Accessibility links

Қазақстанның әуе нарығы ЕЭО-дан қауіптеніп отыр


Алматы әуежайы. (Көрнекі сурет)
Алматы әуежайы. (Көрнекі сурет)

Жергілікті саясаткерлер мен сарапшылар «Кеден Одағына мүше елдердің авиация нарығы біріккен жағдайда Қазақстан әуе компаниялары ұтылады» деп есептейді.

Қазақстан, Беларусь және Ресей билігі биыл мамыр айында Еуразия экономикалық одағын (ЕЭО) құру туралы келісім-шартқа қол қоюды жоспарлап отыр. Келісім үш елдің әуе нарығын біріктіруді де көздейді.

Қазақстандық саясаткерлер мен нарық субъектілері «бұл интеграция қазірдің өзінде бәсекелестікке төтеп бере алмай, ұтыла бастаған Қазақстан әуе компанияларын әлсіретеді» деген қауіп айтады.

БӘСЕКЕЛЕСТІКТІҢ КҮШЕЮІ

Осы аптада Қазақстанның бас көлік прокуратурасы LukAero әуе компаниясының сертификатын қайтарып алғаны туралы хабарлады. Нарыққа шыққанына бір жарым жыл ғана болған компания чартерлік, яғни тұрақсыз рейстерді орындаған. Сертификатты қайтарып алуға компанияның салалық заңдарды орындамауы, атап айтқанда ұшақтарының жоқтығы себеп болды деп хабарланды. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, өз ұшағы жоқ компания Airbus A320 ұшағын экипажымен бірге шетелдік әріптес компаниядан лизингке алған.

Енді Қазақстанда жолаушы немесе жүк тасымалымен айналысатын 36 компания қалды. Азаматтық авиация комитетінің дерегі бойынша, «Эйр Астана», SCAT, «Жезқазған-Эйр», «Жетісу» және Bek Air сияқты бес компанияның ғана тұрақты рейстері бар. Әуе тасымалы сертификатының мерзімі биыл бітетін үшеуінің рұқсаты автоматты түрде ұзартыла ма, жоқ па - ол белгісіз.

SCAT әуе компаниясы ұшағына отырып жатқан жолаушылар. Алматы, 30 қазан 2013 жыл.
SCAT әуе компаниясы ұшағына отырып жатқан жолаушылар. Алматы, 30 қазан 2013 жыл.
Мысалы, SCAT компаниясы сертификатының мерзімі маусым айында бітеді. Бірақ нарықтағы үлесін ұлғайтуды көздеген компания биыл көктемде Қазақстанды Ресей аймақтарымен байланыстыратын алты жаңа маршрут ашуды жоспарлап отыр.

Ресейге жаңа маршруттар ашу - Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қою қарсаңында әуе компаниясының қолданып отырған шараларының бірі. Бұл келісім-шарт бойынша Қазақстан, Беларусь және Ресей территориясында бірыңғай транспорттық кеңістік пен транспорттық қызмет түрлерінің ортақ нарығын құру жоспарланған.

Сәуір айының басында парламент депутаты Асхат Бекенов премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалында «Біртұтас Еуразия аспанын» құру Қазақстан азаматтық авиациясын дамытуға жайсыз тиюі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, коммерциялық тасымалдау құқығына қатысты шектеулерді алып тастау транспорт ағымын Ресейдің өз пайдасына қайта бөлуіне, Еуразия экономикалық одағының жаңа ортақ нарығындағы Ресей әуе компанияларының позициясын күшейте түсуіне көмектеседі.

СУБСИДИЯСЫЗ КҮН КӨРУ

Депутат Асхат Бекенов бұл сауалында «Еуразия экономикалық одағы аясында түрлі елдердің әуе компаниялары үшін теңсіздік орнайтынын» да көрсетеді. Өйткені Ресейде әуе нарығы субъектілеріне мемлекеттік субсидия бөлінеді, ал Қазақстанда мұндай қолдау қарастырылмаған.

Ресей әуе компанияларына федералдық бюджеттен лизингке жаңа ұшақтар сатып алуға да, белгілі бір маршруттар бойынша рейстерге шығуға да субсидия бөлінеді. Мысалы, Ресей жуырда бөліп алған Қырымға ашылған осындай маршруттардың біріне қосымша құн салығы салынбайды, оның үстіне, компаниялар сатылған билеттер құны мөлшерінде ақша алады.

"Аэрофлот" әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы. Мәскеу, 28 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
"Аэрофлот" әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы. Мәскеу, 28 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Асхат Бекеновтің айтуынша, ресейлік ірі «Аэрофлот» әуе компаниясы субсидияның арқасында өзінің әуе флотын Батыс елдерінде шығарылған 110 ұшақпен толықтырып алды. Оның үстіне, компания транссібір маршруттары бойынша ұшатын шетел әуе тасымалдаушыларынан роялти түрінде жылына 400 миллион доллардан көп кіріс көреді.

Бақылаушылардың айтуынша, «Аэрофлот» 20 жылдық үзілістен кейін Қазақстанға биыл наурыз айынан бастап рейстерін шығарды. Қазір бұл компанияның рейстері Мәскеу-Қарағанды бағытында ұшады. Бұл маршрут бойынша билет құны Мәскеу-Астана рейсі бойынша Қазақстан және Ресейдің басқа әуе компанияларының билет құнынан екі есеге жуық арзан.

Оның үстіне, Ресей әуежайлары ұшақтар Ресей территориясында тұрған уақытта оларға қызмет көрсетуге салынатын қосымша құн салығынан босатылған. Бұл да Ресей әуе компанияларының билетін арзандатуға көмектеседі.
XS
SM
MD
LG