Қаракемер – Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы 17 ауылдық округтің бірі. Облыс орталығынан қырық, ал аудан орталығы Аса ауылынан жеті шақырым қашықтағы Қаракемер ауылына баратын такси көп.
26 жастағы Әлібек Тараз бен Қаракемер арасында жолаушы тасиды. Ол бірнеше апта бұрын пневмония диагнозы қойылған әкесіне коронавирус жұққан я жұқпағанын тексертпек болып, тест таппай сенделгенін айтты.
– Тараздағы Invivo, "Олимп" деген коронавирусқа тексеретін жердің бәріне бардық. Ақшаға тест сатып ала алмадық қой, 19050 теңге тұрады екен. Тестті ауруханада ғана берді. Ал қорытындысын төрт күн күттік, – деді ол Азаттық тілшісіне.
Әлібектің сөзінше, тест қорытындысы келгенге дейін Тараздағы провизорлық ауруханада жатқан қарт әкесіне ешқандай дәрі салмаған, тек қызуын өлшеумен шектелген. Коронавирус жұқтырғаны расталғаннан кейін ғана оны инфекциялық ауруханаға ауыстырған.
"ЕКІ АПТА САРАЙДА ӨЗІМДІ ОҚШАУЛАП ЖАТТЫМ"
300-ден астам үй тұратын Қаракемер ауылына Азаттық тілшісі сәске түсте жетті. Көшеде бірен-саран ойын баласы көзге түседі. Күннің ыстығына қарамастан жұмысшылар жаңа клуб ғимаратын салып жатыр, тағы бір жерде газ құбырын тартып жүр.
Қаракемерде тұратын Нәзира Әбдісадықова аудан орталығы Асадағы аудандық ауруханада мейіргер болып істейді. Ол жұмыста жүріп пневмония жұқтырып алғанын айтады.
– Ешқандай белгісін байқаған да жоқ едім. Аяқ астынан бір күнде орнымнан тұра алмай қалдым. Дереу дәрігер шақырып, қаралып, ауданда рентгенге түстім. Пневмония екенімді білген соң анамның үйінің алдындағы верандада екі апта өзімді оқшаулап жаттым. Ауданнан таппаған дәрілерді Тараздан алдырттым, кейбірін Алматыдағы әпкем беріп жіберді, – дейді ол.
Нәзира өзін өзі оқшаулап жатқанда отбасына қаладан арнайы келген енесі қарапты. Алтын сырғасы жарқырап, орамал тартқан қарт әйел немересіне орысша сөйлеп, еркелетіп отыр. Қаракемер мектебінде көп жыл орыс тілі пәнінен сабақ берген Назгүл Шайымқұлова орысшаға қоса неміс, шешен, украин тілдерін біледі екен.
– Балаларым "Апа, сен ауырып қалмашы, сыртқа шықпашы" деп уайымдап жүр еді, айналып келгенде пневмония болған екі келінімнің орнына өзім жүгірдім, – деп күледі ол.
Назгүл апа Қаракемерде тұратын қайнысының да коронавируспен ауырып, үйінде емделгенін айтады.
– 50 жастағы ер адам коронавирус жұқтырып, екі апта үйінде жатып қалды. Дәрі-дәрмек, оттегі баллонына дейін Алматыдан алдырды. Оған тек мейіргер ғана барып, дәрі салып жүрді. Ағайынбыз ғой, жағдайын білейін деп үйіне барғанмын. Қақпадан кірмей жатып әйелі: "Келмеңдер, коронавирус!" деп айқай салатын, ешкімді ол маңайға жақындатпай қойған, – дейді ол.
"АУРУХАНАДА ЖАТПАСАҚ ТА, БІР-БІР ДОМАЛАП ТҰРДЫҚ"
Наурызда Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланып, карантин енгізілгенде шетелден тараған әлдебір вирус жайлы хабарға онша мән бермей, той-тоймалақ жасап, құдайы тамақ беретіндер де болған. Ал маусым айында дерт қатты өршіп, науқас пен өлім-жітім күрт көбейгеннен кейін вирустың қаншалықты қауіпті екеніне ешкім шүбәланбайды.
Қаракемер ауылында да тұрғындар карантин талаптарын орындауға тырысатыны байқалады. Дүкендерге кіреберісте антисептик қойылған, "Маскасыз кірмеңіз!" деген жазу ілінген. Көшеде кездескен адамның кейбірі иегіне түсіріп, енді бірі қолына ұстаса да, маскамен жүр. Журналист екенімізді естігенде мектептен келе жатқан бірнеше әйел жалма-жан сөмкесінен маска шығарып, тағып алды, дүкенші тіпті медициналық қолғабын киіп үлгерді.
– Ауруханада жатпасақ та соңғы күндері бәріміз бір-бір домалап тұрдық. Бұл індеттен ешкім тыс қалған жоқ, – дейді жергілікті тұрғын Гүлнұр Оспанқұлова.
Ол 85 жастағы енесін ешқайда шығармай, үйде ұстап отырғанын да айтады.
– Жақында әкемнің нағашысының баласы қайтыс болды. Астанаға барып жерлеп келген соң әкемнің інісі де ауырып, дүние салды. Сүйегін мәйітханада ғана көрсетті, үйінде ұстамады. Қазір әйелі де ауырып жатыр. Жасы 70-ке келген әкемді қайтыс болған туыстардың бейсенбісіне де, жетісіне де барма деп әзер ұстап отырмыз. Осылардан кейін үйдегі енемді де ешқайда шығармаймыз. Өзіміз қазір қазаға телефонмен көңіл айтумен шектелетін болдық қой, – дейді ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін Гүлнұр.
Ауыл тұрғындарының көпшілігіне ортақ мәселе – дәрі-дәрмек тапшылығы. Қаракемерде де, жақын маңындағы Өрнек, Пионер, Еңбек-Бірлесу ауылдарында да дәріхана жоқ. Науқастар керегін аудан орталығы Асадағы дәріханадан іздейді. Бірақ оның өзінде де табыла бермейді. Ауырып тұрғандардың көбі дәріні Тараздан немесе Алматыдан алдыртқанын айтады.
– Үйімізде аспириннен басқа дәрі болған жоқ. Аудандағы дәріханадан парацетомол алу үшін екі рет барып, құр қол қайттым. Витаминдердің бағасы удай, жай алып жүргендері 1000 теңгені үстіне шығып кеткен, – дейді ауыл мектебіндегі мұғалімдердің бірі Индира.
Көпшілігі қажет болар деп аспирин мен парацетомолды, қан қысымы барлары "Тромбопол", "Тромбо АСС" деген дәрілерді алады. Бие байлап, қымыз, саумал ішіп отырғандар да баршылық. Айтуларынша, мия, зімбір тәрізді өсімдікті де қайнатып ішіп көрген. "Вирусты жояды" деп кейбіреулері үйін хлорласа, енді бірі адыраспанмен аластауды әдетке айналдырған.
– Бұл жерден дәрі-дәрмек таппайсыз. Бірақ кім біледі, бұл ауру (коронавирус – ред.) келетін болса, біз ішіп жатқандардың көмегі болмас. Әлгі Жарлысудағы танысымыз Сайрамбай 3-ақ күн ауырды да жүріп кетті ғой, – дейді Тараздағы зауытта істейтін Мақсат Ыбыраев.
Сайрамбай Дөненбаев – жамбылдықтарға танымал меценат, шаруа қожалық иесі. Оның қазасы туралы әр ауылда әңгіме қылады. 30 маусымда Жамбыл облысында өткен джип-сафари экспедициясына демеуші болған еді. Эстрада әншілері мен спортшылар шақырылып, көпшіліктің қатысуымен өткен шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдау білдірген. Бір аптадан кейін Сайрамбай Дөненбаев пневмониядан қайтыс болды.
ҚЫЗЫЛ ЖӘНЕ ЖАСЫЛ КҮНДЕР
Ауыл тұрғындары арасында медицина қызметінің сапасына көңілі толмайтындар да бар. 40 жастағы Мейрамгүл ауырған кезде аудан орталығына өз күшімен баруға тура келгенін айтады.
– Біраз уақыт бұрын сырқаттанып, мұрнымнан қан тоқтамай. Алғашында машина жоқ деді, кейін мейіргер бара алмаймыз деді. Болмаған соң өзіміз машина тауып, Асадағы емханаға бардық, – дейді ол.
Қаракемер тұрғындары анализ тапсыру, рентгенге түсу үшін де аудандық емханаға барады. Аса мен Қаракемердің арасында автобус қатынасы жоқ болғандықтан жұрт такси жалдайды.
Ауылдағы амбулаторияның аға мейіргері Жарқын Өмірбаева бірнеше ауылға бөлінген мобильді топтар барын айтады.
– Өрнек, Пионер, Қаракемер тәрізді жақын орналасқан ауылдарға бір мобильді топ қызмет көрсетеді. Яғни коронавирус, пневмонияға шалдыққандарға шақыртатын жедел жәрдем. Біздің ауылға да қарайтын топ Өрнекте отырады. Оларға шақырту жібереміз. Өздері келіп, науқастың жағдайын тексеріп, ауыр халде болса ғана ауруханаға әкетеді, – дейді Жарқын Өмірбаева.
Оның сөзінше, дәрігерлер иммунитетін түсіріп алмау үшін науқастарға беталбаты дәрі, система салдырмауға тырысады, көбірек сұйық ішкізеді.
– Көпшілігі ауруы әбден асқынғанда келеді. Әркімнен естігені бойынша цефазалин, ампицилин тәрізді дәрілерді сала берген, – дейді амбулаториядағы аға мейіргер.
Ал дәрігер көрші Өрнек ауылында екен. Түсіндіруінше, ол ауылдың дәрігері еңбек демалысына кеткендіктен, медицина қызметкері жетіспейді. Қаракемердің дәрігері екі ауылға жалғыз қызмет көрсетеді. Сәрсенбі, жұма күндері Өрнектегі науқастарды қабылдаса, қалған үш жұмыс күні Қаракемер тұрғындарын қарайды.
Коронавирус індеті өршігелі бері амбулаторияның жұмыс кестесіне де өзгеріс енген. Аптаның бейсенбі, жұмасы – "жасыл күндер". Бұл күні екпе салуға келгендер мен аяғы ауыр әйелдерді қабылдайды. Ал "қызыл күн" деп атайтын өзге күндері басқа науқастарды қарайды. Ол күндері мейіргерлер мен дәрігерлер қорғаныш киімін киіп жүреді.
Амбулаторияның кіреберісінде арнайы костюмдегі кезекші мейіргер отыр, медициналық сақтандыру құралдары қойылған. Мұнда келетін жұрттың бәрі бір есіктен кіреді.
– "Жасыл күндерден" бөлек келгендердің бәрін арнайы костюммен қабылдаймыз, барынша өзімізді күту керек. Шілде айында жүзден астам адам қабылдадық. Он адамға пневмония деген диагноз қойылды. Ал маусым айында үш адамға коронавирус деген диагноз қойылған, – дейді аға мейіргер Жарқын Өмірбаева.
Медқызметкердің айтуынша, коронавирус жұқтырғаны анықталғандар мен олармен байланыста болған адамдарды екі апта карантинде оқшау ұстаған, оларға дәрі салатын мейіргерден басқа ешкімді жолатпаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, елде індет басталғалы Жамбыл ауданында 107 адамға коронавирус анықталған. Наурыз айынан бері облыста 3507 адамға коронавирус жұғып, оның 2419-ы жазылған, 35 адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР