Қаңтардың 13-і күні Алматыдағы «Кеңсай-2» зиратында Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің әкесі, жуырда 82 жасында қайтыс болған академик Мұхтар Әлиев жерленді.
Мұсылман дәстүрі бойынша өткен жерлеу рәсіміне әйелдер қатысқан жоқ; молда Құран оқып, марқұм туралы жылы сөздер айтты; бейіт басына уақытша қағылған ағаш тақтайда жарты айдың суреті бедерленген.
Мұсылмандық жорадан кейін жұрт зиратқа гүл шоқтары мен веноктар қойды, ал зиратты темір шарбақпен уақытша қоршап қойды.
Мұхтар Әлиевтің бейіті «Кеңсай-2» зиратының оңтүстік-шығыс шетінде, өзге бейіттерден аулақтау жерде тұр.
Мұхтар Әлиевті жерлеуге қарт кісілерден гөрі жас жігіттер көбірек қатысты.
Бұл жолы зират басына барғысы келетіндерді апаруға арналған автобустар болмады.
Академик Мұхтар Әлиевпен қоштасу рәсімі Алматыдағы ғалымдар үйінде өткен. Марқұммен қоштасуға Алматының жүздеген тұрғыны келді. Көбі қоштасу рәсімі өткен ғалымдар үйі ғимаратына кіре алмай, сыртта күтіп тұрды.
Қоштасу рәсіміне марқұмның жесірі, немерелері Нұрәлі Әлиев пен Айсұлтан Назарбаев (Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ұлдары) және өзге туыстары қатысты.
Академик әрі медицина ғылымы докторымен қоштасу рәсіміне денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Алексей Цой, Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы басшылары келді.
Қоштасу рәсімінде Алматы әкімі Ахметжан Есімов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан марқұмның туыстарына жолданған көңіл айту хатын оқып берді.
Президент Назарбаев көңіл айту хатында академик Мұхтар Әлиевтің денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбектерін атап өтіп, бұл еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталғанын айтқан.
Жерлеу рәсімінен кейін Алматыдағы қабылдау үйінде қаралы ас берілді.
Мұхтар Әлиев Совет Одағы тұсында Қазақ ССР денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды, Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығын басқарды.
Ол 2008 жылы Қазақстанның Австриядағы елшісі болған ұлы Рахат Әлиев қуғынға ұшырап, аса ауыр қылмыс жасады деген айыппен халықаралық іздеу жарияланған соң шетелге кетіп қалған. 2009 жылы Қазақстанға оралған Мұхтар Әлиев «іс жүзінде үйқамақта отырған әйеліне көмектескісі келетінін» айтқан. Ол елге оралған соң баспасөз өкілдерімен кездесуден, сұхбат беруден бас тартқан.