Кинофестивальде Оңтүстік Кореялық танымал режиссер Ким Ки Дук қазылар алқасының төрағасы болды. Конкурстық жұмыстарды анықтауда оған ресейлік белгілі режиссер әрі актер Владимир Хотиненко көмектесті.
Бұл жолғы кинофестивальге режиссер Чак Рассел, актерлер Джон Кьюсак, Настасья Кински, Сигурни Уивер, Нед Беллами, Елена Корикова, Сергей Астахов, Владимир Еремин және Вадим Колганов келді.
Кинофестивальдің ашылу және жабылу салтанатында қызыл кілемді басып өткен қазақстандық танымал кино қайраткерлерін атап шығу мүмкін емес.
Фестивальге қатысушыларды марапаттаған соңғы күнгі салтанат америкалық актриса Сигурни Уивердің арқасында есте қалды. Актрисаға қазақтың ұлттық стилінде тігілген камзол жапты.
ШАПАН ЖАБУ РЕКОРДЫ
Негізі, Қазақстанда қоғамдық іс-шараларда ұлттық киім сыйлау үйреншікті іске айналып кеткен. Камзол киген Голливуд жұлдызы қазақ халқының сыйлы қонаққа шапан жабатын құрметінен де хабардар болып қайтты.
Жазушы әрі аудармашы Герольд Бельгердің пікірінше, қазақтың шапаны – қатардағы киімнің бірі емес. Шапан – құрметтің, достықтың, сыйластықтың, ұлттық дәстүрге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Аса мәртебелі қонақтың иығына кестелі, қымбат шапан жабу – азиялықтар арасында ертеден келе жатқан салтанатты рәсім. Жазушы «қазақтың шапаны – әркімге бір үлестіріле беретін сөлкебай емес» дейді. Оны кез-келген адамға сыйлай бермейді. Бірақ бірде шетелден келген делегацияның 35 мүшесіне 35 шапан жабылған сәт те болған.
Қонаққа немесе той иесіне - бір адамға жабылған шапан көп болуы да мүмкін. Таныс журналисімнің айтуынша, Вахтанг Кикабадзе Алматыға келгенде оған 11 шапан сыйланған. Ал Герольд Бельгер 60-қа толған тойында 32 шапан кигенін айтады.
Бәлкім, осыдан кейін кімге ең көп шапан жабылғанын есептеп, ол оқиғаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізуіміз керек шығар?
ГӘП - БАҒАСЫНДА ЕМЕС
Түріктің қара көк барқытынан тігілген, әшекейлі камзол Сигурни Уиверге жараса кетті.
Актрисаға әуелі танымал дизайнер Балнұр Асанованың қолынан шыққан, құны 250 мың теңге (шамамен 1,7 мың АҚШ доллары) шапанды жаппақ болған екен. Қолдан тігілген ол шапанның жағасы – Сібір құндызы, әшекейі – Сваровскидің асыл тасы болыпты. Алайда ол кинода бөтен планетадан келген құбыжықтармен шайқасатын ержүрек Сигурни Уиверге сыймай қалыпты.
Америкалық актрисаға дәл келетін шапан «Сымбат» сән үйінен де табылмапты. «Ертерек тапсырыс бергенде екі аптаның ішінде тігіп қояр едік» дейді ондағы шеберлер.
Бірақ Сигурни Уиверге «шапан жабу» идеясы аяқ астынан, фестиваль өтіп жатқан күндері шыққаны көрініп тұр. Сондықтан фестивальдің ұйымдастырушылары «Заңғар» сауда үйіне барып, «Дидар» компаниясының қарапайым камзолын алыпты. Әрине, гәп сыйлықтың бағасында емес, ниетте ғой.
Сигурни Уивер – «Дидар» компаниясы тіккен шапанды киген алғашқы Голливуд жұлдызы емес. Бұдан бес жыл бұрынғы кинофестивальде осы компанияның шапанын Стивен Сигал да жамылған екен.
Ал Сигурни Уивер бұл шапанды Алматыдан кеткен соң кие ме, жоқ па – ол жағы күмәнді. Бірақ қазақтардың қонақжайлылығы қандай болатынын біліп кеткеніне күмәніңіз болмасын.
P.S. Бұл мақаланы оқыған зейнеткер апайым: «Танымал шетелдік актерлерге шапан сыйлап жатқандары дұрыс. Оларда шапаннан басқаның бәрі бар ғой» деді.