Accessibility links

Көкжайлауды қорғау шарасы тауда өтті


«Көкжайлауды қорғайық!» флешмобы. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.
«Көкжайлауды қорғайық!» флешмобы. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.

​Экология белсенділерінің қарсылығына қарамастан Алматы маңындағы Көкжайлау үстіртінде тау шаңғысы курорты салына бастады. Бірақ белсенділердің шатқалды қорғау акциялары жалғасып жатыр.

Алматы қаласы әкімдігінің Іле Алатауы ұлттық табиғи бағы территориясында тау шаңғысы курортын салу жоспары туралы Азаттық бұдан бұрын да талай жазған. Оның құрылысына мемлекеттік бюджеттен 450 миллион доллар бөлінген. Бір мың гектардан асатын алаңға 17 аспалы жол, 56 шақырымдық шаңғы трассасы, Альп ауылын салу жоспарланған.

Жобаның қарсыластары Алматыда да, одан тысқары жерлерде де көп. Тау шаңғысы құрылысына қарсы жарияланған хатқа 10 мың адам қол қойған. Жалпы, жобаға қарсы адамдар қатары бұдан да көп, бірақ олардың көбі наразылықтарын қалай білдіруді білмейді.

ҚАРСЫЛЫҚ

Жобаны іске асыру жұмыстары басталып та кетті. Facebook желісінде Көкжайлау шатқалы учаскелерінің біріндегі құрылыс алаңынан түсірілген алғашқы фотосуреттер мен кімдердің қандай құрылыс жүргізетіні көрсетілген құжаттардың фотокөшірмелері пайда болды. Көкжайлау тау шаңғысы курортын сырттан электрмен жабдықтауға арналған электр желілерін тарту жұмыстары шілденің 11-інде басталған. Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың 11 қаңтарында аяқталуы тиіс. Тапсырыс беруші – «Алматы қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Ал мердігер компания – «Электр кабельдері» зауыты.

Көкжайлаудағы құрылыс жұмысы. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.
Көкжайлаудағы құрылыс жұмысы. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.

Мердігерлік жұмыстар туралы келісім-шарт 2014 жылдың 28 ақпанында, яғни тау шаңғысы курортының қоршаған орта мен экологияға әсерін талқылаған қоғамдық тыңдаулар өткенге дейін, тіпті курорт жобасын түпкілікті мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізуден бұрын бекітілген. Соған қарағанда, бұл жобамен айналысатындар қолдаушыларына әрі экологиялық сараптама ойдағыдай өтетініне сенімді болса керек.

«Шұңқыр қазылып жатыр» деген ақпараттан кейін сәл дағдарып қалған «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысы белсенділері тауда флешмоб өткізе бастады. Олар қарсылық белгісі ретінде сенбі сайын құрылыс алаңына келіп, символдық шұңқыр қазады. Бұл үшін біреулер полиэтиленді, енді біреулер тіпті балалардың ойыншық күрегін пайдаланады.

Көкжайлаудағы құрылыс жұмысы. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.
Көкжайлаудағы құрылыс жұмысы. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.

Бір қарағанда мұның бәрі құр әурешілік болып көрінеді. Өйткені құрылысшылар қаза бастаған шұңқырдың тереңдігі мен аумағы бір аптада біраз ұлғайған (қазір оның ені 50, ұзындығы 50 метрге жеткен). Бірақ экологиялық белсенділер ары-бері өтіп жатқан туристерге тау шаңғысы курорты жобасына қарсы адамдардың да бар екенін көрсету мақсатымен әрі наразылық шарасын көрген жұрт Көкжайлауды қорғау шараларына қосылсын деген ниетпен флешмоб өткізіп жүр. Расында да, Көкжайлаудағы соқпақта қыдырып жүргендердің арасында тау шаңғысы курортын салу жобасынан да, шатқалды қорғау қозғалысынан да хабарсыз адамдар бар болып шықты.

Көкжайлауды белсенді қорғап жүргендердің бірі – алматылық суретші Салтанат Сарыбаева Facebook желісінде: «Қазылған шұңқырды көргендер аң-таң болып жатыр. Бүгін әңгімелескен жүз шақты адамның кейбірі болмаса, көбі бізді қолдады» деп жазады.

ШҰҢҚЫР ТҮБІНДЕГІ STOP БЕЛГІСІ

Соңғы акциялардың бірі – «Көкжайлауды қорғайық!» флешмобы тамыздың 10-ы күні шатқалда қазылып жатқан шұңқыр түбінде өтті. Флешмобқа қатысушылар ұлттық табиғи бақтың кіре берісіндегі шлагбаумға екі автобуспен келді. Одан әрі тауға қарай үш шақырымдай жол жүру қажет.

Көкжайлаудағы флешмоб. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.
Көкжайлаудағы флешмоб. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.

Олар күннің ыстығында тауға шаңы бұрқыраған соқпақпен немесе қара жолмен көтерілді. Жұрттың көбі үш шақырымдай жолды жаяу жүріп өтті. Бірнеше адам тау велосипедімен шықты. «Табиғат» экологиялық қоғамы төрағасы Мэлс Елеусізов жалға алған атымен келді. Автомобильмен келген жалғыз адам басшылары флешмобтың өту барысын бақылауға жіберген қалалық әкімдік өкілі болып шықты.

Флешмоб ұйымдастырушылары ақ матаның қиықтарынан шұңқырдың түбіне STOP деп жазды. Бұдан кейін шұңқырды айнала қоршап тұрған флешмобқа қатысушылар мегафон ұстаған режиссердің командасымен қолдарын жоғары көтеріп «Стоп!» және «Біз Көкжайлауды жақсы көреміз!» деп айқайлады.

Ал бір топ адам STOP сөзіндегі әріптердің үстіне жатып, сәлден кейін орындарынан тұрды. Бұл әлі де енжар жұртты ұйқыдан оятып, Көкжайлауды қорғау қозғалысына қосылуға шақыруды білдірген қимыл екен. Ал олардың қимылдарын әуеде ұшып жүрген шағын аспап фото-видеоаппаратқа түсіріп жатты.

Көкжайлаудағы флешмобқа келген адамдар. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.
Көкжайлаудағы флешмобқа келген адамдар. Алматы, 10 тамыз 2014 жыл.

Флешмобқа 70 шақты адам жиналды. Тауға демалуға келген көптеген адам акцияның куәсі болды.

Жұрттың енжарлығына өкініш білдірген Мэлс Елеусізов «егер шатқалға 70 емес, он мың адам жиналса, тау шаңғысы курорты жобасын тоқтатар ма еді» дейді. Оның сөзінен Көкжайлауды қорғауға қатысты наразылық шаралары әлі де жалғаса беретіні байқалады.

Андрей Платоновтың 1930 жылы жазған антиутопиялық повесінде келешектің утопиялық қаласын салу әрекеті баяндалады. Бірақ бұл істерінің құр әурешілік екенін, мақсат амалды ақтамасын түсінген құрылысшылар жұмысты бірінші үйдің шұңқырын қазған кезде тоқтатады.

«Экономикалық қайтарымы күмән туғызатын курорт үшін Іле Алатауындағы ең көрікті жерлердің бірін әдемі табиғатынан айырып жатырмыз-ау» деген ой курортты салуды бастаған құрылысшыларға келері белгісіз. Ал басталып кеткен құрылысты жоба қарсыластарының тоқтатуға шамасы келе ме? Әзірше екі жақтың да алған бетінен қайтар райы байқалмайды. Бірі жобаны қарқынды қолға алса, екіншісі бұған табанды қарсылық көрсетіп келеді.

ВИДЕО: Көкжайлаудағы флэшмоб

Көкжайлаудағы флэшмоб
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:46 0:00
Жүктеп алу

XS
SM
MD
LG