Accessibility links

Иранның цензурадан өткен фильмдері көрсетіліп жатыр


Алдыңғы қатарда отырғандар - Ираннан келген кинематографистер. Алматы, 21 қазан 2014 жыл.
Алдыңғы қатарда отырғандар - Ираннан келген кинематографистер. Алматы, 21 қазан 2014 жыл.

Алматыда Иран кинофильмдерінің апталығы өтіп жатыр. Апталық кезінде ол елдегі цензурадан өткен бес фильм көрсетіледі. Ал цензурадан қашқан кейбір ирандық режиссерлер фильмдерін шетелде түсіруге тырысады.

Алматыда қазанның 21-25-і күндері өтетін Иран Ислам Республикасы киносы апталығында бес фильм көрсетіледі. Сауда орталықтарының бірінде әр кеш сайын тегін бір фильм көрсетілмек.

Иран кинематографиясы Алматы көрермендеріне таңсық емес. Иран фильмдері Алматыда өтетін халықаралық кинофестивальдерде («Еуразия», «Шәкен жұлдыздары») конкурстық бағдарламаға жиі қатысады, кейде жүлде алып жатады.

МӘСКЕУ БЕРГЕН АЛТЫН ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

Синопсис-шолуға қарағанда, киноленталар арасында бір тарихи драма («Өтем»), шытырман оқиғалы екі фильм («Төртінші бала», «Көк жібек жол») бар. «Бөтендер» картинасында сириялық бір отбасының 1948 жылдан осы заманға дейінгі өмірі баяндалады. Ал «Жападан-жалғыз» фильмінде бас кейіпкер (жас жігіт) ирандықтардың бейбітшілік туралы үндеуін БҰҰ миссиясы арқылы әлем елдері президенттеріне жолдауға әрі өз елінің құқығын қорғауға тырысады.

Көрсетілген фильмдердің алғашқысы – «Өтем» тарихи драмасы (оның «Репарация» деген де атауы бар). Ол соғыс жылдарындағы оккупацияның өтемі ретінде Совет Одағының Иранға 11 тонна алтын беруі туралы тарихи фактіге негізделген. Фильмде әуелі 1946 жыл, сосын 1953 пен 1956 жылдар көрсетіледі. Фильмдегі оқиға Мәскеу мен Иранда өтеді.

Иранның Қазақстандағы елшісі Моджтаба Дамирчило (оң жақта) кино апталығында. Алматы, 21 қыркүйек 2014 жыл.
Иранның Қазақстандағы елшісі Моджтаба Дамирчило (оң жақта) кино апталығында. Алматы, 21 қыркүйек 2014 жыл.

Фильм патриоттық мақсатты көздейді. «Нағыз патриот» бейнесіндегі бас кейіпкерге (полковник Такин) алтынды Мәскеуден Иранға жеткізу операциясын басқару міндеті жүктелген. Бас кейіпкер фильмнің басынан аяғына дейін алтынды иемденіп кеткісі келетін ашкөз отандастарынан қорғап жанталасады.

Азаттық тілшісі көрсетілімнен кейін көрермендердің фильмнен алған әсерін білуге тырысты. «Фильм ұнады» деп қысқа жауап берген үш адам оның несімен ұнағанын дұрыстап түсіндірмеді. Бір журналист бойжеткенге фильм ұнамаған. Фильм басталғаннан кейін 15 минуттан кейін он шақты адамның кинозалдан шығып кетуі де фильмнің кейбір көрермендерге ұнамағанын байқатты. Артқы жақтағы бір бойжеткен жанындағы құрбысына көріністердің бірін «ертегі сияқты» деп суреттеді.

Шах билігі тұсындағы қатыгездікті, шенеуніктер мен әскерилердің ашкөздігін көрсеткендіктен бұл фильмді шахқа қарсы фильм деп те қабылдауға болады. Өйткені фильм соңында бас кейіпкер күйініп, «бәрімізді алдап соқты, 11 тонна алтын Швейцария банктеріндегі шахтың есеп-шоттарына кетті» дейді.

Ал кинематографтар бұл фильмдерді өз өлшемдерімен бағалаған. Сондықтан «Өтем» фильмі Иранның ішкі кинофестивальдерінде екі рет наградаға ұсынылған. Бұл фильм Алматы апталығына дейін халықаралық аренада да көрсетілген. Мысалы, 2014 жылдың маусымында оны Мәскеу халықаралық кинофестивалінде «Орыс ізі» бағдарламасында көрсеткен.

КӨРСЕТІЛМЕЙТІН ФИЛЬМДЕР

Иранда кино өндірісі мен кинопрокат саласы мемлекет тарапынан цензураланады. Жекеменшік кинокомпаниялар да ақшалай көмектесетін мемлекеттің қолдауына тәуелді. Бекітілген сценарий бойынша фильм түсіруге әуелі мәдениет министрлігі немесе түрлі қорлар арқылы мемлекеттен рұқсат алу керек. Сосын түсірілген фильмді кинопрокатқа шығару үшін де арнайы рұқсат алу талап етіледі.

