Accessibility links

Шымбұлақтың жабылуын Путиннен көреді


Шымбұлақ.
Шымбұлақ.

Алматыда тау бөктеріндегі Шымбұлақ тау шаңғысы курорты мен оған және Үлкен Алматы көліне апаратын жолдар бес күнге жабылды. Ресми себебі – қар көшкіні жүру қатері. Қазақстанда әлеуметтік желілердегі кей пайдаланушылар мұны Путиннің сапарымен байланыстырады.

Шымбұлақ курорты мен оған және Үлкен Алматы көліне апаратын жолдардың жабылу себептері жайлы ақпарат әр қилы. Жаттығу өтеді, профилактикалық мақсатта қар көшкіні түсіріледі және қар көшкіні жайлы алдын ала ескерту хабарламалары түсіп жатыр.

БІР-БІРІНЕ ҚАЙШЫ ХАБАРЛАМАЛАР

Тау шаңғысы курорты сайтында көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласқан Азаттыққа Шымбұлақ бүгіннен бастап ақпанның 27-сінің кешіне дейін жұмыс істемейді деп хабарлады.

– Шымбұлақ төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп қар көшкіні қатерінің алдын алу жаттығуын өткізу үшін жабылды. Курорт жаяу туристер үшін де, көлікпен барғысы келетін адамдар үшін де жабық болады, – деп хабарлады жедел желі телефоны арқылы.

Аталған күндері курорттағы қонақүй де жұмыс істемейді. Қонақүйдің аты-жөнін атамаған әйел қызметкері жабылу себебін «қар көшкінін түсіруге» байланысты түсіндірді. Тілшінің «Өзге де себептері бар ма?» деген сұрағына әлгі қызметкер «бізге бұл жайлы айтуға рұқсат берген жоқ» деп жауап берді.

Үлкен Алматы көлі.
Үлкен Алматы көлі.

Ақпанның 23-інен бастап 27-сіне дейін Шымбұлақ пен Үлкен Алматы көліне апаратын жолдар «таулы аудандарда қардың мол түсуіне байланысты мүлде жабық болатынын» Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетова да растады. Жолдарда блок-постар орнатылған. Баспасөз хатшысының сөзінше, бұл шешім «Қазгидромет» кәсіпорнының алдын ала ескерту хабарламасы мен «Қазселденқорғау» мекемесінен түскен телефонограмма негізінде қабылданған. Баймұхамбетова бұл күндері тауда жаттығу өтеді деген ақпаратты терістеді.

– Бізде ондай жаттығу болмайды... Егер профилактикалық мақсатта қар көшкінін түсіретін болса, әдетте алдын ала ескертеді. Әзірше ондай хаттар түскен жоқ, – дейді Сандуғаш Баймұхамбетова.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы қызметін екі жылдан бері атқаратын Баймұхамбетова мекемеде жұмыс істеген кезінде Шымбұлақты бұлай бес күнге жабылып көрмегенін айтады.

«Қазселденқорғау» кәсіпорнының Алматыдағы бөлімшесі өкілдері Азаттыққа «Шымбұлақта қар көшкіні жасанды жолмен төрт күн бұрын түсірілген» деп хабарлады.

– Енді [көшкін түсіру] қажеттігі жоқ, көшкінді түсіріп қойғанбыз, қауіп жоқ. Алдыңғы күні Аvalauncher зеңбірегімен түсіріп көргенбіз, көшкін түспеді. Қар тығыздалып қалған, – дейдә «Қазселденқорғау» кәсіпорнының Кіші Алматы бөлімі өкілдері.

«Қазселденқорғау» қызметкерлерінің айтуынша, Шымбұлақта қар көшкінін жүргізуге бес сағаттай кетеді.

«Қазгидромет» сайты қар көшкініне қатысты бүгін жариялаған шолуында Оңтүстік Қазақстан облысының таулы аудандарында қар көшкіні жүру қаупі бар деп көрсеткен. Шолуда «Өзге таулы аудандарда өздігінен көшкін жүру қаупі жоқ» деп жазылған. Кәсіпорынның баспасөз қызметі Азаттық тілшісі сауалына «Казгидромет» РМК ақпанның 23-27 күндері Алматы облысында қар көшкіні жүрумүмкін алдын ала ескерту таратқан жоқ» деген жауап келді.

«СӘЙКЕСТІК»

Ал Қазақстанда әлеуметтік желі пайдаланушылары тау шаңғысы курортын жабуға Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары себеп болса керек деп жазып жатыр.

Министр Дәурен Абаев сұхбаттарының бірінде президенттің «сүйікті блогері» деп атаған қаржыгер Айдан Кәрібжанов Facebook желісінде «нақты себебін тауда басы әбден айналып қалған сноубордист қана білмейтін шығар. Путинді күтіп отыр» деп жазған.

Постың астындағы комментариінде Sergey Carter деген пайдаланушы Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның бірнеше адаммен тауда түскен фотосуретін жариялап, Канада курортында жоғары лауазымды шенеуніктің келуіне орай жолды жапқан жоқ деп жазған.

Twitter желісіндегі кей пайдаланушылар екі президенттің Алматыға келуі тау шаңғысы курортын жабумен «сәйкес» келгенін жазады.

Ресей президенті сайтында Владимир Путин қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевпен ақпанның 27-сі күні Алматыда кездеседі деп жазылған. Бірақ Путиннің қалаға дәл қай күні келетіні көрсетілмеген. Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Азаттыққа президенттің алдағы демалыс күндеріне жоспарынан хабары жоқ екенін мәлімдеді. «Назарбаев демалыс күндері Алматыдағы тауға шығуды жоспарлаған жоқ па? » деген сұраққа баспасөз қызметі өкілдері «бізде ондай ақпарат жоқ, оны білмейміз» деп жауап берді.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымбұлақта. Алматы, 3 наурыз 2002 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымбұлақта. Алматы, 3 наурыз 2002 жыл.

«БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ДИСТАНЦИЯ»

Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктердің сапарлары кезінде кортежбен жүру, көшелерді, қоғамдық орындарды жабу, көліктерді тұраққа қою қиындығы сияқты жағдайлар жиі болып тұрады. Саясаттанушы Талғат Мамырайымов кейінгі кезде бюрократтық дәстүрлер тіпті күшейіп барады деп санайды.

– Кортеждерге қарапайым халық жолай алмайды. Бұл қауіпсіздік мәселелерімен ғана емес, әлеуметтік желілерде жұрт, әсіресе арнайы қызметтің троллдары қолдап, қыздырып отыратын ойдан шығарылған геосаяси проблемалар мен қатерлерді басшы тұлғалардың желеу етіп, жоқтан өзгеден күдіктене беретініне де байланысты. Меніңше, шектен тыс сақтық шаралары Ресей мен Қазақстандағы саяси режимдердің жаппай авторитаризмге қарай дамып бара жатқанын көрсетеді. [Француз философы] Мишель Фуко өз еңбектерінде қарапайым халықты биліктің алдында құрдай жорғалауға үйрететін мұндай әрекеттер билік пен халықтың арасындағы дистанцияны заңды етеді деп жазған, – дейді Талғат Мамырайымов.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде қисынды теңгерім болуы тиіс деп санайды.

– Қауіпсіздік шаралары қажет, бірақ азаматтардың құқығы мен мүдделерін де шектемеу керек. Яғни әлдебір тепе-теңдікті табу керек. Мысалы, Еуропа, АҚШ елдерінде біздегі сияқты жер-көктің бәрін жауып тастамайды. Жұрттың жолын бөгемей, [Шымбұлақты] жаппай-ақ өзге орайлы амалын табуға болушы еді. Қыс та аяқталып қалды ғой, – дейді ол.

Алматы орталығынан 25 километр жердегі Шымбұлақ тау шаңғысы курортында сырғану маусымы қарашаның екінші жартысында ашылып, сәуір айының басына дейін созылады. Биыл шаңғы және сноуборд әуесқойлары үшін Шымбұлақта маусым әдеттегіден қысқа болды – Алматыда универсиада өткен қаңтардың 29-ынан ақпанның 8-іне дейін жолдар жабық болған.

XS
SM
MD
LG