"Поколение" зейнеткерлер қозғалысының жетекшісі Ирина Савостинаның пәтеріне қоңырау шалған соң оның есікке келуін ұзақ күтуге тура келді. Қарт әйелдің ауыратын аяғын әрең басып, күңкілдеп келе жатқаны естілді. Савостина есікті өзі ашты, көз алдымда әлсіз, таяққа сүйенген 84 жастағы әйел тұр. Бірақ адамға тік қарайтын тұнық жанарынан ерік-жігері мықты екені байқалады.
Савостинамен кездесуге Facebook әлеуметтік желісінде журналист Гүлжан Ерғалиеваның "Поколение" қозғалысы жетекшісінің денсаулығы туралы жазған посты себеп болды. Ерғалиева бұрын Савостина оппозициялық алаңда бірге жұмыс істеген бірнеше танымал адамға хабарласып, олардан емге қатты мұқтаж белсендіге көмектесуді сұрапты. Савостинаның өзі Ерғалиева көмек сұраған адамдардың ешбірі хабарласпағанын айтады.
"БІРЕУ ҚОС ТОЙ ЖАСАЙДЫ, ЕНДІ БІРЕУДІҢ ІШЕРГЕ АСЫ ЖОҚ"
Азаттық тілшісі Ирина Савостинамен шілденің 6-сы – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне "дөп келетін" Астана күні кездесті.
"Мерекені атап өтпейсіз бе?" деген сауалға таңырқап: "Қандай мейрам?" деп сұрады. Қатарынан екі мейрам екенін естігенде қырын қарап, бәсең, бірақ анық дауыспен: "Ол [президент Назарбаев] өзі тойласын" деді.
Мұнан соң комодтан "Мен сізді айыптаймын" деген өлеңдер жинағын алып, осы аттас өлеңін оқып берді. Соңғы шумағы мынандай (автордың орфографиясы сақталған):
Вы уничтожили великую страну,
Обворовав народ, создали свой богатый класс,
Но вас сметет народный гнев. Так было в старину.
Я ОБВИНЯЮ ВАС!!!
"Неге осынша сынадыңыз?" деген сауалға Савостина "Менен ешкім таңнан бері ас іштіңіз бе деп сұрамайды ғой" деп жауап берді. Материалдық қиындығы көп бола тұра кейде "ішерге асы болмайтын" өзге қарттардың қасында өз жағдайы жақсырақ екенін айтады.
"Неге осынша сынадыңыз?" деген сауалға Савостина "Менен ешкім таңнан бері ас іштіңіз бе деп сұрамайды ғой" деп жауап берді.
Савостина тұратын "Атакент" көрмесі маңындағы ауданда бұл күні тыныш болды, мейрамды тойлаушылар да, полиция қызметкерлері де көзге түспеді. Жарнамасы жер жарған Астананың 20 жылдығын бұл маңда еске салатындай ештеңе жоқ. Біз таңертең кездестік, Савостинаға бұл уақытта келушілер аз болғандықтан, бізді Кот есімді мысықтан басқа ешкім мазалаған жоқ.
Бұдан кейін мейрам туралы сөз қозғамадық. Тек Азаттық тілшісіне үйге қайтар жолда жолыққан адам толы полиция автобусы ғана бүгін мейрам екенін еске салды.
ӨТКЕНДІ АҢСАУ
Ирина Савостина бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді ыстық ықыласпен еске алады. Оның іскерлік және саяси сипаты туралы ол бұған дейін талай айтқан – ол туралы пікірлерін БАҚ көптеп жариялаған. Бірақ бұл жолы Савостина мүлде басқа нәрсе – алма туралы айтты.
2000 жылдардың басында өз еркімен шетелде қуғында жүрген Әкежан Қажыгелдин "Казахгейт" деген атаумен Назарбаевқа қарсы көтерілген науқан кезінде Ирина Савостинаны қазақстандық оппозиционерлер кездесуіне шақырған. Шетелге жолға шыққан Савостина Алматының әйгілі апортын шағын қапқа салып ала барған. Париж әуежайында қарсы алған Қажыгелдин қоржында не бар екенін сұрағанда, Савостина "алма ғой" дейді. Қажыгелдин Еуропада жемістің бұл түрі жеткілікті екенін және әр алманың сертификаты барын айтқан. Бірақ Савостина өз дегенінен қайтпаған.
