Accessibility links

Қазақ соты қырғыз азаматына ірі мөлшерде айыппұл салды


Александр Паленый сот залында. Алматы, 26 қазан 2010 жыл.
Александр Паленый сот залында. Алматы, 26 қазан 2010 жыл.

Медеу аудандық соты алматылық полицейлермен дауға келген Қазақстандағы қырғыз азаматы Александр Паленыйды кінәлі деп тауып, оған айыппұл салды. Айыпталушы әзірге, сот шешімін даулауға қатысты кесімді пікір айтуға асықпайды.

Қазанның 26-сы күні Медеу аудандық соты алматылық жол полиция өкілдері мен қырғыз азаматы арасында туындаған дауға нүкте қойды. Судья Дәулет Әбдіхалықов «билік өкілдерінің ар-намысына көптің алдында нұқсан келтіргені» (ҚР ҚК-нің 320-шы бап, 2-ші бөлім) үшін қырғыз азаматына 300 айлық есептік көрсеткіш – 425 мың теңге көлемінде (шамамен 2900 долларға жуық) айыппұл салды. Бұған қоса, сот оны тергеу барысында жүргізілген лингвистикалық сараптаманың да құнын төлеуді (12 мың теңге) міндеттеді.

Бұл турасында полиция өкілдерінен қандай да бір түсініктеме алудың сәті түспеді. Ал айыпталушы Александр Паленыйдың сот шешімін даулайтыны-дауламайтыны белгісіз.

– Әуелі сот шешімінің көшірмесі мен сот отырыстарының қаулылары қолымызға тисін. Қолымызда ешқандай құжат жоқ қой, сол себепті алдын-ала ештеңе айта алмаймыз. Бұған қоса адвокатымның жақын туысы қайтыс болды. Нақты қазір адвокатсыз сізге ешнәрсе айта алмаймын, - деді Александр Паленый Азаттық тілшісіне қазанның 27-сі күні.

ПАЛЕНЫЙ МЕН ПОЛИЦИЯ

Осыдан екі ай уақыт бұрын танымал Youtube интернет видео-сервисінде алматылық жол полициясы мен Александр Паленыйдың дауы түсірілген бейнежазба пайда болған еді. Кейіннен бұл жергілікті интернет-ресурстарға да таралды. Ізінше, полиция өкілдері бейнежазба иесі Александр Паленыйды «полицияны балағаттады» деп сотқа берген болатын.

Осыған дейін болған сот процестерінде прокурор Ғазиза Дәрібаева лингвистикалық сараптаманың мұны дәлелдегенін, осыған дейін істі болған Паленыйды бір жылға дейін бас бостандықтан айыруды сұраған еді. Ал айыпталушы мен қорғаушы жақ оны жоққа шығарды.

– Бейнежазбада жазылған балағаттау сөздерді ол мүлде басқа адамдарға бағыттаған. Көшеде түкіріп бара жатқан адамдарға қаратып айтты, - деді Серік Жуандықов Азаттық тілшісіне.

Соңғы сот отырысында Александр Паленый бейнежазбаны тұтастай ішкі істер департаментіне өткізгенін, тіпті Youtube пен ақпарат құралдарына да таратпағанын айтты. Қорғаушы жақтың түсіндіруінше, бұл бейнежазбаны қызық үшін Youtube-ке Паленыйдың достарының бірі орнатқан. Осылайша ғаламтор бетінде тарап кеткен. Дегенмен сот шешіміне қарағанда мұның бәрі ескерілмегенге ұқсайды.

Қыркүйектің ортасынан бері Алматы қалалық ішкі істер департаментінің уақытша қамау изоляторында отырған Александр Паленый кеше ғана босады. Бірақ сот міндеттеген айыппұлды төлемей, одан қаладан кетпейтіндігі жайында қолхат алынып отыр.

Сот отырысында қорғаушы жақтан Александр Паленыйдың Алматыда нашақорлармен күресетін «Ангел-оберег» қорын басқаратынын, Қазақстанда 15 жылдан бері тұрып келе жатқан Қырғызстан азаматы екенін білдік.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG