Accessibility links

Алматыдағы айтыс айғай-шумен аяқталды


Алматыдағы айтыс
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу
Алматыда Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің құрметіне «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген айтыс өтіп, соңы көрермендердің қазылар шешіміне наразылығына ұласты.

Мамырдың 9-ы күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер сарайында өткен бұл айтысқа алғашқы күні 20 ақын қатысып, екінші күні финалға 10 ақын іріктеліп шықты. Бұл күні де зал көрерменге лық толды және айтысқа келген жұрт қазылар алқасын екі мәрте шешімдерін бұзуға мәжбүр етті.

«ОТЫРҒАН ОРЫНЫНАН ТАЙЫП ТҰРСЫН»

Алғашқы 4 жұптың айтысы тыныш өтіп, қазылар алқасының шешімдерін көрермен қол соғып, қолдап отырды.

Сахнаға 5-жұп болып Ринат Зайытов пен Мейірбек Сұлтанхан шыққан кезде жұрт айтысқа қайта оралған Ринатқа ықылас білдіріп, ұзақ қол шапалақтап тұрып алды. Соңы шуға ұласқан бұл айтыс кезінде Ринат Зайытов билікке қаратып:

– Түсіндірсін кімнің қалай ойлайтынын,
Түсіндірсін неге олардың тоймайтынын.
Өздеріне керек болса ата заңды
Ары-бері өзгертіп ойнайтынын.
Осылай ақиқатты лайық қылсын,
Істеген күнәларын шайып тұрсын.
Түсіндіре алмаса, қазірден-ақ
Отырған орынынан тайып тұрсын, - деді.
Мейірбек Сұлтанхан.
Мейірбек Сұлтанхан.

Мейірбек бұған берген жауабында Мұхтар Әблязов (қуғындағы бизнесмен) пен Виктор Храпуновты (Швейцарияда тұратын бұрынғы лауазымды шенеунік) сөз етіп басқаша мысал келтірді.

Қазылар алқасы

ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ

  • Серік Жанболат, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы
  • Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы
  • Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы
  • Жанарбек Әшімжан, «Қаламгер-медиа» орталығының жетекшісі
  • Жүрсін Ерман, ақын, сахнадағы айтыс бәсекесінің ұйымдастырушысы

Бұл айтыс біткен соң қазылардың көбі Мейірбек Сұлтанханға дауыс бере бастады. Осы кезде залда пікір айтушылар көбейді. Кинорежиссер Серік Жармұхаммедов «Мейірбек пен Ринаттың деңгейі бірдей болды. Сондықтан екеуіне тең баға беру керек еді. Бұл жерде Ринат басшылыққа жақпаған. Сондықтан халыққа оны жақтау керек болып тұр» десе, айтыскер Айтақын Бұлғақов «Ринаттың өлеңінде ешқандай көркемдік жоқ. Мен мұны маман ретінде айта алам» деді. Алайда дауыстап айтылған бұл пікірлерге жұрт келіспей «Ринат билікке қарсы шындықты айтқандықтан, оның ұпайын төмендетіп отыр» деп шуласты.

«ШЕШІМДІ ӨЗГЕРТКЕН - ЖҮРСІННІҢ АРТЫҚ ДАУЫСЫ»

Осы кезде ақылдасу үшін қазылар алқасы сахна артына шығып кетті.

Залдағы дүбір шамамен 15-20 минутқа созылды. Көрерменнің кейбірі белгілі актер Асанәлі Әшімовке қолқа сап, «Сіз барып әділін айтыңызшы, жеңісті Ринатқа берсін» деп жатса, енді біреулері орындарына жайлана жайғасып, алып келген шайларын ішуге кірісті.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыс көрермендері қазылар шешіміне наразы болып тұр. Алматы, 9 мамыр 2013 жыл.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтыс көрермендері қазылар шешіміне наразы болып тұр. Алматы, 9 мамыр 2013 жыл.

Жарты сағаттан кейін қазылар алқасы жұрт алдына оралды да, «екі ақын тең» деп жариялады. Қазылар алқасының мүшесі болған «Қаламгер-медиа» орталығының жетекшісі Жанарбек Әшімжан сахнаның ар жағындағы шешімнің қалай шыққанын айтып:

- Қазылар екіге жарылды. Мен Мейірбекке қолымды көтергем. Жүрсін, басқа қазылар ақылдаса келе, «екеуі тең» деген шешім шығарды. Бірақ мен оған келіскен жоқпын. Жүрсін төраға ретінде өзінің артық бір дауысын пайдаланды, - дейді.

АЯҚ АСТЫ ҮЛЕСТІРІЛГЕН ЖҮЛДЕЛЕР

Екі ақынның тең түскенін жариялаған соң қазылар күтпеген жерден жүлде тапсыруға кірісіп кетті.
Ринат Зайытов.
Ринат Зайытов.

– Ринатты менен жақсы білмейсіздер. Семейде өнер колледжінде оқып жүрген жерінен тауып алып кеп, айтысқа қосқам. Ринаттың балалықпен айтқанын мен көңіліме алмаймын. Әкесімін ғой. Бірақ мен шын көңіліммен айтамын, жаңа Ринат тіл тигізіп жатыр ғой. Осы елбасыдан (Қазақстан президенті - ред.) артық елбасы жоқ. Осы жиырма жылда басқа біреу отырса не боларын Алла білсін... Өнерді (айтысты - ред.) өлтірмеу үшін биліктің де тілін табу керек, - деді Жүрсін Ерман.

Қазылар шешімі бойынша Жансая Мусина, Қанат Мырзахан мен Еркебұлан Қайназаров 100 мың теңгеден сыйақы алса, Мейірбек Сұлтанхан, Ринат Зайытов және Айнұр Тұрсынбаева 200 мың теңгелік жүлде иеленді. Ал бәйге ретінде тігілген екі көліктің бірі Сара Тоқтамысоваға, екіншісі Мұхтар Ниязовқа табыс етілді. Бұл жолы айтыстың бас демеушісі болған Исламбек Салжановтың өкілі Дәурен Берікқажыұлы 40 мың долларлық арнайы сыйды Балғынбек Имашевқа берді.

Қазақстанда бұған дейін өткен айтыстарда бас жүлденің кімге бұйыратынын анықтау үшін соңғы жұп ақтық айналымда арнайы кездесетін. Бұл жолғы айтыс жұрттың қазылар шешіміне наразылығынан кейін күтпеген жерден бітіп қалды. Бауыржан Кәріпов есімді көрермен:
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтысқа қатысқан ақындарды марапаттау рәсімінен бір көрініс. Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: айтыскер ақын Балғынбек Имашев пен Жүрсін Ерман. Алматы, 9 мамыр 2013 жыл.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен өткен айтысқа қатысқан ақындарды марапаттау рәсімінен бір көрініс. Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: айтыскер ақын Балғынбек Имашев пен Жүрсін Ерман. Алматы, 9 мамыр 2013 жыл.

– Сахнаның арт жағындағы ситуацияны біз көрген жоқпыз. Бірақ бер жағында не болғанын көрдім. Жұрт «Ринат жеңеді» деп отырды. Егер тағы да бірер айналым жасаса, «Ринат-шоудың» арты қалай аяқталары белгілі. Сондықтан Жүрсін де, қазылар да осылай аяқтауға мәжбүр болды, - деді.

Азаттық тілшісі ақындардың бас жүлде үшін неге айтыспағанын Жүрсін Ерманнан сұраған еді.

– Бас жүлдені беріп тұрсақ неге таласады? 20 ақыннан 10 ақын шықты. 10 ақыннан 5 ақын шықты. 5 ақынға түгел бәйге бердік. Бас жүлде біреу емес, 3 жүлде бердік. 3 көлік қойдық, - деді ол.

Азаттық тілшісінің «үшінші көлік 40 мың доллар ма?» деген сауалына «Исламбектің қосып отырған үлесі» деп қысқа қайырып жауап берді.

Сахнадағы айтыс өнеріне қатысушы суырып салма ақындар саяси-әлеуметтік өткір мәселелерді жиі қозғайды. Бірақ соңғы жылдары ұйымдастырушылар тарапынан айтыскерлерге мұндай тақырыптарды көтеруге тыйым салына бастады. Мұндай шектеумен келіспейтінін ашық айтатын Ринат Зайытов пен Бауыржан Халиолла сияқты белгілі айтыс ақындары ауық-ауық ірі сайыстарға шақырылмай қалып жүр.

Ескерту: Үш бидің құрметіне арналған бұл екі күндік айтыстың аудио нұсқасын Азаттық ақындар жұбының сахнаға шығу реті бойынша жариялайды. Ринат пен Мейірбектің айтысының негізгі нұсқасын сахнаға шыққан реті бойынша алдағы күндері береміз.
XS
SM
MD
LG