Accessibility links

Екпін Шардаров 1986 жылы жапа шеккенін дәлелдемек


Екпін Шардаров Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. 12 желтоқсан 2011 жыл.
Екпін Шардаров Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. 12 желтоқсан 2011 жыл.

Осы аптада Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты Екпін Шардаровтың арызын қарай бастады. Шардаров мектепте оқып жүрген кезде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанын, қудалау көргенін айтады.


Дәл осы сот 2011 жылы желтоқсан айында Екпін Шардаровтың арызын қараудан бас тартқан еді. Ал қаңтар айында Алматының қалалық соты оның апелляциялық шағымын қанағаттандырып, ісін аудандық сотқа қайта жіберген.

«АЛҒАШҚЫ ЖЕЛТОҚСАНШЫ ОҚУШЫ»

Сәрсенбі, ақпанның 1-і күні Түрксіб аудандық сотында Екпін Шардаровтың шағымы бойынша алғашқы сот отырысы болып, істі судья Күлейхан Боташева жүргізді. Сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде прокурор Гарай Енсенов қатысты.

Алғашқы отырыста шағым берушінің өзі мен куәгердің – оның анасының айтқандары тыңдалды. 1970 жылы туған Екпін Шардаровтың айтуынша, ол 1986 жылы мектепте оқып жүрген кезде Желтоқсан оқиғасына қатысып, жарақаттанып, соныс кесірінен салдарынан мүгедек болып қалған. Оған қоса осы оқиғаға қатысқаны үшін комсомол ретінде ірі айыппұл төлеген.

Сәрсенбілік сотта Екпін Шардаровтың адвокаты әрі ағасы Сәкен Шардаров сотқа
Екпін Шардаровтың адвокаты Сәкен Шардаров. Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл.
Екпін Шардаровтың адвокаты Сәкен Шардаров. Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл.
анықтамалар көрсетіп, ол құжаттар інісінің «сөзін растайтынын» айтты.

Сәкен Шардаровтың айтуынша, «Екпіннің 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде жарақат алып, айыппұл төлеуі – бауырына жасалған қуғынның белгісі».

– Мұнда Екпін Шардаровтың бейбіт жиынға қатысуға қатысты конституциялық құқығы бұзылғаны анық көрініп тұр. «Конституциялық» деп айтып отырған себебім – ол кезде митингтер туралы арнайы заң жоқ болатын. Ал Қазақ ССР конституциясында мұндай құқық түрі жазылған, – дейді Сәкен Шардаров.

Сәкен Шардаров соттан Екпін Шардаровты осы құжат негізінде қуғындалған азамат ретінде танып, оны реабилитациялауды өтінді.

Сот отырысына үшінші жақ ретінде қатысқан «Желтоқсан-86» қоғамдық ұйымының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс өзі басқаратын ұйымға «желтоқсаншы» Екпін Шардаровтың мүше екенін айтты.

– Мені және Желтоқсан оқиғасының өзге де қатысушыларын түрмеге отырғызған
"Желтоқсан-86" қоғамдық ұйымының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс. Алматы, 1 ақпан 2012 жыл.
"Желтоқсан-86" қоғамдық ұйымының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс. Алматы, 1 ақпан 2012 жыл.
кезде көтеріліске, тек студенттер мен жұмысшы жастар ғана емес, жоғары сынып оқушылары да қатысқанын естіп жаттық. Егер Екпін өзінің мектеп оқушысы ретінде көтеріліске қатысқанын сотта дәлелдей алса, онда Желтоқсанға қатысқан ең алғашқы оқушылардың бірі болады. Өйткені оған қатысқан өзге де мектеп оқушыларын білемін, – дейді Гүлбаһрам Жүніс.

Бұдан кейін судья Күлейхан Боташева Екпін Шардаровтан «1986 жылы Алматыдағы орталық алаңға баруға не түрткі болғанын» сұрады.

– Мен осы сот ғимараты маңындағы мектеп-интернаттың 10-сыныбында оқып жүрдім. Желтоқсанның 16-сы күні Қонаевтың орнына сырттан қазақстандық емес бір азаматты қоюына қазақ жастарының алаңда қарсылық танытып жатқанын естідім. Біртүрлі болып қалдым. Келесі күні мұны сыныптастарыма айттым. Сосын алаңға бармақ болдық, – дейді Екпін Шардаров.

Ол «алаңдағы оқиғалардың бел ортасында жүргенін» айтты.

— Кенет бізге қолдарында күрек пен арматураұстап алған жазалаушылар төніп келе жатты. Балалар жан-жаққа қаша бастады. Бір қарасам, айналамда ешкім жоқ. Мен де қашпақшы болдым, бірақ осы сәтте басымнан қатты соққы тиіп, тәлтіректеп қалдым. Бір кезде басымнан аққан жып-жылы тамшыны сездім. Сөйтсем, бұл қан екен, – дейді Екпін Шардаров.

Сотқа Екпін Шардаровтың анасы Күләш Үсейінова куә ретінде қатысып сөйледі. Ол сот барысында «толқып тұрғандықтан қан қысымы көтеріліп кеткенін, сондықтан судьяның сұрақтарын нашар естіп тұрғанын» ескертті.

Ол сонымен бірге судьядан қазақша сөйлеуге рұқсат сұрады. Дәл осы мезетте сот залында шағын үзіліс орнады. Өйткені отырыс әу-бастан ақ орыс тілінде өтіп келе жатқан болатын.

