Accessibility links

Туыстары басқа түрмеге ауыстырылған Жаңаөзен белсендісінің жағдайына алаңдайды


Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Қазан айында "адам денсаулығына қасақана зиян келтірді" деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылған жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев желтоқсанның 12-сі күні Шымкент қаласындағы абақтылардың біріне жіберілген. Белсенді жайлы қажетті ақпарат ала алмай отырған туыстары оның жағдайына алаңдайды.

ЭТАППЕН ЖӨНЕЛТУ

Қазан айында қамалған белсендіні басқа аймаққа этаппен әкететінін Елшібаевтың туыстары осыдан бірнеше күн бұрын ғана естіген.

Ержан Елшібаевтың жұбайы Динара Хайруллина 11 желтоқсанда оның түрмедегі таксофоннан хабарласып, өзін 13 желтоқсанда Ақтау қаласының іргесіндегі ГМ-172\6 мекемесіне жөнелтетінін, одан кейін екі апталық карантин басталып, кездесе алмай қалатынын хабарлағанын айтады.

- Біз жедел жиналып, енем екеуміз балаларды алып келдік. Әдетте енемді "тізімде жоқ" деп кіргізбейтін. Бірақ сол жолы бәрімізге рұқсат беріп, "жарты сағат күте тұрыңдар" деді. Біз көп күттік. Содан соң біреу шығып "бастық қабылдамайтын болды, оны әкетіп барады, кете беріңдер" деді, - дейді Динара Хайруллина.

Оның сөзінше, құзырлы орган Ержан Елшібаевтың қайда жөнелтілгені туралы ақпаратты айтудан бас тартқан. Күйеуінің өмірі үшін алаңдап отырғанын айтқан Динара Хайруллина Маңғыстау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы кезекші арқылы "Шымкент" дегеннен өзге ақпарат бермеді дейді.

Жаңаөзендегі наразылықтан кейін полиция қысымына шағымданған Ержан Елшібаев үйінің алдында тұр. Сәуір айы, 2019 жыл.
Жаңаөзендегі наразылықтан кейін полиция қысымына шағымданған Ержан Елшібаев үйінің алдында тұр. Сәуір айы, 2019 жыл.

Ержан Елшібаевтың адвокаты да тек Шымкентке жіберілгенін анықтай алғанын, әрі қарай оны басқа жаққа жөнелте ме әлде қалдыра ма, белгісіз екенін айтады.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне хабарласқан еді. Департаменттің баспасөз хатшысы аға лейтенант Роман Теленьков жазбаша сауал жолдауды айтса, республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ақерке Жаубасарова Елшібаевтың этаппен жөнелтілгенін растады.

- Иә, аталған тұтқын этаппен жөнелтілді, бірақ қай жаққа екенін айта алмаймын, ол тек сол адамға қатысты мәлімет, - деді ол.

Ақерке Жаубасарова тұтқынның қауіпсіздігі мен денсаулығы туралы сауалға да жауап беруден бас тартты.

"БЕЛСЕНДІЛІГІ ҮШІН ЖАЗАЛАНДЫ"

Жаңаөзендік белсендінің әйелі 28 жастағы Динара Хайруллина екі баласымен Ақтауға көшуге мәжбүр болғанын айтады. Олардың Жаңаөзенде үйі болмаған. Күйеуі сотталып кеткен соң жұмыссыз қалып, қалада жалға алған баспана қаржысын өтей алмай қалған. Қазір Ақтаудағы таныстарының бірінде шағын жер үйде (времянкада) тұрып жатыр.

- Әзірге бізді аяп тұрғызып қойды. Бірақ енді бұл өмір бойы болуы мүмкін емес қой. Мен балалармен үйдемін, шешем жұмыс істеуге тырысып жүр, - деді ол.

Олардың баласының үлкені алтыда, ал екіншісінің жасы екіде.

Динара Хайруллина күйеуінің сотына жергілікті белсенділердің көптеп қатысқанын, жаңаөзендіктер көп қолдау көрсеткенін айтады.

- Жаңаөзенде жұмыссыздық мәселесінің ушығып тұрғаны да өтірік емес. Ержанды бәрі қолдап отыр. Сол үшін оны әдейі басқа аймаққа жіберіп отыр. Не болса да ол белсенділігінің "сазайын тартты", - дейді ол.​

Тұрақты жұмыс беруді талап етіп әкімдікке келген тұрғындар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 11 наурыз 2019 жыл.
Тұрақты жұмыс беруді талап етіп әкімдікке келген тұрғындар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 11 наурыз 2019 жыл.

31 жастағы Ержан Елшібаев биыл ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде болған жұмыссыздық мәселесіне байланысты наразылық шарасы кезінде көзге түскен. Елшібаев көптеген қала тұрғынымен бірге әкімдік алдына жиналып, Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдаған еді.

Осыдан кейін жергілікті жұмыссыз жастар билікті диалогқа шақырып, меморандум да тапсырған. Онда жұмыссыздарды жалақысы 150-300 мыңнан кем емес тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, түрлі жеңілдіктері бар әлеуметтік пакет, еңбек демалысы мәселесі тәрізді аймақ тұрғындары үшін маңызды проблемаларды қозғаған.

Қарай отырыңыз: Жаңаөзенде жұмыссыз жастар талап айтып, әкімдікке келді (Көктем айлары, 2019 жыл).

Жаңаөзенде жұмыссыздар әкімдікке талаппен тағы да келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:32 0:00

Бірақ ізінше олар мәселені шешудің орнына құқық қорғау органы тарапынан қудалауға түскендеріне шағымданған.

Ал Маңғыстау облыстық прокуратурасы ақпан айының соңында Жаңаөзенде "қоғамдық тәртіпті бұзды" деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлаған. Ал 24 наурызда Ержан Елшібаевты полиция үйінен ұстап алып кеткен. Оның "Бұзақылық" бабы бойынша күдікке ілінгені хабарланды.

Қазанның 17-сі күні Жаңаөзен қалалық соты Ержан Елшібаевты бес жылға соттады. Кейін оған тағылған айып "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (106-бап, 2-бөлім) бабына ауыстырылып, сот оны кінәлі деп тапты. Апелляциялық шағым түсіргенімен 25 қарашада Ақтау қаласындағы сот оны қанағаттандырмады.

Тергеу орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Барлық сот инстанцияларына қатысқан бақылаушылар мен адвокаттар екі жыл бұрынғы төбелеске қатысқандардың Елшібаевқа арызы жоғын айтқанын, сот тарапы ескермегенін мәлімдеген.

Белсендінің туыстары мен жақтастары бұл істің саяси астары бар деп санайды. Тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Көктемдегі жұмыссыздар наразылығынан кейін жергілікті билік "Өзенинвест" кәсіпорны жанынан жаңа мекеме ашып, 350 адамды 100 мың теңгелік жалақысы бар жұмысқа орналастырғанын хабарлаған. Бұған қоса, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, жүз адамға "үш күнде бизнес" ашуға мүмкіндік берілгенін айтқан. Бірақ кейбір қала тұрғындары биліктің мәлімдемесіне күмәнмен қараған.

Жаңаөзен қаласы Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудан 150 шақырым жерде орналасқан. Ресми статистика бойынша, қалада 130 мыңнан астам адам тұрады.

2011 жылы бірнеше айға жалғасқан мұнайшылардың бейбіт ереуілі полиция халыққа оқ атқаннан кейін тоқтаған. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалар кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам зардап шеккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG