Бұл айтыста бас жүлдені Айбек Қалиев жеңіп алып, бәйгеге тігілген жеңіл көлікке ие болды. Бірінші орын алған Мейірбек Солтанхан - арнайы дипломмен қоса 350 мың теңге, екінші орын алған Мақсат Аханов - 250 мың теңге, үшінші орын алған Бекарыс Шойбеков 150 мың теңге сыйақымен марапатталды.
Өзге де ақындар тиісті марапатқа ие болды
Айтыстың ақтық жұбында торғайлық ақын Айбек Қалиев пен астаналық өнерпаз Мейірбек Солтанхан сөз қағыстырды.
Айбек Қалиев айтысты көруге келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа қарата былай деді:
– Біз өзі әкімдерді көп көрмейміз,
Сіз секілді айтыс көріп отыратын...
...сізге де бір-екі ауыз базынам бар,
Құдайым жолықтырып, оңғарғасын.
«Зам»-дарың айтып жатқан шығар сізге,
Деп едім «Бердібек ағам жолды оңдасын!».
Қырық жыл уды жұтқан бұл Семейдің,
«Еңбегі еш, тұздары сор болмасын!»
Облыста әкім боп сіз тұрғанда,
Білеміз Қарауылдың қор болмасын.
Жас ақын Мейірбек Солтанхан қарсыласының әдеттегі әдебінен жаңылғанын тілге тиек етті.
– Бұрында ақиқатты айтушы едің,
Дегендей барлығынан азатпын ғой.
Бағана Айнұрменен әзілдесіп,
Даттауды да аз айттың ғой.
Әйтеуір, өміріңде бірінші рет,
Хабардан көрсететін сөз айттың ғой, - деді қыркүйектің 15-сі күні өткен айтыста.
Айтысты әр аптаның бейсенбісінде, Астана уақытымен сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.