Accessibility links

Рахат Әлиев пен Ақорданың “құпияларды әшкерелеу соғысы” жансыздардан (сексотттардан) тазартуға серпін берді


“Компроматтар соғысында” Рахат Әлиевке қарсы қатарынан екі соққы берілді. Ол 1986 жылдан бастап КГБ-ның сөз жеткізушісі болған көрінеді, ал кейінірек "Хамас" ұйымымен байланыста болған делінеді. Азаттық радиосы осы тұрғыда өз зерттеулерін жүргізген еді.

“Компроматтар соғысын” бастаймын деп Рахаттың өзі от астында қалды

Рахат Әлиевтің өзінің бұрынғы қайын атасы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жүйесіне қарсы әшкере мәліметтер жариялау соғысы қарсы шабуылға тап болып отыр. Репутациялары күмәнділеу болып көрінетін екі бірдей интернет сайтта бір мезгілде, ағылшын және орыс тілдерінде, әшкерелу материалдары жарық көрді. Оның бірінде люстрацияны жақтаушы және сексоттарды әшкерелеуші Рахат Әлиевтің өзінің КГБ-ның құпия агенті болғаны турасында айтылады.

Мұндағы жаңа компроматтарда қазақ қоғамын КГБ/ҰҚК жансыздарынан тазарту жолында күрескер болып жүрген Рахат Әлиев Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ізінше-ақ, тіпті республикалық емес, КСРО КГБ-сына астыртын жұмыс істеуге тартылып, өз еркімен жансыздық жасауға қолхат бергені туралы жазылған. Ол тұста Рахат Әлиев Мәскеудегі Медициналық институтта білім алып жүрген екен.

Еске саларлық маңызды нәрсе - құпия деректерді әшкерелеу соғысын бірінші болып Рахат Әлиев бастаған. Оның өзі бірінші болып қазақ қоғамын КГБ-ның жансыздарынан тазарту қажеттігін көтерген еді.
Рахат Әлиев өзінің интернет сайтында 2008 жылдың 3-ші сәуірінде жариялаған “Люстрация туралы” мақаласында барлық жансыздар мен сөз тасушыларын анықтау үшін, олардың мемлекеттік басқару жүйесінде, білім саласы мен ақпарат құралдарында жауапты қызмет атқаруына тыйым салу үшін “архивтерді ашуға” шақырған болатын.

Бұл айтқандарына сендіру үшін Рахат Әлиев өзі бір жылдай басқарған Алматы қаласы мен облысындағы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Департаментінен және кейінірек ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болып тұрған кезінде осы мекемелерден жиналып, Австрияға алып кеткен “жеке архивін” аша бастады.

Жоғарыда аталған өзінің “Люстрация туралы” деген мақаласында Рахат Әлиев алдымен академик ғалым Төрегелді Шармановты "әшекереледі". Кейінірек өзінің орнына ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан елшісі болып Венаға барған Қайрат Абдрахмановты КСРО кезіндегі КГБ-ның құпия тыңшысы болды деп "әшкерелеп", олардың жасырын лақап аттарын да жариялады.

Бұдан соң Тәуелсіз зерттеулер агенттігі деп аталатын әлдебір агенттік «1986 жыл. Ағынан жарылмаса кешірім жоқ...» деген атаумен берілген тізбекті материалдарда 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғалары жөніндегі Рахат Әлиевтің жеке мұрағатынан алынған деректерді жариялай бастаған. Оның алғашқы үш бөлігінде сол жылдары КазССР-нің Министрлер Кабинетін басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жастарының толқуын қатыгездікпен басып тастаудағы шынайы рөлі көрсетіледі.

“Данко” агентін әшкерелеуге жауап ретінде “Павел” деген агент пайда болды

Тәуелсіз зерттеулер агенттігі осы жылдың қараша айында “Данко" есімді КГБ-ның құпия тыңшысының "сатқындығының дәлелдерін" жариялады да, ізінше әлгі астыртын ақпарат тасушы болған адамның аты мен оның анкетасы және органға қызмет ету жөніндегі келісімі туралы ақпараттарды жарыққа шығарды. Бұл құжаттарға қарағанда «Данко» есімді құпия тыңшы ЕҚЫҰ-дағы қазіргі Қазақстан елшісі Қайрат Әбдірахманов болып шықты.

Азаттық радиосы тілшілерінің Қайрат Абдрахмановтың өзінен қандай да бір түсініктеме алмақшы болған әрекеттері нәтиже бермеді. Дегенмен де елші Абдрахманов билік жағындағы мемлекеттік, ресми басылымдар емес, қудалануға түсіп жүрген оппозициялық "Тасжарған" газеті арқылы жауап берген екен. Аталған газеттің 2008 жылғы 3 желтоқсандағы санында елші Абдрахмановтың Рахаттың жазғандарын қоғам назарын өзінің қылмыстарынан басқа жаққа аударуды көздеген "нағыз сорақы өтірік" деп атаған хаты жарияланды.

Қайрат Абдрахманов өзі туралы жарияланған мәліметтер қолдан жасалған дей келе, Желтоқсан оқиғасына қатысып, репрессияға ұшыраған Ермұхан Қуандықовты ешқашан сатпағанын, Британияда қазақ оппозициясының лидері Әкежан Қажыгелдинге қарсы арнайы операцияларды ешқашан орындамағанын айтады.

Елші Абдрахмановтың өзі туралы әшкерелеу мәліметтерді ресми жоққа шығару хаты жарияланғаннан кейін бір апта өткен соң 10 желтоқсанда тура сондай компромат интернет сайтта Рахат Әлиевтің өзіне қарсы жарияланды.

Алдымен белгісіздеу сайттардың бірінде Рахат Әлиев Таяу Шығыста орын тепкен кейбір исламдық ұйымдардың астыртын қызметтеріне қолдау көрсетті деген мақала жарық көрді.

Осыдан соң екі күн өтісімен, қазақстандық сайттардың бірінде елші Абдрахманов туралы жария болған материал сияқты КГБ жансызының досьесі делінген бір материал жарық көрді. Мақалаға бірқатар құжаттар көшірмесі тіркелген: онда агенттің өз еркімен құпия жағдайда мемлекеттік қауіпсіздік органдарына көмек көрсетуге дайындығы жөніндегі қолхат, агенттің анкетасы және “В” әрпімен көрсетілген жеке құжатпен 1962 жылы 10 желтоқсанда туған Рахат Мұхтарұлы Әлиевтің “Павел” деген лақап аты тіркелген.

Ал бұл құжаттардың қаншалықты шынайылығына қатысты сауалдар бойынша Азаттық радиосы бірқатар сарапшылар мен мамандардың пікірін сұраған еді. Мұнда назар аударатын маңызды мәселе біріншіден, “Павел” деген жансыз КСРО-ның КГБ-сына астыртын қызмет етуге Мәскеуде тартылды делінуі, екіншіден ол кездегі КГБ-ның заңды мұрагері Ресейдің қазіргі Федералдық қауіпсіздік қызметі болып отырғаны. Әлбетте, бұрынғы КГБ-ның барлық құжаттары тек Ресейдің қауіпсіздік қызметінің мұрағатында сақталады.
Сондықтан да, Рахат Әлиевке қатысты компроматтың ізі Ресейге, оның Федералдық қауіпсіздік қызметіне апарады.


Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің басшысы Кенжеболат Бекназаров Рахат Әлиевке қатысты жаңа әшкерелеуші құжаттармен таныс екендігін жоққа шығармады. Алайда мұндай құжаттарға ешқашан, ешкімнің түсініктеме бермейтіндігін де ескертті. Сондай-ақ Бекназаров: “Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мұндай ақпараттарды берген емес” деді.

Компроматтар табиғаты КГБ-ның Қытаймен жұмыс істейтін бөліміне жетелейді

Ал қазақстандық және ресейлік сарапшылар ҰҚК-нің баспасөз хатшысынан гөрі түсініктеме беруге едәуір әзір боп шықты. Қазақстан тарапынан полковник, КГБ/ҰҚК-нің демалыстағы қызметкері Арат Нармамбетов бұл іске түсініктеме беруге келісті.
Сондай-ақ Ресей тарапынан халықаралық Мемориал қоғамының ғылыми қызметкері, советтік арнайы қызмет істері бойынша ресейлік тәуелсіз сарапшы, Н.Ежов және КГБ-ның алғашқы басшысы И.Серов жөніндегі монографиялардың, сонымен бірге Ресей арнайы қызметі басшылығы жөніндегі көп томды анықтамалардың ауторы Никита Васильевич Петров Рахат Әлиевке қатысты құжаттар туралы түсініктеме беруге ықласпен келісті.

