіл тағы екі партия сайланған.
ПІКІРЛЕР