Тамыздың 19-ы күні Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Данил Байманқұлов Алматы облысы Сарыөзек ауылында орналасқан 12740-әскери бөлімінің командирі, аға лейтенант Ғалым Оразғалиевтің үстінен қозғалған іс бойынша үкім шығарды.
Аға лейтенант «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен бес жыл алты айға сотталды. Үкімге сәйкес, оның ешқайда кетпеу туралы берген қолхатының күшін жойылып, сот залында қамауға алынды. Бұған қоса сот оның мүлкін тәркілеп, офицерлік шенінен айыру туралы қаулы етті.
Үкім жарияланғаннан кейін қарауыл аға лейтенант Ғалым Оразғалиевті қолына кісен салынып, сот залынан алып кетті.
ТАРАПТАРДЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ МЕН РЕАКЦИЯСЫ
Сот материалдарына қарағанда, аға лейтенант Ғалым Оразғалиев қарамағында аға лейтенант Батыржан Мерманқұловқа банктен несие алуға көмектескен, кейін қызмет бабын пайдаланып ол ақшаны тартып алған.
Ғалым Оразғалиевтің әкесі Қанат Оразғалиев соттан кейін Азаттық тілшісіне баласына шыққан үкімге қатысты міндетті түрде шағымданатынын мәлімдеді.
Үкім жарияланғаннан кейін әскери бөлімнің аға лейтенанты, жәбірленуші Батыржан Мерманқұлов Азаттық тілшісіне сот шешіміне риза екенін айтты.
Сотталған офицердің анасы Гүлхан Оразғалиева бұл сөзді айтқан Батыржан Мерманқұловтың қолына жармасып, оны қарғап-сілеп жатты.
Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Данил Байманқұлов әскери қызметшілер арасындағы коррупциялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жұмыстағы кемшіліктерді айтып, қорғаныс министрлігі басшылығы атына жеке қаулы да шығарды.
Бұдан ертеректе қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал Бағдат Майкеевке қатысты үкімге қосымша осындай сот қаулысы шыққан. «Аса ірі көлемде пара алды» деп айыпталып, ұзақ мерзімге сотталған генерал әскери ведомствода коррупцияға қарсы комиссияны басқарып, офицерлердің бойында коррупцияға төзбейтін қасиеттер қалыптастыруға шақырып келген.
Соңғы жылдары коррупциялық қылмыс жасағаны үшін қорғаныс министрлігінің төрт генералы (екеуі қорғаныс министрі орынбасары шенінде) сотталды. Ал коррупциялық қылмыс жасаған төменгі буын офицерінің ісі жұрт назарына бірінші рет жетіп отырғаны – осы.