Олардың пікірінше, суреттер мен ксерокөшірмелер арқылы құжаттардың шынайы екендігін анықтау қиын. Ол үшін арнайы сараптама жүргізу қажет.
Дегенмен Петровтың пікірінше, бұл құжаттар сол заманға тән сипат пен мазмұн - пішінді байқатады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы полковнигі Арат Айнақұлұлы бұл құжаттардың табиғаты өзіне етене таныс болғандықтан, шынайы құжаттарға өте ұқсайды дейді.

Бұл қос сарапшы да Рахат Әлиев КСРО КГБ-сының 2-ші қарсыбарлау(контрразведка) бас басқармасы тарапынан астыртын жұмысқа тартылған болуы керек деп есептейді. Десе де, Петров мырза Рахат Әлиевтің қолхатына қойылған мөрдегі “6-бөлім” деген сөзге айрықша назар аударып отыр. Демек бұдан шығатын қорытынды тыңшы “Павелді” "әріптестікке" тартқан - “негізінен Қытай мәселесімен” айналысатын 6-бөлім.
“Рахат Әлиев туралы әшкерелеуші осы құжаттарды кім беруі мүмкін?”- деген сауалға Нармамбетов мырза:
“Менің ойымша, бұл іске Қазақстан ҰҚК-нің ешқандай қатысы жоқ. Себебі өзіңіз байқағандай, “Павел” туралы іс - КСРО КГБ-сының екінші бас басқармасының шаруасы. Бұл іс жабылып, 1990 жылы сол КГБ мұрағатына тасырылған болатын. Ол құжаттар мүмкін Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) мұрағатында сақтаулы болар.

Неге? Себебі КСРО құлаған кезде біздің құжаттар біздің ҰҚК-де, ал Мәскеудікі Ресей ФҚҚ-де сақталып қалған болатын. Сондықтан бұл суреттер мен ксерокөшірмелердің түпнұсқалары Мәскеуде деп ойлаймын. Олар тек сол жерден ғана берілген немесе біреулер сатып алған. Мұндай құжаттар біздің арнайы қызметтердің өтініштері бойынша тектен-текке беріле салмайды. Сондықтан бұл құжат Қазақстанға келген болса, ол құжаттарда міндетті түрде Қазақстан ҰҚК-нің қабылдап алғаны жөнінде рәсімдеу белгісі тұрар еді. Демек құжаттың пайда болуының негізгі көзі Ресейдің ФҚҚ".

Арат Нармамбетов Рахат Әлиев тек Қазақстанның ҰҚК-нің мүддесін емес, Ресейдің де ФҚҚ-нің мүддесіне тиіп кеткен болуы керек деп есептейді:

-Менің ойымша,- деп пікірін жалғастырды отставкадағы полковник Арат Нармамбетов,- “Данко” ісінің жариялануы - мәселенің сыртқы көрінісі ғана. Рахат Әлиевтің қолында талай құпия құжаттар бар. Ол Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ғана қатысты емес, сондай-ақ Ресейдің сыртқы барлау қызметі туралы талай құпияларды біледі. Демек Әлиев сол құпияларды кейбір органдарға “сатуды” бастауы мүмкін. Мұның өзі Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің де және Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де қызығушылықтарына кері әсерін тигізеді. Себебі біздің тыйым салынған, сыртқы құпия көздерді жариялау деген - өте күрделі мәселе. Сондықтан бұл қадамдар Рахат Әлиевке “байқа,”... “Венаның тұрғыны тым еркінсіп барасың”...деген ескерту боп табылады,- деді қазақстандық сарапшы.

