Accessibility links

Шабуылдан азаматтары қаза тапқан Ақтөбе аза тұтты


Ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімі жанындағы еске алу жиыны. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімі жанындағы еске алу жиыны. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе жұртшылығы 5 маусымдағы шабуылдан мерт болған бейбіт тұрғындар мен әскерилерді еске алды. Сарбаздары оққа ұшқан әскери бөлімде қаралы митинг өтіп, мешіттер мен шіркеулерде дұға оқылды.

Ел бойынша аза тұтып жатқан 9 мамырда Ақтөбе тұрғындары қарулы топтың шабуылына ұшыраған «Паллада» мен «Пантера» қару-жарақ дүкендерінің және ұлттық гвардияның Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінің алдына гүл қойып, қаралы жиын өткізді.

Қару-жарақ дүкені алдындағы аза тұту рәсімі. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Қару-жарақ дүкені алдындағы аза тұту рәсімі. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

«МАРҚҰМДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТҚА ҰСЫНАМЫЗ»

5 маусымдағы шабуылдан үш адамы – майор Даниэль Майлыбаев, келісім-шартпен қызмет етіп жүрген сержант Берікжан Қалиев және қатардағы жауынгер Сапар Досбол қаза болған 6655-әскери бөлімде өткен қаралы митингке келген жұрт марқұмдарды еске алды.

– Мен соғыстан соңғы жылдардың перзенті ретінде Қазақстанға тек тыныштық тілеймін, – деді марқұмдардың суреттеріне қарап, көз жасын тыя алмай тұрған 81 жастағы Хамдунна Галиуллина.

Қаза тапқан азаматтарды аза тұтушылар. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Қаза тапқан азаматтарды аза тұтушылар. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Қаралы жиынға келген адамдардың енді бірі,ақтөбелік зейнеткер Шолпан Бөрібаев марқұмдардың ата-аналарына ризашылығын білдірді.

– Осындай ержүрек ұл өсірген ата-аналардың алдында басымды иемін. Қаза тапқандардың туыстарына Құдай сабыр берсін. Бұл жағдай аналық жүрегіме ауыр тиді, – дейді ол.

Жиында сөйлеген ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұқаметқали Сатов «әскери бөлімге шабуыл жасаған күші басым қарулы топтың мақсаты қару-жарақ қоймасын басып алу болғанын» айтады.

– Қақтығыс кезінде үш әскери оққа ұшты. Тергеу-тексеру шараларынан соң қаза тапқандарды мемлекеттік марапатқа ұсынамыз. Бірқатар әскери қызметкер жараланды. Жараланғандардың кейбірі ауруханадан шығарылды. Олардың денсаулық жағдайы қалыпты, – дейді Мұқаметқали Сатов.

Генерал-майор Мұхаметқали Сатов. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Генерал-майор Мұхаметқали Сатов. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Әскери бөлімге шабуыл жасалған кезде жараланған сарбаздардың бірі – келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген 21 жастағы сержант Еламан Жанділдә. Бүгінгі қаралы жиынға қатысқан адамдардың арасында оның анасы, Қызылордадан келген Жәмилә Қосанова да болды.

– Дәрігерлер ұлымның оң өкпесінен оқ алды. Балам қазір Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының реанимация бөлімінде жатыр, – дейді Жәмилә Қосанова.

Қаза тапқан әскерилердің суреттері. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Қаза тапқан әскерилердің суреттері. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

«ЖАМАҒАТТЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ НАМАЗ БІТКЕНШЕ ОТЫРДЫ»

Ақтөбе шабуыл құрбандарын діни құлшылық орындарында да еске алысты. Таңертең қаладағы Әулие Николай православ шіркеуінде марқұмдарға арнап құлшылық жасалды. Шіркеу өкілі иеромонах Нектарий 5 маусымдағы шабуылды «сатанизм» деп атады.

– Құдайға құлшылық қылып, аруақтарына дұға бағыштадық. Бүгін – Пасхадан кейінгі 40-күн. Бұл күні Иса Мәсіх көкке көтеріліп, жерде бейбітшілік болсын деп дұға қылған. Сондықтан біз бейбітшілікті қолдаймыз, енді мұндай шабуыл болмасын, – дейді ол.

Әулие Николай шіркеуінде марқұмдарға дұға бағыштады. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Әулие Николай шіркеуінде марқұмдарға дұға бағыштады. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Бүгін бесін намазынан кейін Ақтөбедегі мешіттерде де шабуыл құрбандарына Құран бағышталды. Сондай шаралардың біріне қатысқан облыстың бас имамы Төлеби Оспан 5 маусымда шабуыл жасағандарды діни радикал топпен байланыстырған пікірді қолдай келе, «өңірдегі діни ахуал тұрақты» деп мәлімдеді.

– Бірнеше адамның іс-әрекетіне қарап, Ақтөбеде теріс ағымды ұстанушылар басым дей алмаймын. Мысалы, мен жуырда діни ахуалы күрделі саналатын Мұғалжардың мешітінде болдым, жұма намазына қатыстым. Байқауымша, ондағы жамағаттың 90 пайызы намаздың соңына дейін отырды, – дейді ол.

Мешітте марқұмдарға дұға баышталды. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Мешітте марқұмдарға дұға баышталды. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Бас имамның «намаздың соңына дейін отырған жамағат» жайлы сөзін жергілікті молдалардың бірі Молдабай Көрпежанов тарқатып айтып берді. Оның сөзінше, «радикалды исламды ұстанушылар мешіт тәртібін мойындамайды, намаздың аяқталуын күтпейді, мешітте елден оқшауланып отырады».

– Бұлардың оқитын намазы біртүрлі. Біздің намаздарға сәйкес емес. Аяқтарын талтайтып алады, қолдарын көтере береді. Неше түрлі қылықтар жасайды. Біз талай рет айттық. Олар біздің сөзімізге құлақ аспайды. Бір жолы тіпті төбелесуге дейін барғанбыз, – дейді Молдабай Көрпежанов.

Ақтөбелік молда төрт күн бұрынғы шабуылға байланысты күдікке ілініп, іздеу салынған азаматтарды «фитнәшілар» деп атады.

– Ел арасына іріткі салушылардың жаназаларына шақырған жағдайда бас тартамын. Оларға жаназа шығарып, күнәһар бола алмаймын, – дейді ол.

Жергілікті молда Молдабай Көрпежанов. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Жергілікті молда Молдабай Көрпежанов. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Маусымның 5-інде Ақтөбеде бір топ адам екі қару-жарақ дүкенін тонап, төрт тұрғынды – Андрей Максименко, Николай Онищенко, Михаил Матросов пен Мейірхан Тәжібаевты мерт еткен. Одан кейін 6655-әскери бөлімге шабуыл жасағандар ондағы үш сарбазды – Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев пен Берікжан Қалиевты өлтірген.

Ресми мәлімет бойынша, полициямен атыс кезінде шабуылшылардың 13-і өлген. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жеті күдіктіге іздеу жариялап, кеше олардың біреуі ұсталғанын хабарлаған.

Маусымның 5-індегі шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы – қызыл деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдар жайлы үш күннен соң мәлімдеме жасап, «террористік актіні радикал жалған діни ағым өкілдері ұйымдастырғанын, олар нұсқауды шетелден алғанын» хабарлаған. Ол 9 маусымды Ақтөбедегі терактілерден қаза тапқандарды ұлттық аза тұту күні деп жариялаған.

XS
SM
MD
LG