Accessibility links

Қарқаралыдан алтын бұйымды адам жерленген қорған табылды


Археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қарағанды облысы. Шілде 2010 жыл.
Археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қарағанды облысы. Шілде 2010 жыл.

Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданына қарасты Талды кентінің маңынан біздің дәуірімізге дейінгі ҮІ-Ү ғасырдағы қорған табылды. Қазба жұмыстарынан табылған қорған ішіндегі алтыннан жасалған бұйымдар саны 40 - тан асады. Ғалымдар бұл ескерткіштерді Сақ дәуіріне жатқызып отыр.

Ені - бір жарым метр, ұзындығы үш жарым метрге жететін қорғаннан адам сүйегі табылды. Оның жасы 40-45-тер шамасы деп болжанып отыр. Мәйіт тастан қаланған табытпен жерленіпті. Табыттың үсті жабылған ағаш тақтайдың осы заманға дейін шіріп кетпей сақталғанына ғалымдар таңданып отыр.

Табылған алтын әшекей бұйымдардың көбі ер адамның сауыт сайманына ұқсайды. Археологиялық олжаның арасында қыран құстың басы бейнеленген дулыға іспеттес бұйым және көптеген киімге тағылатын әшекей заттар бар екендігі хабарланып отыр.

- Бас-аяғы алтыннан жасалған 42 ірі бұйым табылды. Қырықтан астам әшекей тағы бар. Қазір біз шамамыз келгенше ала алған заттарымызды көлікпен Қарағанды қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына әкеле жатырмыз. Қорғаннан табылған тарихи жәдігерлердің барлығы мұражайға жеткізілетін болады. Сонымен қатар әлі де зерттеу жұмыстары жүргізілмек,- дейді Азаттық тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында облыстық мәдениет басқармасының архелогия бөлімінің меңгерушісі Түлкібай Төлеуов.

Естеріңізде болса, шілде айында осы ауданның Қасым Аманжолов ауылының маңынан сақ дәуіріне жататын қорған ішінен де осыған ұқсас, бір дәуірге жататын жәдігерлер табылған болатын.
XS
SM
MD
LG