Accessibility links

ІІМ Ақтөбедегі шабуылды "Сириядағы имаммен" байланыстырды


Қалмұханбет Қасымов, Қазақстан ішкі істер министрі. Астана, 14 мусым 2016 жыл.
Қалмұханбет Қасымов, Қазақстан ішкі істер министрі. Астана, 14 мусым 2016 жыл.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 5 маусымда Ақтөбеде жасалған шабуылды 45 адам жоспарлағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, күдіктілердің "бәрі ұсталып, жойылған".

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Ақтөбедегі 5 маусымда болған шабуылдар мен одан кейінгі операцияларға қатысты журналистерге қорытынды есеп берді. Министрдің сөзінше, "шабуыл жасағандарға Сириядағы имам үндеу жасаған".

ІІМ Ақтөбедегі шабуылға қатысты есеп берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00
Жүктеп алу

- Олар пәтерге жиналған кезде өздеріне имамдары дәл сол күні қасиетті жиһад жасау туралы үндеу жасаған. Әрине, олар дайындалған. Нысандарды білген. Қайда, қалай бару керегін білген. Имамдары Сириядан болған сияқты. Меніңше, оны тергеушілер анықтайды. Олар имамдарын тыңдап, жиһад жүргізуіміз керек деп, қосылғандары әрекетке көшкен, - деді министр Қасымов.

Министр Қасымов Ақтөбе туралы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

Министр Ақтөбедегі шабуылды жасауға қанша адам шықпақ болғаны анықталғанын да айтты.

- Олардың жалпы саны 45 болғаны анықталды. Бірақ жиһад жариялап, пәтерден шыққан кезде 19 адам бас тартқан. Қазір олардың барлығын анықтап, тергеп жатырмыз. 29 ​(министр осы санды айтты - ред.) адам келісіп, шабуылға шыққан. Жол бойында тағы үш адам бас тартқан, - деді Қалмұханбет Қасымов.

Ішкі істер министрі қару-жарақ дүкенінің бейнебақылау камерасынан онда 25 адам кіргені көрінетінін, қылмыс жасаудан бас тартқан тағы бір адам кетіп қалғанын айтады.

- Қылмысты 25 адам жасаған. Бірінші дүкендегі оқиға тоғыз минутқа созылған. Олар дүкенге кірген соң төрт минуттан кейін жеке күзет қызметі барған. Күзетші дүкенгі жүгіріп кірген бойда олар оны атып тастаған. Үш минуттан соң дүкенге жасақ жетіп, атыс басталған. Полицейлер дүкенде өздеріне бірден 14 адам дүкеннен алған қару-жарақтан оқ атады деп ойламаған, - дейді министр Қасымов.

Оның сөзінше, қарулы топ бұдан соң топ екіге бөлінген. Алты адам екінші дүкенге кеткен. Ол жерде қылмыскерлер сегіз минуттай болған. Төртінші минутта ол жерге жасақ жетіп, атыс басталған. Атыста қылмыскердің үшеуінің көзі жойылып, жараланған біреуі қолға түскен. Бұдан соң қалған екі қылмыскер аулаға қашып шығып, бір көлікті айдап әкеткен. Олар қаланың сыртында көзге түсіп, қарсылық танытқан соң көздері жойылған.

- Екінші топ автобусты тоқтатып, онымен бірге әскери бөлімге барып, қақпаны бұзып өтіп ішке кірген. Басты мақсаттары қару-жарақ қоймасын басып алу болған, - деді Қасымов.

Министрдің сөзінше, тергеу кезінде ұсталғандар "шабуыл жасаудағы мақсаттары - қару-жарақ қоймасын, одан соң түрмені, мемлекеттік мекемені басып алу болғанын" айтқан.

Қасымов әскери бөлімнің кіреберіс бөлігінде тұрған сарбаздарда тек сүңгі-пышақ болғандықтан лайықты қарсылық көрсете алмағанын, қылмыскерлер қару-жарақ қоймасына жеткенде ғана қарулы қарсылыққа тап болғанын хабарлады.

- Қылмыскерлер мақсатына жете алмайтынын түсінген соң қақпадан асып өтіп, автобусты тоқтатып, қаланың сыртына кеткен. Арнайы жасақ олардың қай жерде екенін анықтап, операция барысында жетеуінің көзі жойылды, біреуі жараланды. Бес адамнан тұратын екінші топ блок-постқа шабуылдап, біреуінің көзі жойылып, біреуі жараланып, үшеуі қашып кеткен. Ол үшеуін осы соңғы сенбі-жексенбіде қолға түсірдік. Олардың бірі қарсылық көрсетіп, жараланды, - деді ішкі істер министрі Қасымов.

Министр Қасымов "олардың барлығы ұсталып, көзі жойылғанын" айтты. Қасымов Азаттық тілшісінің "Көзі жойылған күдіктілердің аты-жөндері неге жарияланбайды?" деген сұрағына "ол мәселемен ҰҚК айналысып жатқанын" хабарлады.

12 маусым күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Ақтөбедегі қарулы шабуылдарға қатысты іздеудегі күдіктілердің бәрі қолға түскенін мәлімдеген. Оның айтуынша, терроризмге қарсы арнайы операциялар барысында 9 күдікті ұсталып, 18-інің көзі жойылған, олар ұрлаған 23 дана қару тәркіленген. Шабуылдаушыларға қатысты қозғалған 25 қылмыстық іс бір өндіріске біріктірілген.

Ақтөбедегі шабуылдаушылар қолынан барлығы жеті адам қаза тапты. Олардың үшеуі - әскерилер, төртеуі - бейбіт тұрғындар.

Шабуылдарға байланысты Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі, Ақтөбеде қызыл деңгейі жарияланған. Күдіктілер ұсталып не жойылған соң Ақтөбе облысы бойынша террористік шабуыл қаупі сары деңгейге түсірілген.

Ақтөбедегі оқиғаларға билік "террорлық шабуыл" деген баға берді, алайда әзірге қандай да бір ұйым бұл шабуылды мойнына алған жоқ.

XS
SM
MD
LG