Күләш Үсейінова сөзін 1986 жылы 16-17 желтоқсан күндері Алматының орталық алаңында не болып жатқанын білмегенінен бастады. Оның айтуынша,
Екпін Шардаровтың анасы Күләш Үсейінова. Алматы, 1 ақпан 2012 жыл.
Екпін Шардаровтың анасы Күләш Үсейінова. Алматы, 1 ақпан 2012 жыл.
желтоқсанның 17-сі күні таңертең перзентханадағы жұмысына келген кезде «орыстардың қабақтарын түйіп жүргенін» аңғарып қалған. Бірақ бұған аса қатты мән бермеген. Тек кешке қарай, үйіне Екпін қансырап жеткен кезде «ұлтаралық деңгейде бірдеңе болғанын» бір-ақ түсінген.

– Ол өзінің қан-қан болған курткасын еденге лақтырып: «Мама, алаңға барма! Онда орыстар қазақтың әйелдерінің шаштарынан сүйреп алып жерге лақтырып жатыр!» деп өксіді, – дейді Күләш Үсейінова.

Оның айтуынша, баласы қайдан жарақаттанғанын айтпай қойған. Алайда ол сезіктеніп, ауруханаға баруға қорыққан.

– Мен өзім дәрігермін. Оның басындағы жара – тілінбеген, ауыр затпен ұрғаннан болған жарақат. Сондықтан мен оны тікпеуді жөн көрдім, «кейін өзі бітіп кетеді, жас қой» деп ойладым. Сөйтіп, әуелі жараны сутегі тотығымен емдеп, кейін йод жағып, таңып тастадым, – дейді Күләш Үсейінова.

Анасының айтуынша, Екпін мектепте үздік оқыған. Бірақ Желтоқсан оқиғасы кезіндегі жарақат салдарынан денсаулығы бірте-бірте сыр бере бастаған. Ал институтқа түскенде бастаған оқуын жалғастыра алмай, кейін мүгедек болған.

Ал Сәкен Шардаров Екпіннің мектепте оқып жүрген кезде алған мақтау қағаздарын сотқа көрсетті.

«КГБ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ҚАЛАЙ СӨЙЛЕСУ КЕРЕК»

Судья Күлейхан Боташева Екпін Шардаровтан «Желтоқсан оқиғасына қатысқаныңызды естіген кезде мектептегі оқушылар мен мұғалімдер не деді?» деп сұрады. Екпін Шардаровтың айтуынша, мұғалімдердің басым бөлігі оны қолдаған.

– Мен қазақ мектеп-интернатында оқыдым,. Оның үстіне бұл аудан бойынша жалғыз мектеп болды. Мектептегілердің барлығы қазақ болды – оқушылар да, мұғалімдер де. Біз құдды үлкен отбасы сияқты едік. Мұғалімдер бізге қолдау көрсетіп қана қоймай, КГБ қызметкерлерімен қалай сөйлесу керек дегенді үйретті. Біз солай істедік. Ешқайсымызды мектептен қуған жоқ, бірақ комсомол ретінде қатаң жазаландық. Тіпті кейбірімізді комсомол қатарынан шығарып тастады. Көбінесе мұғалімдер зардап шекті, – дейді Екпін Шардаров.

Екпін Шардаровтің айтуынша, Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін оның досы
Серік Ембергенов (сол жақ шетте) Сәкен Шардаровпен (оң жақ шетте) сөйлесіп тұр. Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл.
Серік Ембергенов (сол жақ шетте) Сәкен Шардаровпен (оң жақ шетте) сөйлесіп тұр. Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл.
және сыныптасы Серік Ембергенов комсомол қатарынан шығарылған. Ол алғашқы сот процесіне куә ретінде дәл осы азаматты шақырғанын да айтты. «Бірақ Ембергенов іссапарда жүргендіктен сотқа келе алмады. Бәлкім, келесі сот отырысына келіп қалар» деді Екпін Шардаров.

Бұрындары Азаттық радиосына сұхбат берген Екпін Шардаров өзі оқыған мектеп-интернат оқушыларының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанынан әсіресе мектептің бұрынғы пионер жетекшісі Ләззат Сраилова мен сол кездегі мектеп директорының орынбасары Жәкім Қоңқаевтың қатты зардап шеккенін айтқан еді.

Екпін Шардаров сотта Ләззат Сраилованы да процеске куә ретінде шақырғанын айтты, «алайда ол түстен кейін репетиторлықтан қолы босамайтынын айтып келе алмады» деді.

Ләззат Сраилова бұрындары Азаттық радиосына өзін комсомолдан шығарып, тіпті мектептен қуып жібере жаздағанын айтқан еді. Оның айтуынша, өзін ұлы құтқарып қалған. Ләззат Сраилованың сөзінше, осы мектепті «басқаратын» кейбір мемлекеттік шенеуніктер оны «ұлтшыл» деп атаған.

Ал бұрынғы мектеп директорының орынбасары Жәкім Қоңқаев та, Сәкен Шардаровтың айтуынша, партия мен жұмыстан қуылған. Ал қазір ол кісі бұл оқиға туралы «принципті түрде әңгімелескісі келмейді».

– 1996 жылы Екпіннің ісі бойынша куәларды іздестіре бастаған кезде Жәкім Қоңқаев өзінің мектебіндегі бірнеше оқушының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны туралы жазбаша түрде баяндап беруге келіскен болатын. Осы бірнеше оқушының арасында Екпін де болды, – дейді Сәкен Шардаров Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, ақпанның 13-і күні өтетін келесі сот отырысына басқа да куәлар қатысуы керек.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG