Қаңтар оқиғасы Жаңаөзенде басталып, Жаңаөзенде аяқталды. Сұйылтылған газдың аяқ асты екі есе өсуіне наразы болған қала жұрты алаңға шығып, соңынан бұл наразылық басқа өңірлерге де жайылған. Елдің өзге аймақтарында қақтығыс, қантөгіс, әкімдікті басып алу сияқты жағдайлар болып жатқанда Жаңаөзен мен Ақтау жұрты бейбіт митингіні жалғастыра берді. Экономикалық талап саяси ұранға айналып, жұрт биліктің толық кетуі мен парламенттің тарауын талап етті.
2011 жылғы Жаңаөзен қырғынын еске алған жұрт "бейбіт митингінің қандай болатынын дәлелдейміз, арандатуды болдырмаймыз, әкімдік ашық жатса да ішіне кірмейміз, бүлдірмейміз" деумен болды. Алаңда киіз үй тігіп, ту орнатты, әнұран айтып, билікке талап қойды. Маңғыстаудағы Азаттық тілшісі көрген "бейбіт митинг" қандай?
3 ҚАҢТАР. АҚТАУ. АЛҒАШҚЫ КЕТТЛИНГ
Маңғыстау облысының орталығы – Ақтауға 3 қаңтар таңертең жеттім. Орталық алаңда отыз шақты адам тұр екен. Бірді-екілі орта жастағы ер адам болмаса, қалғаны 20-25 арасындағы жас жігіт.
Алаңның көше жақ бетін полиция қоршауға алыпты. Арнайы жасақ киімін киген бір топ адам автобусқа отырып кетіп бара жатты.
– Түнімен тұрдық. Кеше осы жерде полиция кеттлинг жасады. Жолдың үстінен алаңға қарай тықсырып әкелді. Қоршауда қалдық. Әжетханаға бара алмадық. Бәрібір тарқамаймыз дедік. Кеше мыңның үстінде адам болып еді, таң атқанша қалғанымыз – осы, – деді тұрғандардың бірі.
– Газдан бөлек, азық-түлік, коммуналдық қызмет бағасы да өсті. Ең соңғы нүкте жанармай болды. Біздің сөзімізге ешбір басшы назар аудармады, түсіндіруге келмеді, – деді тағы бірі.
ЖАҢАӨЗЕН. АЛҒАШҚЫ САЯСИ ТАЛАП
3 қаңтар түс мезгілінде Жаңаөзенге жеттім. Қала әкімдігінің қапталындағы ашық алаңқайға жиналған жұрттың қарасы едәуір көрінді. Үш мыңға жуық болар деп шамаладым.
Жиналғандар автокөлік газының литрі 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттағанына қатты наразылық білдірді. Олар жанар-жағармай бағасын өсірсе, ең төменгі жалақы мен зейнетақыны да көбейтсін деген талап қойды. Қала тұрғындары аймақтағы көліктің 90 пайызы газбен жүретінін, сондықтан оның бағасын көтеру несиеге көлік алып, адам тасып күн көріп отырған отбасыларға ауыр тиетінін айтты.
Ортаға шығып ашына сөйлегендердің көбі тұрмыстың қиындығын, бұдан әрі шыдай алмайтынын айтып жатты:
– Зауыт ескірді дейді. Отыз жылдан бері не істеп жатыр?! Жылдан жылға күнкөріс қиындап барады. Базарға барсаң баға ұшып тұр. Жекеменшік газ бекеті көп. Жапсын бәрін. Мемлекетке қарайтын, бір баға қойылған мекеме ашсын!
– Бізге "сөйлеме" дейді. Ашынып болдық. Неден қорқамын? Алса, алып кетсін! Мұнай да өзіміздікі, газ да өзіміздікі. Баймыз ғой, тек сөз жүзінде баймыз!
Жиналған жұрт газ бағасына қатысты тығырықтан шығудың түрлі жолын ұсынып жатты. Газды электронды аукционға шығармай, зауыттан тікелей сату туралы да ойлар айтылды.
Жаңаөзен митингісі лидерлерінің бірі Жоламан Сейілов әлеуметтік-экономикалық проблемалардың ар жағында жергілікті әкімдерді сайлау мәселесі тұр деді.
– Облыс, қала әкімдерін өзіміз сайлауымыз керек. Астанадан келген ақсаусақ, қуыршақтар керек емес, – деді ол.
Наразыларды қаладағы ең ірі мұнай өндіруші мекеме "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшылары да қолдады. Бейбіт митингінің тағы бір лидері Күнсұлу Әйтешова жеке өзінің жалақысы жақсы, әлеуметтік проблемасы жоқ екенін, бірақ бәрібір елдің талабын қолдап шығып тұрғанын айтты.
– Мен шалқып өмір сүріп, көршім қатқан нанға зар болып жатқанда тамағымнан қалай ас өтеді? Мұнайшылар қаласы емес бұл. Көп адам тентіреп жүр, – деді ол.
МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ, РУХТЫ ЖЫР, ДӘСТҮРЛІ ӘН
Ертесіне алаңға келсем наразылық митингі емес, мерекелік шара өтіп жатқандай әсерде қалдым. Алаңда мыңдаған адам. Жас та, кәрі де, бала-шаға да осында. Микрофон да, дауыс күшейткіш те бар.
"Біз билікті қолымызға аламыз, астымыздағы мұнайдың байлығын өзіміз игереміз" деп ұрандаған жұрт бірінен соң бірі тәртіппен сөйлеп, жұртты жиналуға үндей берді. Адамдар көптен күткен арманы орындалғандай, "халық билігі орнағандай" эйфориямен жүр.
Сөйлеймін деген адамдар "Президент кетсін!", "Парламент тарасын!", "Әділ сайлау өтсін!" деп ұран тастап, халық оларды қызу қолдап жатты.
Арасында ұраннан жалыққан жұрт "Рухты жырлар оқиық" деп, түрлі патриоттық өлеңдер, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы жырлар оқып, қиқулап отырды. Оқушылар келіп, дәстүрлі әндер орындады.
Жел соғып, күн салқын болып тұрғанына қарамастан, қариялар да келіп, ән тыңдап, сөз сөйледі. Мен сөйлескен тұрғындардың көбі билік өзгереді, өмір жақсарады деген сезіммен жүргендей, өзгерген жаңа өмірге еніп кеткендей әсерде еді.
"Біз жалғыз емеспіз, бүкіл Қазақстан бізді тыңдап, үміттеніп тұр, біз кетсек басқалар да кетеді, мақсатымызға жеткенше тұрайық!" деп үндеп жатқандар көп болды.
Біраздан соң белсенділер алаңдағы шараны ұйымдастыру мәселесімен нақты айналыса бастады. "Бейбіт митингіні қорғау қорын" құрған олар киіз үй жалдап, тамақ пісіруге ақша жинай бастады.
– Мәдениетті екенімізді көрсетейік! Жерге қоқыс тастамаңдар! Бәрін жинап жүріңдер! – деген сөздер жиі айтылды. Арасында алаңда көшені сыпырып, тазалап жүргендер де байқалды.
Жұрттың бір үрейі – арандатушылар болды. 2011 жылғы қанды қырғынды қайта-қайта еске салған сөйлеушілер арандатушылар болса, бірден ортадан алып кетуді ескертіп ұрандап жатты.
– Арақ ішкендер болса, алаңнан кетсін! Сақ болып тұрайық! – деді бір белсенді.
Қазақстан бойынша интернет өшіп қалған соң наразы жұрт секем алып, билікке байланысты қосу жөнінде талап қоя бастады. "Басқа қалалардан ақпарат алуға мүмкіндік берсін! Ешкімге тиіспесін!" деп айқайлағандар көп болды.
Бір уақытта жиналған жұрт көрші тұрған бір үйге сым жалғап, алаңға модем тартты. Жұрт интернет келгеніне қуанып үлгермеді, әлгі үйдегі байланыс та өшіп қалды.
Кеш бата киіз үйлер тігіліп, ошақ қойылды. Қазан асылып, ыстық шай таратыла бастады. "Көп жиналайық, жемқорлардан тиесілі дүниемізді қайтарып алайық" деген сарында сөз сөйлегендер көбейе түсті.
"БІЗДІҢ МӘСЕЛЕМІЗ ТЕК ГАЗБЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ"
Сейсенбі, 4 қаңтарда ірі мұнай компаниялары жұмысты тоқтатып, митингіге үн қосты. "Бөкен" базары сатушылары да Жаңаөзендегі орталық алаңға келіп, базарды жапқанын айтты. Жедел жәрдем қызметінен келдік дегендер алаңдағы жұртпен бірге екенін жеткізді. Торт және басқа да тамақ пісіретін кәсіпорындар өнімдерін әкеліп таратты.
Бір кезде митингіде тұрған жұртқа газдың қымбаттауына байланысты Нұр-Сұлтанда вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған арнайы комиссия құрылды деген ақпарат жетті. Олар комиссия өкілі бірден ел арасына келеді, мәселені алаңдағы жұртпен бірге талқылайды деп күтті. Бірақ ешкім келмеді. Қас қарая комиссияның Ақтауда өткен отырысына қатысқан Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттары келді. Олар елдің талабын жеткізгенін, газ бағасы 50 теңгеден аспауы тиіс екенін айтты.
Митинг лидері Күнсұлу Әйтешова арнайы комиссияның Жаңаөзенге келместен газ бағасын төмендету туралы шешімі жеңіс емес деді.
– Біздің мәселеміз тек газбен шектелмейді. Ол – тек бір себеп қана. Жазықсыз жазаланғандарды шығарсын! Шал кетсін! Екі жүз нөкерімен бірге кетсін. Жүйе өзгеруі керек! – деді ол.
Митингіге шыққан халықтың легі кешке карай шамамен он мыңнан асты. Жиналгандар Қазақстандағы барлық қалалалар митингіге шығып, өздеріне қолдау білдіріп жатқанын айтып, көңілдері көтеріле түсті.
– Ақ түйенің қарны жарылатын күн де алыс емес, жігіттер, билік кетсе, мұнай байлығы өз қолымызға тиеді! – деді сөйлегендердің бірі.
Түн ортасына таман жиналғандарға зейнеткер Смағұл Қонысбай келді. Ол үкіметті ауыстыру үшін олармен тең сөйлесе алатын білімді, көзі ашық лидерлерді бүкіл Қазақстаннан жинауды ұсынды.
– Қазақстанның әр өңірін бір лидері басқаруы тиіс. Интернетті өшіре берсін. Былай видеоға түсіріп президентке талап-үндеу жібереміз. Өз еркімен орнын босатсын. Содан соң уақытша үкімет құрып, депутат сайлауымыз керек. Онсыз көгермейміз, – деді ол.
АҚТАУ. ЖЕҢІС ЖАҚЫН
5 қаңтарда Ақтауға қайтып келдім. Мұнда да алаңда қарақұрым халық. Дәл Жаңаөзендегідей атмосфера.
Дүйсенбіде алаңда болған отыз жігіттің орнын енді шамамен 20 мыңға тарта адам басқан. Облыс әкімдігі орналасқан орталық көше жабылып, ол жерге бірнеше киіз үй мен палатка тігілген. "Жеңіс жақын" деп желпінген жұрт алаңға ағылып жатыр.
Алаңдағы жұрттың бейресми лидері – Әмин Елеусіновтің сөзі басшының сөзі сияқты, халықпен кеңесіп, ұйымдастыру, қауіпсіздік мәселелерін шешіп тұр. Белсенділердің айтуынша, алаңда "тәртіп орнату" мақсатында Алматыдан келген әскерилер митинг талаптарына көніп, халықты қолдаған.
Елеусінов сол топты трибунаға шығарып, командирімін деген адамға сөз берді. Ол елмен бірге екенін, халыққа оқ атпайтынын мәлімдеді. Бұл хабар жиналған жұртшылықты одан сайын қуантып, жігерлендіре түсті.
Алаңдағы жұрт бұл түні де тарқамады.
БОКСШЫ БАСТАҒАН ТОП. ЕЛЕУСІНОВТІҢ ЖОҒАЛУЫ
6 қаңтар таңертең алаңда тұрғандарды таратып жіберуге ұмтылғандар көбейді. Әдеттегідей жиналып, пікір айтып тұрған елдің арасына сағат 11-лер шамасында боксшы Әділбек Ниязымбетовпен бірге оншақты жігіт атыла кірді. Бірден трибуна маңын қоршап алған олар: "Біз ҚДТ-ға қарсымыз!", "Қантөгіске жол бермейміз!" деп ұрандай бастады. Митингіде тұрған топ оларға секемдене қарады.
Олармен сұхбаттасуға тырысқаным сол еді, біреуі "қазір телефоныңды жұлып аламын" деп айбат көрсетті. Сәлден соң ортаға Әмин Елеусінов шығып еді, әлгі топ оған тұра ұмтылды. Өзін салмақты ұстаған Елеусінов трибунаға шығып оларды кінәламайтынын, түсініспеушілік деп қабылдайтынын айтып, сабырға шақырды.
Бұл қалада интернет желісі сөнген төртінші күн еді. Осы күндері Алматыда оқ атылып, ғимараттар өртеніп, аласапыран болып жатқан. Бұл оқиға жұртты алаңдатқанымен, бейбіт митингіге деген сенімін арттыра түсті.
– Біздің бейбіт митингімізді әлем көрсін! – деген жұрт басқа өңірлерде арандатушыларға ерік берілді деген болжам айтты. Сондай-ақ олар президенттен бейбіт халыққа оқ атпауды, қудаламауды талап етті.
Бұл түні де қарақұрым халық Ақтаудағы алаңды тастамады. Бірақ 7 қаңтарда Әмин Елеусінов жұрт алдына келмеді. Есесіне "газ бағасы түсті, үкімет ауысты, енді тарқау керек, әйтпесе соңы қантөгіске апаруы мүмкін" деген кешегі топ шапшаң қимылдап, тігулі киіз үйлерді жинап, трибуна ретінде пайдаланылған көлікті және басқа заттарды әкете бастады.
Бұл бірнеше күннен бері тұрған, киіз үйлерді тіккен адамдардың наразылығын туғызды. Дегенмен олар алаңда төбелес болып кетпесін деп ештеңеге араласпай қарап тұрғандай болды. "Біздің талабымыз орындалмады. Саяси жүйе өзгермеді. Біз Тоқаевтың кетуін талап етеміз" деген наразы топ дереу ұйымдасып басқа киіз үй әкеліп қайта тікті. Тағы да дауыс күшейткіштер, трибуна ретінде пайдаланылатын "Газель" көлігі жеткізіліп, жұрт "аяғына дейін шыдайық" деп серттесіп жатты.
Алаңда қалған белсенді жұрт арнайы кезекшілік қойып, митингінің бейбіт өтуіне күш салу керек деп ұйғарды. Дегенмен жиналған жұрттың қарасы біраз азайып қалған еді.
ДЕПУТАТТАР МЕН ИМАМ. ҚҰРАН ОҚУ
Тағы да бейбіт жиналып, түнімен тарқамаған жұртқа 8 қаңтарда таңертең мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев келді. Олармен бірге имам мен жергілікті ақын Светқали Нұржанов жүрді.
Митинг лидері Әмин Елеусінов бұл күні де халық арасынан көрінбеді. Оның ғайып болуы елдің алаңдаушылығын туғыза бастаған. Кейін Елеусіновтің қайда жоғалып кеткенін оның бұрынғы серіктесі, ОСС компаниясы кәсіподағы лидерінің бірі Мақсат Таспаев айтып берді. Оның сөзінше, 6 қаңтар кешкісін "біреулер машинасының терезесін кірпішпен сындырып, оны күштеп алып кеткен". Содан бері оны көрген ешкім болмады.
Бұл күні депутаттармен бірге келгені бар, басқасы бар, "тарайық", "елде тыныштық болсын" деп сөйлегендер көбейе бастады. Тіпті мұның алдында "биліктегілер орнын босатсын" деп жүргендер "президент орнынан кетсе, елде хаос болады", "бұл жағдайды біреу пайдалануы мүмкін" деген пікір айтып жатты.
Депутат Еділ Жаңбыршин де елді тарауға шақырды:
– Бүгін – жұма. Біз бүгін күнә жасамауымыз керек. Бүгін біз осы жерде фитна жасамауымыз керек. Қазір бір адамдай болып тарауымыз қажет. Мұнайшылар жұмысына баруы тиіс, – деді ол.
Бұдан соң уағыз айтып, тарауды сұраған имам алаңда құран оқыды.
Митингіні таратпақшы болған топ депутаттардың қасында тағы жүрді. Бұл жолы олардың қарасы мол болды. Олар әдеттегідей жедел қимылдап, тігілген киіз үйлерді жығып, қазан-ошақты жинай бастады. Бұл жолы да ол мүлікті алып келген адамдар, бейбіт тұрғындар қарсылық білдірмеді.
"ҚУЫП ТАРАТУ"
Дыбыс күшейткіштер, трибуна – бәрі кеткен соң алаңда абыр-сабыр болып кетті де, жиынның мәнісі кетіп, бірнеше күн тұрған жұрттың көбі тарай бастады.
Бірақ "талабымыз оындалмады" деген біраз адам кете қоймады.
– Орындалғаны – газ бағасының 50 теңгеге түскені болар. Оны да 180 күнге ғана бекітіп отыр. "Президент кетсін" деген талап орындалған жоқ. Президент болсын, үкімет болсын түгел кетсін дедік. Назарбаевтың сорпасын ішкендердің ешқайсысы билікте қалмауы тиіс. Ал Тоқаев біздің талабымызды тағы да естімеді. Халықпен диалогқа келмеді. Тым болмаса телекөпірмен де сөйлессе болар еді. Оны жасаған жоқ. Бізді қойшы, 300 км жерден келген мұнайшылар не күйде тарқады екен? – дейді Лаура Қаужанва.
Басқа жиналғандар президенттің ҰҚШҰ әскерін шақырған әрекетін сынап, айқайлап жатты. "Бейбіт жиынды халықтың қалауынсыз қуып таратты" деген оншақты адам алаңнан кетпеді. Жай киім киген белгісіз адамдар қайта-қайта қасына барып, алаңнан кетуін талап етумен болды.
– Үкімет ауысып, Тоқаевтан бастап бәрі кетуі керек. Халық басшыны өзі сайлауы керек. Біз қарапайым халық сол үшін қанша күн түнімен тұрдық, – деді Қайырғали Түгелбаев.
Жаңаөзенде наразы жұрттың көбі тарады, алаңда ондаған адам қалды
8 қаңтарда Жаңаөзендегі митинг те осылай таратылды.
– Бұрғылау мекемесінің бұрынғы кәсіподақ төрағасы Сәкен Бекәлиев пен екі жүздей жас жігіт келіп, тарауды талап етті. Біз кетпедік. Кейін әкім келіп, ешкім қудаланбайды деп тарауды сұрай бастады, – деді митингіге қатысушылардың бірі.
Бірақ жиналғандар бірден тарап кетпеген. Онда да 40-50 шақты адам кешке дейін кетпей тұрған.
– Ешқанда нәтижеге жеткен жоқпыз. Талабымыз – жүйені бейбіт жолмен өзгерту болды. Соңына дейін тұрар едік. Бірақ біреулер ортаға жік салды. Егер өзгеріс жасалмаса, бес айдан соң қайта жиналатынымызды айтып жібердік, – деді Күнсұлу Әйтешова.
Осылайша Жаңаөзенде басталып, бүкіл Қазақстанды шарпыған наразылық жиыны Жаңаөзен мен Ақтауда соңғы болып тәмәмдалды. Мұнда басқа кейбір қалалардағыдай ғимаратқа басып кіру, тонау, бұзақылық болған жоқ.
ПІКІРЛЕР