Accessibility links

Ерімбетовтің соты азаптау жайлы мәлімдемеден басталды


Ескендір Ерімбетов сот залында тұр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетов сот залында тұр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Жеті айдан астам уақыт қамауда отырған қазақстандық кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің үстінен қозғалған "алаяқтық" ісі бойынша сот процесі басталды. Тұтқын істің "саяси астары бар" деп мәлімдейді. БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің командасы заңсыз шығарып әкеткен қаржының ізін жасыруға қатысы бар деген күдікпен бизнесменге қарсы қозғалған тағы бір іс бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ.

47 жастағы Ескендір Ерімбетовтің ісіне қатысты сот процесі істі қарауға тағайындалған судьядан бас тартуға тырысқан әрекеттерден, айыпталушыны сот залынан күштеп шығаруға оның қарсылық танытуынан және АҚШ-тан келген адвокат төлқұжатының фотокөшірмесін жасаудан (адвокаттың өзі мұны "заңсыз" деп атады) басталды.

СОТ ПРОЦЕСІ ТАР ЗАЛДА БАСТАЛДЫ

Алматының Медеу аудандық сотында маусымның 14-і күні өткен алғашқы сот отырысына Ескендір Ерімбетовті қолдау үшін ондаған адам келді. Сот ғимаратының кіре берісінде жұрт ығы-жығы болып, процесс өтетін залға әуелі Ескендір Ерімбетовтің қорғаушыларын, оның ішінде АҚШ-тан келген адвокат Джаред Генсер мен оның аудармашысын, Ерімбетовтің бірнеше туысын, сосын өзге адамдарды кіргізді. Олар сот залына кірген кезде ол жерде іске қатысты өзге үш айыпталушы – Ерімбетовпен бірге жұмыс істеген, қазір үй қамағында отырған Михаил Зоров, Дмитрий Пестов пен Василина Соколенко және олардың қорғаушылары мен туыстары отырғанын көрді. Олар бірден өздерін фотоға немесе видеоға түсіруге қарсы екенін мәлімдеді.

Қазақстанға Ескендір Ерімбетовті қорғауға келген америкалық адвокат Джаред Генсер сот отырысына кірер алдында тексеруден өтіп жатыр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Қазақстанға Ескендір Ерімбетовті қорғауға келген америкалық адвокат Джаред Генсер сот отырысына кірер алдында тексеруден өтіп жатыр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Шамамен 16 адамнан артық сыймайтын шағын залға кіргендер тағы сығылысып қалды. Іле-шала күзетшілер қолына кісен салынған Ескендір Ерімбетовті алып кірді. Кісенді сотталушыны әйнекпен бөлінген жеке орынға жайғастырғаннан кейін ғана шешті. Бірақ күзетшілердің бірі үнемі сотталушыларға арналған орында – Ерімбетовтің жанында болды.

Судья Тәкен Шәкіров отырысты ашық деп жариялаған кезде Ерімбетовтің адвокаттары судьядан залға өзге БАҚ өкілдерін де кіргізуді өтінді. Судья бұған рұқсат етті. Залға журналистермен қоса, блогерлер мен тағы бірнеше азаматтық белсенді кірді. Зал отыздан астам адамға лық толды. Қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушының кей жақтастары сот отырысына сол күйі кіре алмай қалды. Олар сот ғимаратынан шығып, Ерімбетовке сәлем жолдап сыртта айқайлап тұрды.

Күзетшілердің сотталушы Ескендір Ерімбетовті сот залына әкелген сәті. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Күзетшілердің сотталушы Ескендір Ерімбетовті сот залына әкелген сәті. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

СУДЬЯДАН БАС ТАРТУҒА ТЫРЫСУ ЖӘНЕ ҮЗІЛІС

Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Игорь Лифшиц (сотталушының мүддесін тағы екі адвокат – Жанар Балғабаева мен Серік Айтпаев қорғап жатыр, ал Джаред Генсер процеске бақылаушы ретінде ғана қатысты) судья оның клиентін босату және процессуалдық сипаттағы кей өтініштерді беруге болатын алдын ала сот тыңдауын өткізу туралы мәселелерді шешпегеннен кейін судья Тәкен Шәкіровтен бас тарту туралы мәлімдеме жасады. Адвокат қамау мерзімі аяқталған Ерімбетовті бір тәулік бойы тергеу абақтысында заңсыз ұстап отыр деп мәлімдеді.

Адвокаттың бұл мәлімдемесінен кейін судья залдан шығып кетті, ал Ескендір Ерімбетов журналистердің сұрақтарына жауап беруге мүмкіндік алды. Ол тергеу абақтысында өзін азаптап, ұрып-соққаны туралы мәлімдеді әрі істің саяси астары бар деп санайтынын айтты.

Ескендір Ерімбетовтің сот залындағы мәлімдемесі (Алматы, 14 маусым 2018 жыл):

Ерімбетов сотта сөйледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

- Мені ұрып-соғып, азаптады, қинады. Екі жарым ай бойы камерада тұтқындармен бірге отырдым, мені бес адам жабылып сабады. Басымнан темір таяқпен ұрды. Тұншықтырмақ болды. Ұрып-соғумен қоса, моральдық тұрғыдан да қорлады, - деді сотталушы.

Бұған қоса, Ерімбетов іске қатысты өзге айыпталушылар "Күшті қысымға тап болды, сондықтан маған қарсы куәлік етуге мәжбүр болды. Мен бәрін түсінемін әрі бұл үшін оларды жазғырмаймын" деді.

Бір мезетте іске қатысты өзге үш айыпталушы, олардың қорғаушылары мен туыстары орындарынан тұрып, залдан шыға бастады. Оларды әуелгіде тіпті ешкім назар да аудармаған әлдебір жас жігіт басқарып жүрген болып шықты. Кейінірек "Кім боласыз? " деп сұрағанда, ол "пристав болып жұмыс істеймін" деп жауап берді. Бірақ куәлігін көрсетуден бас тартты.

Ерімбетовтің жақтастары тұтқынды алып кетпек болған күзетшілердің жолын бөгеп тұр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Ерімбетовтің жақтастары тұтқынды алып кетпек болған күзетшілердің жолын бөгеп тұр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Журналистермен әңгімесін тоқтату үшін күзетшілер Ескендір Ерімбетовті сот залынан шығаруға тырысты. Бірақ Ерімбетовті қолдауға келген бірнеше адам сотталушыларға арналған орыннан шығатын жолды бөгеп тұрып алды. Судьяның бұйрығынсыз шығудан бас тартып, аяқтарын тіреп тырмысқан Ерімбетовті "шығаруға" жанындағы жалғыз күзетшінің әлі келмеді.

Көп ұзамай залға келген өзге судья – Тұрсынхан Саликов келді. Ол прокуратураның позициясын қолдап, адвокаттың судья Шәкіровтен бас тарту туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Жәбірленуші тарап өкілдері (іс бойынша "Казавиалесоохрана", "Казавиаспас" компаниялары, Азаматтық авиация академиясы және Жамбыл облысы әкімдігі жәбірленуші ретінде танылған) судьядан бас тару мәлімдемесіне қарсылық білдірген жоқ.

Ескендір Ерімбетов түрмеде өзін азаптағаны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін сотталушыларға арналған орында онымен бірге тұрған күзетші тұтқынның қолына кісен салып, оны сот залынан әкетуге әрекет жасады.
Ескендір Ерімбетов түрмеде өзін азаптағаны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін сотталушыларға арналған орында онымен бірге тұрған күзетші тұтқынның қолына кісен салып, оны сот залынан әкетуге әрекет жасады.

КЕЙІН ҚАРАУҒА ҚАЛДЫРЫЛҒАН ӨТІНІШТЕР

Судья Тәкен Шәкіров отырысты тағы өзі жалғастырып, өтініштерді қарай бастады. Ол кей өтініштерді, соның ішінде соттан қоғамдық қорғаушы мәртебесін беруді сұраған қалған үш айыпталушының кей туыстарының өтініштерін бірден қанағаттандырды. Бір кезде судья Шәкіров қанағаттанған сезіммен "түскен өтініштердің шамамен 70 пайызына қатысты оң шешім қабылдадым" деп мәлімдеді.

Оның бұл уәжіне адвокат Лифшиц "негізгі өтініштерге қатысты оң шешім қабылданған жоқ" деп қарсы уәж айтты. Бұған қоса, ол қамау мерзімі маусымның 13-і күні аяқталғанына байланысты клиенті Ескендір Ерімбетовті қамаудан дереу, яғни сот залынан босатуды сұрады. Оны өзге сотталушылар мен олардың қорғаушылары да қолдады. Жәбірленуші тарап өкілдері де қарсы болған жоқ.

БАҚ өкілдері күзетшілердің Ескендір Ерімбетовті сот залынан күштеп алып кетпекші болған әрекетін түсіре бастады. Тұтқынның жақтастары: "Ескендір! Ескендір!" деп айғайлады. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
БАҚ өкілдері күзетшілердің Ескендір Ерімбетовті сот залынан күштеп алып кетпекші болған әрекетін түсіре бастады. Тұтқынның жақтастары: "Ескендір! Ескендір!" деп айғайлады. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Есесіне айыптаушы тараптың өкілі – прокурор Тимур Шамон тағы қарсылық білдірді. Лифшиц соттан Ерімбетовке бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап тұрмағанын, заң талабына сәйкес, клиентін қамаудан дереу босатуды қажет деп санайтынын түсіндірді. Адвокат "заңдылықты қадағалау міндеті жүктелген прокурордың бұл жолы заңды анық бұзуды қолдағаны үшін қандай жауапқа тартылуы мүмкін екенін прокурор дұрыс түсінбей тұрған тәрізді" деді. Прокурорлар үндеген жоқ.

Біразға созылған үнсіздіктен соң судья адвокаттың бұл өтінішіне қатысты шешімді келесі сот отырысында қабылдайтынын жариялады.

Ескендір Ерімбетовтің қорғаушысы әрі әкесі Мырзахан Ерімбетов соттан отырысқа қатысып отырған прокурор Еркін Баймағамбетовті процестен шеттетіп, оны сотқа куәгер ретінде шақыруды сұрады. Бұған қоса, ол жедел тергеу тобының басшысы Сергей Перовты да куәгер ретінде шақыруды өтінді. Мырзахан Ерімбетовтің пікірінше, сотталушыларды "компания қызмет көрсету ақысын асырды" деген айыптау негізсіз. Оның сөзінше, "маржа" – өркениетті елдердің бәрінде заңды саналады.

Ескендір Ерімбетовтің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов сотқа өтініш айтып тұр.
Ескендір Ерімбетовтің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов сотқа өтініш айтып тұр.

Бұған қоса, оның мәлімдеуінше, тергеу амалдары кезінде тергеуші Перов ақпаратты үшінші тұлғалар – коммерциялық компаниялар және Жамбыл облысы әкімдігімен бөлісіп, заң бұзған. Оның пікірінше, бұл – баласының компаниясы қызмет көрсеткен оларды жәбірленуші етіп шығару мақсатымен жасалған әрекет. Ерімбетовтің сөзінше, әуелгіде ешқандай жәбірленуші болмаған, өйткені әуе тасымалымен айналысқан компания қызмет түрлерін ұсынған, ал тұтынушылар көрсетілген қызмет ақысын өз еркімен төлеген. Мырзахан Ерімбетов өз өтінішінде бұрын ешкімнен мұндай шағым болмаған, ал компаниялар мен әкімдікті тергеуші "жәбірленушіге" айналуға мәжбүрлеген шығар деп көрсетеді.

Мырзахан Ерімбетовтің сөзінен кейін залда отырған жұрт қол шапалақтады. Судья бұл өтінішке қатысты шешімді маусымның 20-сына белгілеген сот отырысында қабылдайтынын жариялады.


АМЕРИКАЛЫҚ АДВОКАТТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

Сот отырысы өтіп жатқан залда америкалық адвокат, Perseus Strategies заң фирмасының басшысы Джаред Генсер (ол Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Гавелдің, қытай жазушысы әрі бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы лауреаты Лю Сяобоның құқығын қорғаған) отырған кезде түсініксіздеу оқиға болды. Судья америкалық адвокат туралы деректермен танысу үшін Генсерден төлқұжатын көрсетуді сұрады. Айыпталушының ата-анасы бекіткен келісім-шартта Джаред Генсер – Ескендір Ерімбетовтің қорғаушысы деп көрсетілген. Прокурор Еркін Баймағамбетов судьяның көмекшісінен Генсердің төлқұжатын сұрап алып, оны өзінің ұялы телефонына суретке түсіріп алды.

Прокурор Еркін Баймағамбетов өзінің ұялы телефонына америкалық адвокат Джаред Генсердің төлқұжатын суретке түсіріп отыр.
Прокурор Еркін Баймағамбетов өзінің ұялы телефонына америкалық адвокат Джаред Генсердің төлқұжатын суретке түсіріп отыр.

Үзіліс кезінде Генсер прокурордың жанына барып, "Жеке құқығымды қандай негізде бұздыңыз?" деп сұрады. Прокурор Баймағамбетов "ұялы телефоныма түсіріп алған фотоны өшіріп тастадым" деп сендірмекші болды.

Генсер прокурорға өз пікірінше, төлқұжатын фотоға түсіру арқылы заң бұзу мен осы қылықты бірден жуып-шаю арасында айырма барын, сондықтан ол прокурордың заңды неге бұзғанын білгісі келетінін түсіндіруге тырысты. Прокурор Баймағамбетов "суретті өшіріп тастадым ғой, ештеңе бүлініп қалған жоқ" деген сарында жауап берді.

Америкалық адвокат Джаред Генсер өз төлқұжатын қандай мақсатпен суретке түсіргені туралы прокурор Еркін Баймағамбетовке сұрақ қойып тұр. Прокурор ол фотоны телефонынан жойып тастағанына адвокатты сендіруге тырысты.
Америкалық адвокат Джаред Генсер өз төлқұжатын қандай мақсатпен суретке түсіргені туралы прокурор Еркін Баймағамбетовке сұрақ қойып тұр. Прокурор ол фотоны телефонынан жойып тастағанына адвокатты сендіруге тырысты.

Сот отырысы аяқталғаннан кейін Джаред Генсер Азаттық тілшісіне Қазақстанның сот тәжірибесі халықаралық стандарттардан қаншалықты алыс екенін көріп, "әрі-сәрі" күй кешкенін айтты. Ол соттың алдын ала тыңдау өткізбегеніне және процеске қатысқысы келген адамдардың кейбірін сот залына кіргізбегеніне алаңдаушылық білдірді. Генсердің пікірінше, Ерімбетовке қатысты бұлтартпау шарасын оны кепілге босату немесе үй қамағы тәрізді өзге кез-келген түріне ауыстыру үшін жеткілікті негіз бар.

Джаред Генсер соттың процеске қатысушы мәртебесін беру туралы оның өтінішін орындаудан да, тергеу абақтысындағы Ескендір Ерімбетовпен жолығуға рұқсат етуден де неге бас тартқанын түсінбейтінін айтты. "Келісім-шарт бойынша мен Ерімбетовтің қорғаушысымын, ал менімен кездесуге Ерімбетовтің өзі қарсы емес" дейді ол.

Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова (оң жақта) мен әйелі Мәдина Ерімбетова сот отырысы кезінде. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова (оң жақта) мен әйелі Мәдина Ерімбетова сот отырысы кезінде. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Америкалық адвокат Қазақстан билігі оның клиенті Ескендір Ерімбетовке бірнеше шетелдік сарапшыны ертіп апарып, олармен Ерімбетовті еркіне қоймай жолығуға мәжбүрлеп, сосын сарапшыларға сенбегендіктен, олармен сөйлесуден бас тартқанын оған қарсы пайдаланғанына мүлде қайран қалды. Бұған қоса, Генсер Қазақстан билігі азаптау іс-әрекеттері қолданылғаны туралы ақпаратқа қатысты мән-жайды тексеру үшін келді деп мәлімдеген сарапшылардың кімнің қаражатына келгені түсініксіз деп ескертеді. Өзі бұған рұқсат бермегенімен, шақырылған кей сарапшыларға Ерімбетовтің сырқаттары жазылған кітапшасын да көрсеткен. Биыл сәуірде түрме абақтысындағы Ерімбетовпен жолыққан Польша парламентінің депутаты Марчин Свенчицкий мен италиялық құқық қорғаушы Антонио Стангоның сапары кезінде ресми Астана Қазақстан қоғам мен мемлекеттік органдарда азаптауға "нөлдік төзімділік" атмосферасын құру шараларын қабылдап, ізгілендіру мақсатында қылмыстық қудалау заңдарын реформалап жатыр деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Польша депутаты: Ерімбетов азаптау туралы айтты

Оның айтқандарына қарағанда, оны азаптаған тергеушілер мен өзге адамдар егер Белгия босқын мәртебесін берген қарындасы [Бота Жәрдемәлі] Қазақстанға оралып, қуғындағы оппозицонер Мұхтар Әблязовке қарсы куәлік етсе ғана сені босатуы мүмкін деп хабарлаған

Кейінірек Свенчицкий мен Станго Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша Брюссельде берген есебінде тергеу абақтысында отырған Ерімбетовті "тергеумен ынтымақтасуға мәжбүрлеу" мақсатымен азаптаған деуге негіз бар деп көрсеткен. Ерімбетовтің бұлтартпау шарасын өзгертіп, тұтқынның әке-шешесінің шағымы бойынша қозғалып, қылмыс құрамы жоқ деген уәжбен іле-шала жабылған азаптау туралы істі тергеуді жаңғыртуға кеңес берген Свенчинский мен Стангоның есебінде: "Оның айтқандарына қарағанда, оны азаптаған тергеушілер мен өзге адамдар егер Белгия босқын мәртебесін берген қарындасы [Бота Жәрдемәлі] Қазақстанға оралып, қуғындағы оппозицонер Мұхтар Әблязовке қарсы куәлік етсе ғана сені босатуы мүмкін деп хабарлаған. Ұрып-соғудың, психологиялық қысымның және түрмедегі ауыр жағдайдың кесірінен Ерімбетовтің денсаулығы нашарлап кеткен" делінген.

Оқи отырыңыз: Бота Жәрдемәлі: "Қазақстанға оралсам, мені де қамап, қинайды"

Ескендір Ерімбетовтің туыстары, достары мен қорғаушылары сот отырысынан кейін. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетовтің туыстары, достары мен қорғаушылары сот отырысынан кейін. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Ескендір Ерімбетовке тағы бір іс – БТА банкінен заңсыз әкетілген "ақшаны жылыстату" ісі бойынша айып тағылған. Шетелде тұратын әрі Қазақстан билігін сынап жүрген БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен Әблязовтің заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәліге (Ерімбетовтің қарындасы) де айып тағылған бұл іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG