Accessibility links

Сот Жаңаөзендік мұнайшылар белсендісі Таған Қощановтың жазасын өзгертті


Полиция «есірткімен ұсталды» деген айып таққан Таған Қощановты толық ақтауды талап еткен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары автобекет маңында ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 25 қазан 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Полиция «есірткімен ұсталды» деген айып таққан Таған Қощановты толық ақтауды талап еткен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары автобекет маңында ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 25 қазан 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Маңғыстау облыстық соты былтыр «есірткіні заңсыз сақтаған» деген айыппен бір жылға шартты жазаға кесілген «Өзенмұнайгаз» кәсіпорыны жұмысшысы Таған Қощановты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, әкімшілік жазаға алмастырды.


Бейсенбі күні Ақтауда өткен Маңғыстау облыстық соты былтыр «есірткіні заңсыз сақтаған» деген айыппен бір жылға шартты жазаға кесілген «Өзенмұнайгаз» кәсіпорыны жұмысшысы Таған Қощановты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Таған Қощановтың адвокаты Мұхтар Әлиев биылғы қаңтардан бері қолданыла бастаған қылмыстық заң актілерін гуманизациялау процестеріне байланысты Қощановтың қылмыстық жауапкершіліктен босатылғанын Азаттық тілшісіне баяндап берді.

Бейсенбі күнгі сот отырысына қатысқан «Қаражанбасмұнай» жұмысшылар кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Соколованың айтуынша, Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық инстанциясы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшысының іс-әрекетінен қоғамға келер қауіп жоқ деп тауып, оны әкімішілік құрамға алмастырған.

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілділіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес, 2011 жылдың 18 қаңтарынан бастап қылмыстық кодекстен есiрткi заттарды заңсыз сақтау немесе сату жөніндегі 259-баптың 1-тармағы алынып тасталған. Енді қылмыстық кодекс бойынша жазалау мүмкін болмағандықтан ол әкімшілік құрамға ауыстырылды. Бірақ оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық шеңберінде сақталып қала береді, тек бұрынғыдай сотталған болып саналмайды, – деді Наталья Соколова.

Сонымен бірге Наталья Соколова Таған Қощановқа моральдық қолдау көрсету үшін жұмысшының бір топ әріптесі бейсенбі күні Жаңаөзеннен облыс орталығына арнайы барғанын айтты.

– Тағанға қолдау көрсетуге 30 шақты мұнайшылар келді. Олардың қатарында Қаражанбасмұнай кәсіпорыны жұмысшылары да болды. Олар тіпті сот өтетін аядай залға сыймай кетті, – деді Наталья Соколова Азаттық тілшісіне.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты УОС-5 кәсіпорынының жүргізушісі Таған Қощанов ақпанның 11-інен бастап жұмысына кірісетінін Азаттық тілшісіне өзі айтып берді.

Жаңаөзендегі мұнайшылар белсендісіне құқықтық жәрдем көрсеткен тәуелсіз кәсіподақ ұйымының лидері Мұхтар Үмбетов бұл әкімшілік жазаның не айыппұл, не 15 күндік қамау түрінде болатынын айтады.

– Біз қылмыстық істің толық қысқаруы үшін талай арыздандық. Бірақ әкімішілік жаза деген тек қағаз жүзінде ғана болуы мүмкін, оның жүзеге асырылуын ешкім талап етпес деп ойлаймыз, – деді ол.

Азаттық тілшісіне хабарласқан кейбір жаңаөзендік мұнайшылар егер Таған Қощановқа тағылған қылмыстық айып алынып тасталмаса, өздерінің наразылық шарасына дайын болғандықтарын да айтып қалды.

– Сот шешімі Таған Қощановқа нақақ жала жабылғанын анықтап отыр. Біз әріптесіміздің ортамызға оралатынына қуаныштымыз, – дейді олар.

Былтыр қазан айында Жаңаөзен қалалық жол полициясы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы құрамындағы УОС-5 кәсіпорынының арнаулы көлік жүргізушісі Таған Қощановты есірткіге қатысы бар деген күдікпен қамауға алғанын Азаттық радиосы хабарлаған.

Сол жолы Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі ұсталған жүргізушіге жүргізілген тест қортындысы оның қаны құрамында есірткі барлығын анықтағанын және қамауға алынған азаматқа қатысты Қазақстан қылмыстық кодексінің «есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау» туралы 259-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.

Алайда «Таған Қощановқа жала жабылды» деп санаған Өзенмұнайгаз өндірістік филалы жұмысшылары оны толық ақтап шығуды талап етіп ереуілге шыққан еді. Олар мұны 2010 жылы наурыз айында жұмыс жағдайы мен жалақы мәселесіне байланысты екі апта бойы көрсеткен наразылықтары үшін жасалып отырған жазалау деп санайтындықтарын да ескерткен.

Ереуілшілер тек арада төрт күн өткен соң ғана «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай Ешмановтың Таған Қощановтың құқын қорғайтын адвокат жалдауға берген уәдесінен соң жұмыс орындарына оралған болатын.

Ал былтыр қарашада Жаңаөзен қалалық соты Таған Қощановқа тағылған айыпты құптап, қылмыстық кодекстің 259-бабының 1-тармағы бойынша оны бір жыл шартты мерзімге соттаған еді.
XS
SM
MD
LG