Accessibility links

The Spirit of Tengri фестиваліне үш құрлықтан қатысты


The Spirit Of Tengri
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00

Алматыда The Spirit Of Tengri этникалық музыка фестивалі өтті. (Видео авторы - Алексей Азаров).

Алматыда Республика сарайы алдындағы алаңда өткен этникалық музыка фестивалі алты сағатқа созылды. Оған үш құрлықтан 13 топ пен өнерпаз қатысты.

Алматыда осымен екінші рет өткен The Spirit of Tengri этникалық музыка фестиваліне келген көрермендер сан түрлі халықтық музыка аспаптарымен танысып, үнін тыңдады. Этникалық музыка (этно не этника деп те аталады) деп коммерциялық дыбыс жазу арқылы Батыс стандарттарына бейімделіп жазылған, еуропалық музыкаға ұқсамайтын халық музыкасын атайды.

Былтыр тұңғыш ұйымдастырылған The Spirit of Tengri фестивалі биыл да Open Air+Live Music форматында өткізілді. Ол кезде биылғыдан аз – 11 топ қатысқан. Олардың жартысынан көбі алғашқы фестивальде де өнер көрсеткен.

Биыл фестивальге Қазақстаннан үш топ («Роксонаки», «Алдаспан», «Шарапат»)
Болот Байрышев. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
Болот Байрышев. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
қатысты. Ал Ресей аймақтарының музыкалық этномәдениетімен таныстырған қонақтар көп болды: «Арғымақ» (Башқұртстан), Чалтыс (Таулы Шория), Болот Байрышев және «Белуха Jam» (Алтай Республикасы), «Намгар» (Мәскеу/Бурятия), Радик Тұлыш (Тыва), Саинхо Намчылак (Австрия/Тыва) сияқты өнерпаздар келді. Фестивальге Грузиядан The-Shi, Түркиядан Baba Zulа топтары, ал Қырғызстаннан әнші Гүлзада қатысты. Экзотикалық топтардан Оңтүстік Америка үндістерінің триосы қатысты.

Көрермендердің көбі концертті қоршаудың сыртында тұрып тыңдады. Алаң көрерменге толы болды. Сахнаға соңғы өнерпаз шыққанда түн ортасына жуықтаған еді.

ӘРТҮРЛІ СТИЛЬ

Бұл этникалық музыканы түрлі музыкалық жанрлармен үндестірген концерт болды.

Грузиндердің The-Shin (грузин тілінен аударғанда «Үйге жол» дегенді білдіреді) тобы өздері «Кавказ-Иберия джазы» деп атайтын этно-джаз жанрында өнер көрсетті.

Грузияда 1992 жылдың үздік джаз гитарисі деп танылған Заза Миминошвилидің гитарадағы шебер ойыны мен топ мүшесінің бірі орындаған грузин биі
Саинхо Намчылак. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
Саинхо Намчылак. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
көрермендерді тәнті етті.

Біраздан бері Австрияда тұратын тывалық әнші Саинхо Намчылак халық музыкасы, джаз бен шаман әйелінің биі араласқан өнер көрсетті. Бұл жолы Саинхо өз қабілетін толық аша алмады. Өзінің айтуынша, жуырда операция жасатқан ол бұл концертке өзін тексеру үшін келген.

Көптеген топтар мен жеке әншілер, (мысалы, қазақстандық «Роксонаки», «Алдаспан», «Шарапат», башқұрттың «Арғымақ», түріктің Baba Zula топтары) этно-рок стилінде өнер көрсетті. Музыканттардың орындауында рок жанры байыпты роктан психоделикалық, хард-рокқа дейінгі диапазонда құбылды.

Тывадан келген көмеймен ән айту шебері Радик Тұлыштың, алтайлық қайшы (жыршы) Болот Байрышевтің, буряттың «Намгар» тобының орындауындағы жырлар дәстүрлі халық музыкасына жақын болды.

ТАУ АЛҚАПТАРЫ ТІЛІНДЕГІ ӘНДЕР

Фестивальдегі ең экзотикалық топ Эквадордан келген Yarik-Ecuador тобы болған сияқты. Бұл топта кечуа халқының өкілдері – үш үндіс жігіті мен Мәскеуден 20 жыл бұрын Эквадорға көшіп кеткен топ продюсері бар. Соңғы бес жылда Ресейде Оңтүстік Америкадан гастрольмен келетін үндіс топтарын көптеп
Yarik-Ecuador тобы. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
Yarik-Ecuador тобы. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
кездестіруге болады. Олар мамыр айында келіп, күзде елдеріне қайтады. Yarik-Ecuador тобы музыканттары Ресейге келген алғашқы топ сияқты.

Бұл трионың жарыққа шыққан бірнеше дискісі бар. Оның екеуі Инк мемлекетінің мәдени мұрагері саналатын кечуа халқының дәстүрлі музыкасына арналған.

Музыканттар сахнаға кена, кеначо (сырнайдың бір түрі), сампоньо (панфлейта аспабының бір түрі) сияқты дәстүрлі музыкалық аспаптармен шықты. Олар аудармасы «тау алқаптарының тілі» дегенді білдіретін кечуа тілінде жырлады. Орындалған композициялардың бірі мәдени дәстүрлерді қайта жаңғырту қажеттігі туралы. Композицияны мына арадан тыңдауға болады.

Үндіс музыканттар қаламен әрі оның маңындағы таумен танысу үшін Алматыда тағы біраз уақытқа қалғысы келеді. Олар жергілікті халықтың музыкалық аспаптарына қызығып, бұл аспаптарда ойнауды үйренгісі келеді.

ЭЛЕКТР ЖЕТІГЕН

Фестивальде электр жетіген аспабы үлкен сахнада алғаш рет таныстырылды. Оны бір жыл бұрын құрылған «Шарапат» тобы пайдаланады. Олар бұрыннан қолданып жүрген электр домбыраның бірнеше түріне енді электр жетіген қосылды.

– Бұл – жетігеннің 23 шекті баламасы, фон беретін аспап. Аспапта дыбыс ​
Электр жетігенді тартатын Ербол Шаңбаев («Шарапат» тобы мүшесі, сол жақта) пен аспапты жасаған Нұржан Тойшы. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
Электр жетігенді тартатын Ербол Шаңбаев («Шарапат» тобы мүшесі, сол жақта) пен аспапты жасаған Нұржан Тойшы. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
түсіргіш технологиясы мен пьезоэлемент пайдаланылады, – дейді аспапты құрастырушы, ІТ-технологиялар компаниясының басшысы Нұржан Тойшы.

Ол музыкаға бала кезінен әуес екенін, ал бұл хоббиі екенін айтады.

Үні көпке дейін үзілмейтін болғандықтан, электр жетігенді тарту қиын. Оны бір рет қағып қалсаң, кешке дейін дауысы үзілмей тұруы мүмкін. Сондықтан дауысын дер кезінде өшіру керек. Басқару тетіктері де көп. Дыбыс жиілігі реттеліп, педаль пайдаланылады. Мақсат Хасанов аспапқа Гавай гитарасының элементін қосқан.

Электр жетіген аспабын жасауға төрт ай кеткен. Ол Мәскеудегі электр гитара шығарумен айналысатын белгілі Shamray Guitars шеберханасында жасалған. Аспап бұрын патенттелген элементтерден жиналғандықтан, заң бойынша оған патент берілмейді.

БАС ПРОДЮСЕРМЕН ӘҢГІМЕ

The Spirit of Tengri фестивалінің бас продюсері Жан Қастеевтің айтуынша, Қазақстанда өз контенті негізінде этникалық музыка жазуға тырысатын жаңа музыканттар пайда болған.

– Көбі қазіргі заман семплдерін (сандық форматқа көшірілген дыбыстық үзінділер) алып, қазіргі заманғы диджей луптарына (дыбыстық жазбаның сансыз
Фестивальдің бас продюсері Жан Қастеев. Алматы, 6 маусым 2014 жыл.
Фестивальдің бас продюсері Жан Қастеев. Алматы, 6 маусым 2014 жыл.
мәрте қосуға болатын үзіндісі) салса, жаңа музыка туғандай болады. Ал біз этникалық музыканы луп түрінде емес, музыкалық аспаптардың көмегімен өңдейміз. Питер Габриэл (британдық музыкант, көптеген этно орындаушылардың продюсері) он жыл бұрын дамыта бастаған идея бізге енді жетті, – дейді фестиваль продюсері Азаттық тілшісіне.

Жан Қастеевтің пікірінше, қазақстандықтар бұл салада әлі жоғары дәрежеге жете қойған жоқ, шетелге шыққысы келетін рок-топтар көп, бірақ ол жақта мұндай музыка жетіп-артылады.

– Әлемге есімі танылған қазақстандық орындаушылар бар деп айтуға әлі ертерек. Мысалы, «Роксонаки» тобы дүркін-дүркін фестивальдерге шығып тұрады, бірақ бұл оны шетелде жақсы таниды деген сөз емес. Бізді жақсырақ тану үшін музыканттар мен менеджерлер жұмылып жұмыс істеуі тиіс. Бірақ әзірше мемлекет қолдайтын бірер жоба ғана бар, – дейді ол.

ЭТНОМУЗЫКА ФЕСТИВАЛЬДЕРІ – ӘЛЕМДІК БРЕНД

Тывалық Радик Тұлыш «Алматыдағы фестиваль жақсы ұйымдастырылған, көңілді өтіп жатыр» дейді.

Башқұрттың «Арғымақ» тобының жетекшісі Ринат Рамазанов фестивальге
Радик Тұлыш. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
Радик Тұлыш. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
«жақсы ұйымдастырылған, жұрт жылы қабылдады» деген баға беріп, көп ұзамай мұндай фестивальдер халықаралық деңгейге көтеріліп, әлемдік брендке айналады деп үміттенеді. Бірақ әр ел өзінің қайталанбас өнерімен ерекшеленетінін айтады.

– Домбыраны қазақтан артық шертетін, қурайды башқұрттан артық тартатын, ал көмеймен ән айтуда тывалық әншіден озар ешкім жоқ, – дейді Ринат Рамазанов Азаттық тілшісіне.

Фестивальге келген өнерпаздардың барлығын бір концертке сыйғызғаны қынжылтты. Алты сағат бойы тік тұрып тыңдауға кімнің шамасы келеді. Дыбыс жағынан да кемшіліктер болды. Кейде музыканттар дыбыс режиссеріне бірдеңені «үдет немесе бәсеңдет» деп ымдап көрсетіп жатты. Азаттықпен оңаша әңгімелескен қонақтардың бірі дыбыс өте нашар болғанын айтты.
XS
SM
MD
LG