Келесі күні қазақстандық делегациямен кездескенде Қажыгелдин сөзін Савостинаға қарап бастайды. Ол зайыбының есіктен кірген бетте апорттың хош исін сезгенін, ал қапты ашқан сәтте сезіміне ерік беріп, жылап жібергенін айтып беріпті. "Қажыгелдиннің өзі де түні бойы алманың хош иісіне елітіп шыққанын айтты", - деп еске алады Ирина Алексеева.
Отанға деген мұндай сағыныш Савостинаның жүрегін баурайды. Еуропадан Қазақстанға қайтар жолда Қажыгелдинге арнаған өлең жолдары туады:
Хочу на Родину, я так домой хочу,
Меня не привлекает заграница.
Ночами вижу степь, во сне кричу,
И сердце рвется, словно в небо птица.
…
Средь небоскребов и неоновых огней
Мне неуютно в стороне чужой.
Нет Родины дороже и родней.
О Господи, как я хочу домой!
- Бұдан соң ол маған төрт рет қоңырау шалды: "Ирина Алексеевна, мына өлеңдерді қайдан алдыңыз?" деп сұрады. "Сенен келе жатқанда өзім жаздым" дедім. "Ирина Алексеевна, сізден күтпеген едім…" деп айтты, - деген Савостина әңгімесінің дәл осы тұсында кезінде орыс князіне кепілге берген қыпшақ ханзадасы туралы орыс хикаясын еске алды. Хан ұлы жат елде тұтқын санатында өседі, князь қызына үйленеді, салтанатты әрі отырықшы өмірге үйренеді, орысқа айналып, туған елін ұмытады. Тек қыпшақ елшісі сыйлаған бір уыс бетеге оның есіне Отанын түсіріп, сағынышын оятады. Орыс князіне айналған қыпшақ ханзадасы кейін өз жұртына оралады.
Оқи отырыңыз: Қажыгелдин: "Жағдай өте нашар. Ұрланған капитал - өте үлкен"
"Алматы апорты да Қажыгелдинге дәл солай әсер ете ме, жоқ па?" деген сауал қояды Савостина. Ол бұрыннан жорамал жасап келе жатқанына айтады. Бірақ Әкежан Қажыгелдиннің жақында Брюссельде интеллектуалды-оппозициялық ұйым құру үшін бір топ қазақстандықты жинағанын естігенде, әлсіз ғана қолын сермеді.
ЖЕКЕ ӨМІРІ
Ирина Савостина 1934 жылы Мәскеуде өмірге келген. Совет заманында әкесі отбасымен көшіп келген 1947 жылдан бері Алматыда тұрады. Қартайған шағында Савостинаның ешқайда көшкісі жоқ: Ресейді жақсы көрсе де, оған деген қимас сағыныш сезімі жоқ екенін айтады.
Савостина екі бөлмелі пәтерінде жалғыз өмір сүріп жатыр. Алматыда оның 52 жастағы ұлы тұрады, "сол мені осында жерлейді" дейді Савостина. Ұлы кездейсоқ жұмыстар істеп, күн көреді, анасына аптасына бір рет – жұма күні түскі асқа келеді. Савостинаның екінші ұлы 2005 жылы 23 жасында дүние салған.
Ирина Савостина екі рет тұрмыс құрғанын айтады. Бірінші рет 18 жасында тұрмысқа шыққан, күйеуі ішімдікке үйір болған соң, дәм-тұзы жараспай, бір жарым жылдан кейін ажырасып кеткен. Екінші жұбайымен сәл ұзағырақ тұрған, кейін ол да ішімдікке салынып, өмірден өткен. Екі ұлы да сол екінші күйеуінен туған.
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІ
Ирина Савостинаның есімін әдетте "Поколение" зейнеткерлер қозғалысымен байланыстырып айтады, ал өзі қарт әйел бейнесінде көрінеді. Бірақ Савостина да пионер, комсомол болған, ол сол бір қиын-қыстау заманды сағынышпен еске алады.
Оның жоғары педагогикалық білімі бар – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бірақ өмірінде қызметтік пәтер кезегіне тұру үшін үй басқармасында аула сыпырушы болып жұмыс істеген кездері де болған.
Бұл жерде Савостина аула сыпырып қана қоймай, аулада жергілікті көркемөнерпаздар шараларын ұйымдастырып, негізінен бимен әуестенген. Оны үлгі қылып, газетке жазған. Савостина "Ақшақар мен жеті гном" биі бейнеленген суретті көрсетті. Ондағы бас кейіпкердің биін кейін "Мұхтар Әблязовтің бухгалтері болып", сол үшін түрмеге отырған Вероника Ефимова орындапты.
