Accessibility links

Сот «Трибунаның» апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Солдан оңға: «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай, адвокат Сергей Уткин және журналист Денис Кривошеев. Алматы, 21 қазан 2016 жыл.
Солдан оңға: «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай, адвокат Сергей Уткин және журналист Денис Кривошеев. Алматы, 21 қазан 2016 жыл.

Сот газеттің бас редакторы мен құрылтайшысы және авторы «Алматы жарнаманың» директорына 5 миллион теңге өтесін деген шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Қазанның 21-і күні Медеу аудандық сотының апелляциялық сот коллегиясы «Трибуна» («Трибуна. Саяси қалам») газеті мен онда жарияланған мақаланың авторы Денис Кривошеевтің Медеу аудандық сотының 12 шілдедегі шешіміне қарсы апелляциялық шағымына байланысты шешім шығарды.

"Трибунаның" шағымы қанағаттандырылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00
Жүктеп алу

Апелляциялық сотқа түсірілген шағымда «Алматы жарнама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сұлтанбек Сыздықовтың «Алматы жарнаманы» жемқор басқара ма?» деп аталатын мақала ар-намысыма тиді» деген талап-арызы бойынша газетке 5 миллион теңге айыппұл салған Медеу аудандық сотының шешімін заңсыз деп тану туралы айтылған еді.

Қазанның 21-і күні судьялар Руслан Баишев (төраға), Сырлыбай Базарбаев және Нұрлан Мұхамеджанұлы қатысқан апелляциялық сот коллегиясы газеттің бас редакторы Жанболат Мамайдан, газет құрылтайшысы «Қалам» жеке кәсіпкерлігінен және журналист Денис Кривошеевтен Сұлтанбек Сыздықовтың пайдасына 5 миллион теңге өндіру туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

"Трибуна" газетінің сотынан көрініс. Алматы, 6 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
"Трибуна" газетінің сотынан көрініс. Алматы, 6 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

«БҰҰ-ҒА ДЕЙІН ШАҒЫМДАНАМЫН»

Бүгін үшінші отырысы өткен апелляциялық сотқа «Алматы жарнаманың» директоры Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты Владимир Голофаст, «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай және журналист Денис Кривошеев, ондаған азаматтық белсенді, халықаралық Freedom House ұйымы мен АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының өкілдері келді.

Қазанның 6-сы күні басталған соттың бүгінгі процесі ұзаққа созылмады, апелляциялық сот коллегиясы үкімді тез-тез оқып шығып кетті.

«Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай соттың бұған дейінгі үкімді өзгеріссіз қалдырған шешімімен келіспейтінін айтады.

Бірақ бірде-бір рет тәуелсіз басылымның талабы қанағаттандырылған емес.
Жанболат Мамай.

– Мұндай соттар Қазақстан тарихында талай рет болды. Бірақ бірде-бір рет тәуелсіз басылымның талабы қанағаттандырылған емес. Жеке өз басым Сұлтанбек Сыздықовқа бір тиын да төлемеймін және одан кешірім де сұрамаймын, – дейді ол.

Жанболат Мамай газетіндегі жарияланған мақала кейіпкері Сұлтанбек Сыздықовтың «жемқорлық бабымен айыпталғаны рас» екенін, оның «мемлекетке қаржысын қайтарып бергеннен кейін айыпталған бабы өзгергенін» айтады.

– Енді жоғарғы сотқа дейін, одан қайыр болмаса Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитетіне дейін шағымданамын, – дейді ол.

Ал Денис Кривошеев соттың әділдігіне әу бастан-ақ сенбегенін, жоғарғы соттан да үміт күтпейтінін айтады.

– Ендігі үмітім – қарапайым адамдарда. Бір кездері жемқорлық бабымен айыпталған, артынан басқа баппен жазадан құтылған адамға қарапайым адамдардан ақша жинап беруге тырысамын. Бәлкім, оның ар-намысын қалпына келтірерміз, – дейді Сұлтанбек Сыздықовқа төлеуі тиіс 5 миллион теңгені жинау үшін халықтан көмек сұрамақ ниеті барын айтқан Денис Кривошеев.

Ол осыған дейінгі сот отырыстарында «сот басталмай тұрып-ақ «Трибуна» газеті арқылы Сұлтанбек Сыздықовтан ар-намысына тиетін жайлар айтылғандай болса, кешірім өтінетіні» туралы жазғанын айтқан.

– Оның ар-намысына қатты тиеді деп күтпеген едік. Сол себепті кешірім сұрай салғанды жөн көрдім, – дейді Денис Кривошеев.

Бүгінгі сот шешімі жайлы Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты Владимир Голофастың пікірін білу мүмкін болмады. Ол үкім жариялана сала сот залынан алғашқылардың бірі болып шығып кетті.

"Алматы жарнама" директоры Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты Владимир Голофаст (сол жақта). Алматы, 21 қазан 2016 жыл.
"Алматы жарнама" директоры Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты Владимир Голофаст (сол жақта). Алматы, 21 қазан 2016 жыл.

КЕШЕГІ СОТТА ОЯНҒАН ҮМІТ

Медеу аудандық соты апелляциялық сот коллегиясының бүгінгі үкіміне газетті қолдауға келген белсенділер де разы болмай, наразылықтарын дауыстап білдіріп жатты. Олардың көбі «апелляциялық сот Медеу аудандық соты шығарған шешімді өзгертер» деп күткендерін айтады.

Кеше, қазанның 20-сында өткен сот отырысында апелляциялық шағым түсіруші тараптың Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты Владимир Голофастқа сұрақ қояларына мүмкіндік берілген. Судьялардың өздері де Владимир Голофастқа бірнеше сауал қойып: «Айыппұлды тым көп сұраған жоқсыздар ма?» деген.

Сот отырысы барысында апелляциялық соттың үш судьясының бірі Нұрлан Мұхамеджанұлы Жанболат Мамайдан жалақысы қанша екенін сұраған. Оның жалақысының аз екенін естіген судьялар күліп, сенбегендей сыңай танытқан.

Жанболат Мамайдың жалақысының жайын «Трибуна» газетінің құрылтайшысы «Қалам» жеке кәсіпкерлігінің адвокаты Сергей Уткин таратып айтқан. Оның сөзінше, «оппозициялық бағытта» деп танылған «Трибуна» газетіне кәсіпкерлер жарнама бермейді, сол себепті редакция құрамы газет тиражының сатылымынан түскен қаржыдан ғана жалақы алады». Газет жариялаған даулы мақаланың авторы Денис Кривошеев те «Трибунадан» қаламақы алмайтынын айтқан.

Судья Нұрлан Мұхамеджанұлы бұдан кейін «әкімшілік істі былай қойғанда қылмыстық іс бойынша да соттың 5 миллион өтемақы кесуі екіталай» дей келе, Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты Владимир Голофастқа:

Жанболат Мамайдың жалақысы өзі айтқаннан әлдеқайда көп, мысалы, 75 мың теңге болса, сіздер сұраған айыпты қанша уақытта төлеуі мүмкін?
Судья Нұрлан Мұхамеджанұлы.

– Жанболат Мамайдың жалақысы өзі айтқаннан әлдеқайда көп, мысалы, 75 мың теңге болса, сіздер сұраған айыпты қанша уақытта төлеуі мүмкін? – деген сауал қойған.

Бұдан кейін сотқа қатысып отырған азаматтар – «Әділ сөз» ұйымының өкілі Ғалия Әженова мен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай «судьялар істі тыңғылықты қарай бастады, яғни билік тарапынан әділ шешім шығару жөнінде тапсырылған болуы мүмкін» деп болжасқан.

Қазанның 20-сындағы соттағы осы оқиғаларды есіне алған Жанболат Мамай бүгін «судьялардың кешегі әрекеті – жай ғана спектакль» деп бағалады.

«Алматы жарнама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сұлтанбек Сыздықов биыл 13 мамырда «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай мен журналист Денис Кривошеев және газет иесі «Қалам» жеке кәсіпкерлігіне қарсы шағым берген. Ол tribuna.kz сайтында 15 сәуірде жарияланған «Алматы Жарнаманы» жемқор басқара ма» атты мақалаға байланысты 15 миллион теңге моральдық өтемақы, редакциядан сот шығыны ретінде қосымша 1 миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Ол мақаланың «өзіне қатысты жалған ақпарат таратып, моральдық-психологиялық соққы бергенін» айтқан.

Биыл шілденің 12-сінде Алматы қалалық Медеу аудандық соты газеттен, онда жарияланған даулы мақала авторынан және басылым құрылтайшысынан Сұлтанбек Сыздықовтың пайдасына 5 миллион теңге өндіру жөнінде шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG