Accessibility links

Шабуылға ұшыраған бөлімнің офицерлері сотқа тартылды


Ақтөбеде шабуылға қатысты екі майордың соты басталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:05 0:00

Ақтөбеде шабуылға қатысты сотқа тартылған майор Қайнарбек Тастамбеков. 21 желтоқсан 2016 жыл.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты маусым айындағы қарулы шабуылға қатысты ұлттық гвардияның әскери бөлімінің екі майорының ісін қарай бастады.

Ақтөбеде биыл маусымның 5-і күні бір топ қарулы адамның шабуылына ұшыраған 6655-әскери бөлімнің екі майорына қатысты сот басталды. «Әскери жарғы тәртібін бұзды» деп айыпталған Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановтың соты ашық өтіп жатыр.

«ТАПАНШАСЫ БАР МАЙОР ӘЖЕТХАНАҒА ҚАШТЫ»

Бүгінгі сотта жауап берген куәгерлердің айтуынша, Ақтөбеде маусымның 5-і күні жергілікті уақытпен 14 сағат 48 минутта көшеден айдап әкеткен автобустарымен 6655-әскери бөлімнің қақпасын бұзып кірген шабуылшылар алдымен бақылау-өткізу пунктіне (КПП) оқ жаудырған. Сотта куәлік еткен жауынгер Рамазан Мұсабаевтың сөзінше, шабуыл басталған кезде КПП-ның сыртында жүрген қатардағы жауынгер Ақжол Шайсұлтан штабқа қарай жүгірген.

– Досбол Сапар екеуміз штабтың артқы жағында жүргенбіз. Қатардағы жауынгер Шайсұлтанның жүгіріп келе жатқанын көріп, штабқа соңынан ілесе кірдік. Ақжол Шайсұлтан майор Қайнарбек Тастамбековке «сақалдылардың шабуыл жасағанын» айтып жатты. Қолында тапаншасы бар майор штабтың бірінші қабатындағы әжетханаға қарай қаша жөнелді. Мен де майордың соңынан ілестім. Әжетханаға менімен бірге қатардағы жауынгер Нұрмұқан Нұрған да кірді. Біз әжетхананың есігін ішінен кілттеп алдық, – деді Рамазан Мұсабаев.

Сотқа келген әскерилер​. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Сотқа келген әскерилер​. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Сотта куәлік еткен жауынгердің бірі Нұрмұқан Нұрған да Рамазан Мұсабаев айтқан деректі қостады.

– Әжетхана жақты алдымен майор Қайырғали Оразжанов бетке алды. Оның соңынан майор Қайнарбек Тастамбеков пен сарбаз Рамазан Мұсабаев екеуіміз ілестік, – деді ол.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, әжетхананың есігін ішінен кілттеп алған соң екі майор ашық тұрған терезеден сыртқа шығып кеткен. Офицерлер тарапынан ешқандай бұйрық түспегендіктен әрі қолдарында қару болмағандықтан қатардағы жауынгерлер Рамазан Мұсабаев пен Нұрмұқан Нұрған әжетханада қала берген.

– Екі майор шығып кеткен терезе ашық тұрған болатын. Сол терезеден қатардағы жауынгер Абай Нұралинды ішке қарай тартып алдым. Біз үшеуміз әжетханада атыс әбден аяқталғанша 20 минуттай отырдық, – дейді қатардағы жауынгер Нұрмұқан Нұрған.

Қатардағы жауынгер Абай Нұралин да сотта куәлік етті.​ Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Қатардағы жауынгер Абай Нұралин да сотта куәлік етті.​ Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

«СИГНАЛ БЕРУ ҮШІН ЖҮГІРДІМ»

Қылмыстық кодекстің 447-бабының 4-бөлімі бойынша «әскери жарғы тәртібін бұзды» деп айыпталған Қайырғали Оразжанов пен Қайнарбек Тастамбековтің жастары 30-дың үстінде. Қазір уақытша жұмыссыз екеуінің де кәмелет жасына толмаған балалары бар.

Сот кезінде Қайырғали Оразжанов жүзін бейнекамералардан көлегейлеп отырды.

Сотталушы Қайырғали Оразжанов (сол жақта) жүзін көлегейлеп отыр.​ Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Сотталушы Қайырғали Оразжанов (сол жақта) жүзін көлегейлеп отыр.​ Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Журналистерге сұхбат беруден бас тартпаған Қайнарбек Тастамбеков әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалған кезде Оразжанов екеуінің штабта болғанын растады.

– Күн жексенбі еді. Мен әскери бөлім бойынша кезекшілікте болдым. Ал майор Оразжанов сол күні менің көмекшім болатын, – дейді Қайнарбек Тастамбеков.

Ол сотта куәлік еткен сарбаздардың «екі майор бізді тастап қашып кетті» деген сөздерімен келіспейтінін айтты.

– Әжетхана терезесінен секіріп кеткен себебім - әрі қарай сигнал беруім керек болды. Мен жарықтың жылдамдығымен байланыс торабына қарай жүгіре жөнелдім. Бір қолымда тапаншам, екінші қолымда қалта телефоным болды. Жүгіріп келе жатып бөлім командиріне хабарластым. Ойланып жататын, солдаттарға нұсқау беретін уақытым болған жоқ, – дейді майор Қайнарбек Тастамбеков.

Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановтың адвокаттары. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановтың адвокаттары. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Ол Ақтөбеде шабуыл жасала қалған кезде әскери бөлімге ешкім хабарласпағанын, қалада не боп жатқанын айтпағанын мәлімдеді.

– Егер хабарым болған кезде, жеті-сегіз минут аралығында бүкіл бөлімді әскери дайындық жағдайына жеткізер едім. Сол күні Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті шұғыл басқару орталығына толассыз қоңыраулар түсіп жатқаны анық. Әрі олар қала көшелерін арнайы камералармен де бақылап отыр емес пе? – деді Қайнарбек Тастамбеков.

Майор Ақтөбенің Есет батыр көшесі бойында көршілес тұрған екі әскери бөлімнің жағдайын мүлдем салыстыруға келмейтінін де айтты.

– Артеллеристер полкінің кіреберісі 60 оғы бар автоматпен күзетіледі. Ал біздің адамдарда резеңке таяқтан өзге ештеңе болған жоқ. Шабуылшылар бөлімнің қақпасын бір теуіп құлатты деуге болады. Бұл әскери бөлімнің деңгейі емес, – дейді сотталушы Қайнарбек Тастамбеков.

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының судьясы Бекболат Тәжімұқан сотта отыр. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының судьясы Бекболат Тәжімұқан сотта отыр. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

«ОФИЦЕРЛЕР ҚАРУ ҚОЛДАНУЫ КЕРЕК ЕДІ»

Тергеу материалдарына қарағанда, 17 шабуылшы 6655-әскери бөлімге басып кірген соң екі топқа бөлінген.

Бірінші топ материалдық-техникалық қамсыздандыру ротасына беттеп, алдарынан шыққан майор Даниэл Майлыбаевты атып өлтірген.

Екінші топ штаб ғимаратына кіріп, тығылып отырған жауынгерлер Досбол Сапар мен Ақжол Шайсұлтанды ұрып-соғып, қыспаққа алған. Екі жауынгерден қару-жарақ қоймасының орналасқан жері туралы жартымды жауап ала алмаған шабуылшылардың бірі Арман Айтуған қатардағы жауынгер Досбол Сапарды сыртқа сүйреп шығарып, пышақтап, одан кейін атқан.

Тергеу материалдарына қарағанда, шабуылшылардың бірі Асхат Иманғалиев штаб ғимаратында атқан оқтан қатардағы жауынгер Ақжол Шайсұлтанды оқ өтпейтін кеудешесі аман алып қалған. Қарулы шабуыл кезінде түрлі жарақат алып, сол қолының бір саусағын кестіруге мәжбүр болған Ақжол Шайсұлтан сот процесіне зардап шегуші ретінде қатысты.

Сотта сөйлеген мемлекеттік айыптаушы Төрәлі Бәкіров «майорлар Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов жауынгерлер Досбол Сапар мен Ақжол Шайсұлтанды қатер өтінде қалдырған» деп мәлімдеді.

Майор Қайнарбек Тастамбеков. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Майор Қайнарбек Тастамбеков. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

– Майор Тастамбеков пен майор Оразжанов штаб ғимаратына қолдарында сүңгі-пышақтан өзге қарулары жоқ Досбол Сапар мен Ақжол Шайсұлтанды қалдырып қашып кеткен. Жауынгерлерге есікті бекіту туралы команда бермеген. Ешқандай ескертусіз қарулы шабуыл жасалған кезде офицерлер қару қолдануы керек еді. Бірақ олар өз өмірлері үшін алаңдап, әжетханаға барып бас сауғалаған. Осылайша олар әскери жарғының тәртібін бұзды, әскерилердің имиджіне нұқсан келтірді, – деді мемлекеттік айыптаушы Төрәлі Бәкіров.

Ақтөбеде биыл маусымның 5-інде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде «діни радикал», «қарулы шабуылшы» деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 20 шақты адам ұсталған.

Ақтөбедегі атысқа байланысты 29 адам сотқа тартылған. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде «терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары» үшін, 18-і – «дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны» үшін, екеуі – қылмысты жасырып қалғандары үшін екі жылдан бастап өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

XS
SM
MD
LG