Иран киносын көруге келген жұрт. Алматы, 21 қыркүйек 2014 жыл.
Иран киносын көруге келген жұрт. Алматы, 21 қыркүйек 2014 жыл.

Ирандағы цензура көптеген шетелдік фильмдерде кездесетін жыныстық қатынастар, зорлық-зомбылық көріністері сияқты элементтерді көрсетуге мүлде рұқсат етпейді. Ресми Тегеранның пікірінше, Иран фильмдері әлемге ізгілік таратуы тиіс. «Өнегелі мұсылманның моральдық келбетіне» сәйкес келмейтін әрекеттер кинода болмауы тиіс. Фильмде әйел үнемі, тіпті үй ішіндегі көріністер кезінде де хиджаб киіп жүруі тиіс. Сүйіспеншілікті білдірудің кез келген жыныстық элементтері көрсетілмейді.

Қазіргі билікті сөгіп-мінеуге, тіпті мұндай ишараның өзіне тыйым салынады. Мұның бір мысалы – режиссер Джафар Панахидың тағдыры. Оның 2009 жылдың маусымында президент Махмуд Ахмадинежадты қайта сайлаудан кейін басталған толқулар туралы фильмді түсіруі «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге бағытталған және режимге қарсы үгіт-насихат» деп бағаланған. Ақыры биліктің қырына іліккен режиссер алты жылға сотталып, 20 жыл бойы фильм түсіру, саяхаттау немесе сұхбат беру құқығынан айырылған.

ИРАНДА ЦЕНЗУРАНЫ ҚАЛАЙ АЙНАЛЫП ӨТЕДІ?

Иран кинематографистері цензуралық қысымды қалай айналып өтеді? Кейбір фильмдерді жасырын көрсетеді. Бірақ мұның соңы репрессия мен жазалауға ұласуы мүмкін.

Ирандық режиссер Аббас Рафеидің «Отанымның әні» фильмі ол елдегі «Ислам мемлекеті» тобы туралы. (Көрнекі сурет)
Ирандық режиссер Аббас Рафеидің «Отанымның әні» фильмі ол елдегі «Ислам мемлекеті» тобы туралы. (Көрнекі сурет)

Екінші жолы – фильмді банктен алған несиеге немесе шетелдік кинокомпаниялардың ақшасына түсіру. Бірақ цензура фильмді қабылдамаса, ал режиссер ақша салудан бас тартса, ондай фильмді Иранда заңды көрсету мүмкіндігі жоқ. Мысалы, Иран режиссерлерінің жаңа толқыны негізін қалаушы Аббас Киаростами 1990 жылдардың ортасынан бастап фильмдерін француз кинокомпанияларының ақшасына түсіріп келеді. Одан үлгі алған өзге режиссерлер де бар. Сондықтан қазіргі Иран фильмдерінің көбі Иран мен Франция, Иран мен Италия немесе өзге елмен бірігіп түсірген өнім болып есептеледі.

Ал режиссерлердің бір бөлігі цензурадан құтылудың Ираннан кетіп, шетелде кино түсіру сияқты төтенше жолын таңдаған. Олардың бірі – 2005 жылы Махмуд Ахмадинежад билікке келгеннен кейін елден кетіп қалған Мохсен Махмальбаф. Бірақ ол бәрібір өмірін қауіпсіз деп білмейді.

Ирандық режиссер Мохсен Махмальбаф (оң жақта) «Президент» фильміне түскен Дачи Орвелашвилиді құшақтап отыр. Венеция, 27 тамыз 2014 жыл.
Ирандық режиссер Мохсен Махмальбаф (оң жақта) «Президент» фильміне түскен Дачи Орвелашвилиді құшақтап отыр. Венеция, 27 тамыз 2014 жыл.

Мохсен Махмальбафтың «Президент» деп аталатын соңғы фильмін 2014 жылы Венеция кинофестивалінің ашылу рәсімінде көрсеткен әрі Чикаго кинофестивалінде үздік фильм деп таныған. Бұл – атауы жоқ елдің тақтан тайған соң немересімен бірге жасырынып өмір сүруге, кезінде өзі қанаған қарапайым адамдардың мұң-зарын қуғын-сүргінде жүріп сезінуге мәжбүр болған диктаторы туралы тәмсіл-фильм. «Президент» фильмі Грузияда түсірілген.

«Сеанс.ру» басылымының «Фильмді Грузияда түсіру себебіңіз не?» деген сұрағына қайтарған жауабында режиссер Қазақстанды да атап, ондағы шығармашылық еркіндігі туралы пікір айтқан еді.

«Фильмді бұған мүмкіндік беретін елде түсірдім. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иранның бірінде де бұл мүмкін емес. Грузияға еркіндік іздеп бардым әрі барғаныма қуанамын: ол жақтың актерлері де, табиғаты да тамаша екен» дейді қуғындағы ирандық режиссер.

XS
SM
MD
LG