Савтостина қазақ тілді газеттегі қазақша биі туралы жазған, сол кезде өте танымал болған суретті үлкен мақтанышпен көрсетті.
- Қазақ биі үнемі ұзын етекті көйлекпен орындалады. Мына қысқа белдемшелі костюмды өзім ойлап тауып, тіктім. Қыздарым осындай костюммен шыққанда дереу суретке түсірді. Олардың суреті барлық жерге жарияланды, - деп еске алады ол.
Савостина жаңа пәтерге қоныстанған кезде көпшілікке танымал болып үлгерген, шетелге де белгілі болатын. "Аула" жұмысындағы тәжірибесімен танысу үшін шетелдіктер балаларымен келетін. Үй алған соң Савостина мектепте үй шаруашылығы пәнінен сабақ берген. Сол жерде бес жыл бойы каникул кезінде темекі алқабында жұмыс істеген ересек сынып оқушыларына жетекшілік жасаған.
Тіпті сол кездің өзінде әлгіндей бала еңбегін ата-ананың барлығы бірдей қабылдай бермейтін. Көбі апта сайын баланың қандай жағдайда екенін көруге келетін, кейбірі баласын үйге алып кетуге тырысатын. Бірақ, Савостинаның айтуынша, ол ата-аналарды баланы әкетпеуге көндіре алған. Ол үшін үш әдіс қолданғанын айтады: керемет тамақ мәзірі, көркемөнерпаздар шығармашылығы және жалпы көпшіліктің көтеріңкі көңіл-күй. "Бірақ жасөспірімдер сексі деген болған жоқ", - дейді өзі.
Темекі алқабындағы жұмыс жеңіл емес еді, ал кешкі астан соң балалар Ирина Алексееваның жетекшілігімен көркөмөнерпаздар үйірмесінде айналысатын, солайша теледидар мен радиоқабылдағыштың жоқтығы білінбейтін. Бұдан соң жасөспірімдер "тастай қатып ұйықтайтын". "Олардың басқа нәрсеге уақыты қалмайтын", - дейді Савостина. "Осындай еңбекке баулу кезінде секске қатысты бірде-бір оқыс жағдай болған емес", - дейді ол.
Зейнетке шыққан соң Савостина "Поколение" қозғалысы жетекшілігіне кездейсоқ келген. Ұйым гүлденіп тұрған кезде оны көп жерге шақырған, сол жылдары ол АҚШ-қа да барып келген. Савостинада тіпті президент Билл Клинтонның өзі қолын қойып, оған тарту еткен суреті де бар.
Кезінде көптеген үкіметтік емес ұйымдар, солардың арасында "Поколение" қозғалысы да пана тапқан Алматыдағы Демократия үйі қазір жоқ,ғимаратқа сот мекемесі жайғасқан. Савостинаның денсаулығы да күрт төмендеген. Бірақ ол берілмейді. Жақында оның "Соңғы сәтте айтарым…" деген кітабы жарық көрді, онда қазақстандық зейнеткерлердің көбінің ауыр тағдырымен таныс адамдарға әсер ететін жолдар бар.
ЭПИЛОГ ОРНЫНА, САВОСТИНАНЫҢ ҚҰДАЙҒА АЙТАРЫ
Азаттық тілшісі атеист болып көрінген Ирина Савостина ұйықтайтын бөлмесінің бұрышындағы иконды көрсеткенде таң қалды. Ол жас кезінде пионер, космомол болса да, Коммунистік партияға кірмегенін айтты, бала кезден Құдайға сенеді екен. Өз айтуынша, балалық шағында оны әулие Николай Чудотворецтің күші ажалдан құтқарып қалыпты. Сондықтан ол әулиенің суреті бар иконаны ұйықтайтын бөлмесінде сақтайды.
Ирина Савостина Құдайға қарабайыр табынбайды, онымен дауласып, қолайсыз сұрақтар қояды. Және оны өлеңі арқылы жеткізеді.
Молитва
Я не могу принять банальность рассужденья,
Что люди стадо, кто-то там пастух,
Жизнь каждого – великий мир творенья,
И страшно, если этот мир потух.
...
В чем сущность бытия? На мир смотрю реально,
Жизнь нашу раем назовешь едва ли
По нас звонят колокола печально,
Хоть Бога мы не забывали.
ПІКІРЛЕР