Ақтөбе қаласындағы еңбек жәрмеңкесі жергілікті уақытпен таңғы сағат 10-да басталды. Бірақ жәрмеңке өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясының Ақтөбедегі ғимаратын сағат 9-дан аса бере-ақ адамға толып кетті.
Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген азаматтардың жас шамасы әртүрлі. Солардың бірі – 34 жастағы Қайрат Бағитжанов. Ол бес жыл бұрын жұмыссыз қалған. Үш баланың әкесі содан бері жеке көлігімен жолаушы тасып, отбасын асырағанын айтады.
– Жеңіл машина жүргізетін шопырлық жұмыс таппай кетіп барамын. Мұндағыларға «Е», «Д» категориясы бар көлік жүргізушілері қажет екен. Күзетшілік жұмыс та бар. «Өзіміз хабарласамыз» деп телефонымды жазып алып қалды, – дейді Қайрат Бағитжанов.
«ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРГЕ 800-ДЕН АСТАМ МАМАН КЕРЕК»
Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Найля Бөртебаеваның айтуына қарағанда, жәрмеңкеге келгендердің барлығы бірдей жұмыссыз емес.
– Араларында қазіргі жұмысы ұнамай жүргендер, жалақысын азсынатындар, жеке көлігімен кісі тасып, үйінен нан пісіріп сататындар, бір сөзбен айтқанда, өзін-өзі қамтамасыз ететіндер өте көп, – дейді ол.
Ақтөбедегі жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаеваның айтуынша, бұл жолғы жәрмеңкеге 72 мекеменің өкілі қатысқан. Олар білім, денсаулық сақтау, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларына 800-ден астам маман іздейді.
– Бұл жолғы жәрмеңкеде жұмыссыз жастар мәселесіне айрықша мән берілмек. Өйткені тәжірбиелі маманға жұмыс табу аса қиын емес. Ал бұрын-соңды еш жерде жұмыс істемеген қыз-жігіттерге қиындау. Сондықтан біз бүгін жастарға қайта даярлау курстарынан өтуді ұсындық. Қоғамдық жұмыстарға да тартқымыз келеді, одан бөлек жастар тәжірибесінен өтуді де ұсынып көрмекшіміз, – дейді Гүлшат Қаңтарбаева.
Еңбек жәрмеңкесіне келген Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов мұны «көзбояушылық үшін өткізіліп отырған шара емес» деп сипаттайды.
– Жастар азғантай болса да жалақыны қанағат тұтып, ерінбей еңбек етуі керек. Мысалы, мен кезінде еңбек жолымды жалақысының аздығына қарамастан кассирліктен бастағанмын, – дейді ешқашан жұмыссыз қалып көрмегенін айтқан Ақтөбенің әкімі.
Бірақ ол қаладағы жұмыссыздықтың жайын жақсы білетінін айтады.
«БЫЛТЫРҒЫ КӨРСЕТКІШТІ ҰСТАП ОТЫРУ – ҮЛКЕН ЖЕТІСТІК»
Қала басшысы мен шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақтөбеде 2016 жылы осындай 10 жәрмеңке өтіп, 680 адам жұмысқа орналасыпты. Бірақ Ақтөбедегі жұмыссыздық көрсеткіші еш өзгермей, биыл да былтырғы деңгейде қалған.
Мұның себебін сұраған Азаттық тілшісіне Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Найля Бөртебаева «жұмыссыздық түбегейлі жойылып кетпесе де, былтырғы көрсеткішті ұстап отырудың өзі – үлкен жетістік» деп жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, «Ақтөбеде жұмыссыз жүрген заңгер, экономист, мұнайшы жастар көп».
Ақтөбеде жастардың жұмыссыздығы мәселесіне былтыр 5 маусымдағы қарулы шабуылдан соң айрықша мән беріле бастады. Жергілікті билік таратқан ақпаратқа қарағанда, шабуыл жасаған азаматтардың 90 пайызы жұмыссыз болған. Сарапшылар да діни экстремизмнің әлеуметтік себептерінің бірі ретінде жастардың жұмыссыздығын атаған.
Осыдан кейін Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мамандары аудандардағы 25 мыңнан астам үйді аралап шыққан. Бұл басқарманың басшысының міндетін атқарушы Сәбит Мұқановтың сөзінше, сол кезде жұмыссыз отырған 35 мың 717 жасты тіркеген.
– Оның 84-і «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша маусымдық жұмысқа тартылды, 11 адам қысқаша курсқа жіберілді, екі-үш жігіт «Жол картасы» бағдарламасымен дәнекерлеушікке оқыды, – дейді Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы өкілі.
Жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен бүгінгі жәрмеңкеде қанша жас маманға жолдама берілгендігін ұйымдастырушылар әзірше айта алмай отыр. Нақты нәтиже бір жұманың ішінде жариялануы тиіс.