Accessibility links

Арон Атабекті босатуды сұраған үндеуге ресейлік құқық қорғаушылар да қосылды. Нұр-Сұлтан үнсіз


Арон Атабектің "Шаңырақ оқиғасы" кезіндегі суреті. Алматы, 14 шілде 2006 жыл.
Арон Атабектің "Шаңырақ оқиғасы" кезіндегі суреті. Алматы, 14 шілде 2006 жыл.

Ресейдің ПЭН-Москва және "Свободное слово" ассоциациясы құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінен ақын әрі диссидент Арон Атабекті қамаудан босатуды сұраған қазақстандық ақын-жазушылардың үндеуіне қолдау білдірді. Құқық қорғау ұйымы мәлімдемесін Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына жариялап, көшірмесін Азаттық редакциясына жолдады.

Ресейдің ПЭН-Москва және "Свободное слово" ассоциациясы құқық қорғау ұйымдары жариялаған мәлімдемеде 68 жастағы Арон Атабектің (шын тегі – Едігеев) 14 жылдан астам уақыт бойы түрмеде, "аса ауыр жағдайда, оның үстіне жалғыз адамдық камерада, аса мұқтаж дәрігер көмегіне қолы жетпей" қамауда отырғаны айтылған.

"Өз халқының адал ұлы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан әрі СССР халық депутаттарының бірінші съезіне (1989 жылғы сәуірде) саяси тұтқындарды босатуды және Қазақстанға егемендік беруді талап еткен хатты жазуды ұйымдастырған, ақын һәм эссеист Арон Атабек бостандыққа шығуы тиіс!" деп мәлімдеген хат авторлары.

Ақын-жазушылар Тоқаевтан Атабекті босатуды сұрайды.

Ақын-жазушылар Тоқаевтан Атабекті босатуды сұрайды. Ал диссидент "екі қолын көтере алмайды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

24 ақпанда Abai.kz сайтында Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Талғат Айтбай сынды бір топ ақын-жазушы мен журналистің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан қазір түрмеде отырған диссидент ақын Арон Атабекті босатуды сұрап жазған хаты жарияланды.

Хат авторлары 2006 жылы Алматының шетінде болған "әйгілі "Шаңырақ" оқиғасы бойынша жалған жаламен 18 жылға итжеккенге айдалып кеткен" диссидент ақынның денсаулығы кейінгі кезде күрт нашарлап кеткенін айтып, оны қамаудан босатуды сұраған. Олар қамауда "азаптау мен қинауды көрген", қазір ауыр дертке шалдыққан ақынды түрме жағдайында емдеу мүмкін емесін айтқан.

"...Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті. Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды. "Көзімнің тірісінде қадірле мені!.. Өлгесін басыма көк тас қойып, құрметтеп керек емес!" деген екен бір қарт назаланып... Сол айтпақшы, халық батырын көзі тірісінде бостандыққа шығарып, денсаулығын түзетуге жағдай жасасаңыз нұр үстіне нұр болар еді. "Елім-қазағым!" деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, Президент мырза!" деп жазылған хатта.

Арон Атабек 2006 жылғы 14 шілде күні Алматының шетіндегі Шаңырақ елді мекенінде болған оқиғадан кейін сотталған. Сол күні Шаңырақ тұрғындары билік "заңсыз соғылған" деген үйлерді бұзуға келген полиция күшіне қарсылық көрсетіп, екі жақ арасында қақтығыс болған. Салдарынан 24 жастағы полиция офицері қаза тапты. Билік оның өліміне бірнеше жергілікті тұрғынды және сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті айыптаған.

Сот үкімі бойынша Арон Атабек 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Кейінгі екеуі 2018 жылы мерзімінен бұрын босатылды. Өтегенов 2013 жылы түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талабына бағынбады" деп айыпталып, қамау мерзімі екі жылға ұзартылды.

"Шаңырақ оқиғасынан" соң билік ондағы тұрғындардың жері мен үйін заңдастырып берген.

Сот үкімі шыққаннан кейін Арон Атабек Алматыдан тысқары жерде бірнеше түрмеде қамауда болды. Қазір отырған Павлодар тергеу изоляторына оны 2014 жылдың сәуірінде ауыстырған.

Былтыр тамызда Атабекпен кездескен құқық қорғаушы Елена Семенова ақынның денсаулығына байланысты өзін мүгедек деп тануды рәсімдеуге жәрдем сұрағанын хабарлаған.

Кінәсі жоғын мәлімдеген Арон Атабек мерзімнен бұрын шартты бостандыққа шығуға сұрансам, мұным өзіме тағылған айыпты мойындау болады деп, ондай өтініш жазудан бас тартып отыр.

2010 жылы Арон Атабекке "Тұтқындағы шығармашылық иесі" (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген.

Биыл 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG