САҚТЫҚ ПЕН МАЗАСЫЗДЫҚ
Кеншілер мен метталлургтердің Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары мен Қарағанды облысындағы Шахан және Ақтас ауылдары "АрселорМиттал Теміртау" болат балқыту және тау-кен өндіру компаниясының жұмысына тәуелді. Сол себепті тұрғындар бірнеше аптадан бері алаң күйде жүр. Үкіметтің мұндай шулы мәлімдемесінен соң АТМ-ның елдегі келешегі не болар екен деп көңілі күпті.
17 тамызда Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" кен орнында болған өрттен бес кенші қаза тапты. Сол оқиғадан кейін биік мінберлерден "меншік иесін ауыстыру керек", "саяси шешім бар" деген шулы мәлімдемелер жасалған еді. Бұған біреулер қуанып, енді біреулер мазасыздана бастаған.
АМТ-ға тікелей қатысы жоқ жұмысшылар мен олардың отбасы, жергілікті жұрт бұдан ары жағдай қалай болар екен деп отыр. Оның себебі бұл елдімекендердің тірегі – халықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған осы комбинаттар мен кеніштер. Мердігерлерді қоспағанда кәсіпорындарда 30 мыңнан астам адам еңбек етеді.
– Бізге басшылар уайымдамаңдар деді. Бірақ ертеңгі күнге сенім болмаса қалай тыныш жұмыс істейсің? Не болып жатқанын, неге дайын болу керегін білуіміз керек қой. Ешкім нақты ештеңе айтпайды, – дейді Азаттыққа есімін көрсетпеуімізді өтінген Теміртау комбинатының жұмысшысы.
АМТ компаниясы – ыстық және суық су, жылу, электр жарығы сияқты Теміртаудағы коммуналдық қызметтерін де жеткізуші. Қазір тұрғындар компанияның балансындағы Теміртаудағы ЖЭО-ның жағдайына да алаңдап отыр. Бірақ олар станция дайын екенін мәлімдеді және жылу маусымына қатысты жауапкершілікті жергілікті билікке жүктеп, көп нәрсе "жылу желілері мен үйлердің қысқа қаншалықты дайын екеніне" байланысты дейді.
Әсіресе 1995 жылы меншік иесінің өзгергеніне және Қазақстан Магниткасы кеніштерімен бірге үнді миллиардері Лакшми Митталдың қолына өткеніне куә болған жұрттың уайымы күшті. Сол бір келісімнің салдарын кейбіреулер әлі тартып жүр.
Біреулер сол күйі жалақысын толық ала алмаған; кәсіпорын сатылғанға дейін өндірісте жарақат алғандар әлі билікпен соттасуға мәжбүр, себебі ол кездегі келісімнің шарттарында өтемақы мәселесі егжей-тегжейлі көрсетілмеген.
Сол сияқты АМТ-ға өз талаптарын жолдап отырғандар – өнідірісте жарақат алып, өтемақыға қол жеткізгісі келетін кеншілер мен метталургтер де уайымдайды. Меншік иесі өзгерсе, мәселе ушығып кетуі мүмкін дейді кері талап қоюшылар.
ҮКІМЕТТІҢ ҰСТАНЫМЫ
АТМ тағдырына қатысты ең қатқыл мәлімдемені жаздың аяғында Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов жасаған болатын. Ол АТМ-ды өндірісті жаңғырту және инвестиция салу бойынша міндеттемелерін орындамады деп айыптап, үкімет компанияның Қазақстандағы келешегі бұлыңғыр деп есептейтінін айтқан.
Оның сол сөзінен кейін Азаттық үкіметке кәсіпорынның меншік иесін алмастыру мәселесін қалай қарастырып жатқанын сұрап хат жолдаған. Ресми жауапта мұндай жоспарларға қатысты нақты ештеңе болған жоқ.
– Министрлік кәсіпорындағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстарын жүргізуді бастады. Компания иелеріне еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қатаң талаптар қойылды. Сонымен қатар өндіріс ауқымын, жұмыспен қамту деңгейін сақтау, әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеп тұру мәселелері талқыланып жатыр. Министрлік жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуіне жол бермей, қалалар инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуге қажетті шаралар қабылдауды әлі де жалғастырмақ. Меншік иесінің ауысуына қатысты сұрақтарды меншік иесінің өзіне жолдаған дұрыс, – деп жауап берді Азаттыққа индустрия министрінің орынбасары Иран Шархан.
АМТ активтерінің иесі ауысуы мүмкін деген мәлімдемеден кейін нақты компаниялар атала бастаған. Соның бірі – ресейлік "Северсталь" тау-кен, металлургия компаниясы. Бірақ қыркүйектің басында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр "Северстальмен" келіссөз жүріп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Тиімді жұмыс істеп, өндіріске қажетті жағдай жасай алады деген инвесторларды тартуға қатысты жұмыстар атқарып жатырмыз. Әсіресе, жұмысшылардың қауіпсіздігіне қатысты. Бірақ сіз атаған компаниямен ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ", – деді Скляр.
19 қыркүйекте өткен брифингте жаңадан құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшысы Қанат Шарлапаев жағдайға қатысты ойын білдірді. Ол "АрселорМиттал" Қазақстаннан кетуге шешім қабылдаса, басқа инвестормен және үкіметпен активтерін сату-сатып алу келісім шартын жасасады деді.
– Біреу біреуден "тартып алмақ", мемлекет меншігіне алады екен деген әңгімелер Қазақстанда шындыққа айналмайды деп үміттенемін. Әйтпесе бұл біздің инвестициялық ахуалымызға үлкен соққы болады. Сондықтан қандай да бір кәсіпорынның акционерлер құрамы өзгеріп жатса, бәрі азаматтық кодексімізге сәйкес, шарттық-құқықтық қатынастар негізінде жүзеге асады, – деді министр.
КОМПАНИЯ ҮНСІЗ ОТЫР
Азаттық "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына жағдайға қатысты пікірін сұрап, екі рет ресми хат жолдады. Бірақ ешқандай жауап болған жоқ.
Брифингтер кезінде де АТМ осы саясатты ұстанады. "Активтерді басқа инвесторға беру туралы әңгіме болып жатыр ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына компания директоры Виктор Гафиулов үндемей қояды. Журналистердің осыған ұқсас басқа да сұрақтарына ол "бұған жауап беруге құзіретім жетпейді" деумен шектеледі. Гафиулов 2022 жылдың қарашасында Ленин шахтасында бес шахтер қаза тапқаннан кейін Джексон Батистаның орнына келген.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, АМТ-ның бұрынғы атқарушы директоры Вадим Басин Азаттықтың әлгі сұрағына "оны уақыт көрсетеді" деп жауап берді.
– Қауесет те, әңгіме де көп. Бірақ күн сайын өзгеріп отырады. Қазір компания жұмысын істеп жатыр, техникалық-экономикалық жағдайында проблема көп. Меніңше, күткен дұрыс. Бәрі компанияның алда қалай жұмыс істейтініне және қандай шешім қабылданатына байланысты болмақ, – деді Басин.
Сонымен қатар, АМТ сайты жанданып, жақсы жаңалықтар қылаң бере бастаған. Мәселен, жұмысшылардың әулеттер мен кеншілер туралы әңгімелері шығып отырады. Сонымен қатар парақшасына компанияда "қызметін реттейтін ұлттық және халықаралық нормативті-құқықтық актілердің бұзылу қаупі бар", өйткені 60-тан астам елде жұмыс істейді деп жазып қойған.
Бұған дейін АМТ "АрселорМиттал" тобының өзге де кәсіпорындарында адам шығыны болып тұратынын, бірақ "Қазақстанда алаңдаушылық тудыратын жағдай әлдеқайда көп" екенін мәлімдеген. Компания алдағы 20 жылға шахталарды дамытуға қатысты жоспар жасап жатқанын жеткізді.
АМТ басшылығы сондай-ақ 2022 жылдың қарашасында Ленин шахтасында болған жарылыста бес шахтердің қаза тапқанына қатысты "жеке жауапкершілік" деген айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді. Компания бұл мәлімдемені шахтадағы қайғылы оқиғаны тексеру амалдары әлі күнге жалғасып жатқан кезде жасаған.
САРАПШЫ: "А" ДЕГЕН ҮКІМЕТ ЕНДІ "Б" ДЕП ТЕ АЙТУЫ КЕРЕК"
Қаржы жөніндегі сарапшы Расул Рысмәмбетов Қазақстан үкіметінің компанияны басқа инвесторларға береміз деген мәлімдемесін "эмоцияға толы" "даурықпа әңгімеге" жатқызады. Айтуынша, қазір жағдайға дұрыс қарай бастаған.
– Акционерлердің тізімін қарап шықты. Ол жерде салмақты адамдар бар. Сондықтан олармен де диалог жүргізу керек. Ол оңай шаруа емес. Үкімет "А" деп аузын ашқан соң "Б" деп айтуы үшін нақты жоспары болуы шарт. Ақырындап әрекетке көшіп, "АрселорМитталға" қалай ықпал жасауға болатынын ойластырып жатыр деп ойлаймын, – деді Рысмәмбетов Азаттыққа.
Сарапшы "АрселорМиттал" компаниясы үкіметпен келісімге келуге тырысатындықтан үнсіз қалып отыр дейді.
– Саудаласып жатқан болу керек. Үкіметке екі нәрсе қажет: не миллиардтап ақша құю, не басқара алмаса, кәсіпорыннан бас тарту. Бірақ онда ақша салып барып сатуға тиіс, сондықтан қазір "Арселор" негізгі қорын жаңартпайынша ол айтарлықтай тиімді актив емес. Компанияның көптеген активі ескірген. Сол үшін бәрін тәртіпке келтірсін, – дейді Рысмәмбетов.
АрселорМиттал компаниясы темір кені мен көмір, болат өнімдерін өндіреді және сатады. АМТ құрамына Теміртаудағы металлургия комбинаты, сегіз шахта, тау-кен байыту фабрикасы, бірнеше көмір зауыты және Қарағанды, Абай, Саран, Шахтинск қалаларындағы басқа да оған қатысы бар кәсіпорындар кіреді. Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарында темір кенін өндіретін, өңдейтін және байытатын кәсіпорындары және Ақтау қаласында құбыр зауыты бар.
20 қыркүйекте АТМ кен орнында болған ең ірі қайғылы оқиға – Ленин кенішіндегі жарылысқа 17 жыл толды. Ол кезде 41 адам қаза тапқан. 26 қыркүйекте осы шахтада жиналыс өтіп, кеншілер кадр тапшылығы, еңбек қауіпсіздігі, зейнетақы заңнамасы мәселелерін тағы да көтерді.
Ресми деректерге сүйенсек, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапқан.
ПІКІРЛЕР