Совет құпия қызметтері бойынша белгілі тәуелсіз сарапшы Никита Петров та осындай ойда ол: “бұл істің артында ресейлік чекистердің өздері тұр” деп атап көрсетті:
-Себебі мұндай құжаттарды сақтап, оларға иелік етіп отырған тек қана сол ресейлік құпия қызмет өкілдері-, деді Петров.

Сондай-ақ ресейлік сарапшы мынандай мәселені де қоса айтты. “Осындай мақсатта, белгілі бір тыңшыға қатысты, осы тақылеттес құжаттарды Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің жариялылыққа берген мұндай тәжірибесін бұрын-соңды білген емеспін” деді Петров.

Рахат Әлиевтің өзі бұл пікірлердің қай-қайсысын да жоққа шығарады

Журналистік зерттеу жазылып болып қлаған кезде менің әріптестеріме Рахат Әлиевтің өзінен түсініктеме алудың сәті туды. Өз сөзінде Рахат Әлиев жария болған компроматтарды жоққа шығаруға күш жұмсамайтынын, өйткені олар күдікті көрінетін, белгілі адресі мен заңды тіркеуі жоқ, сайттарда жария болғанының өзі –ақ көп жайтты аңғартады деп білетінін айтты.
"Егер бұл сайттар Батыста болса, мен олармен соттасқан болар едім қазір, ал қазіргі жағдайда сұрайтын ешкім жоқ, бұл ҰҚК-нің қолтаңбасы,"-дейді Рахат Әлиев.
Бұл құжаттардың шын мәнінде қолдан жасалғаны көрініп тұр. 1986 жылы желтоқсанда мен Мәскеу медицина институтында студент ординатор емес, дәрігер ординатор болып жұмыс істеп жүргем. Екінш бір қисынға келмейтіні, 1986 жылы құжаттарда көрсетілгендей ВЛКСМ мүшесі емес, Коммунистік партия қатарында болғанмын,-" дейді Рахат Әлиев.

Сонымен Рахат Әлиев өзінің КГБ-мен құпия әріптестік жағдайы жөніндегі мұндай құжаттар мүлде болған емес, өйткені ешқашан сексот- жансыз болған жоқпын деп мәлімдейді.

Онда Қайрат Абдрахманов туралы туралы осындай досье, оның жансыз болғаны жайындағы құжаттарды не істейміз? Егер Рахат Әлиев КГБ архивіндегі құжаттардың болу мүмкіндігін, атап айтқанда өзіне қатысты құжаттардың көшірмесін жоққа шығарса, қоғам не себепті Қайрат Абдрахмановтың құпия анкетасы мен қолхаты делінген құжаттардың электронды көшірмелерін сол қалпында, шынайы тұрғыда қабылдауы тиіс?

Бұл сауалға Рахат Әлиев өзінің қолында Қайрат Абдрахмановқа қарсы құжаттардың түпнұсқалары бар екенін, өйткені түпнұсқаларды ҰҚК-нің басшысы ретінде қолына түсіргенін айтады.
"Олай болмаған жағдайда Қайрат Абдрахманов менің үстімнен және менің сайтыма қарсы Австрия сотына арыз түсірер еді, мен Австрия тұрғынымын. Өзім оны сотқа бере алмаймын, онда дипломатиялық иммунитет бар. Ол сотқа қайрыла алмайды, өйткені қорқады,-" дейді.

Рахат Әлиев екінші ағылшын тілді сайттың да өзі туралы "Таяу шығыстағы исламдық ұйымдардың Қазақстандағы қызметіне, күйеу баласы, Палестина азаматына қолдау көрсетті" деп жазғандарын да жоққа шығарады.

Сөйтіп Рахат Әлиев пен Ақорда арасындағы "компроматтар соғысы" жаңа деңгейге көтеріліп, тараптар бір-бірін басқаша ойлайтындарға қарсы күресте КГБ-мен құпия әріптестікте болды деген айыптаулармен қаралай бастады. Енді Қазақстан қоғамында люстрация қажеттігі туралы бірінші болып журналист Сергей Дуванов айтқан идея өз-өзінен күн тәртібіне шықты. Әшекерелеуші мәліметтерді алмасудың арқасында қоғам өзінің жаңа тарихының тағы бір ақтаңдақтарын танып-біле бастады .

XS
SM
MD
LG