Accessibility links

2022 жылғы қысқы олимпиада Алматыда өтуі мүмкін бе?


Алматыда өткен 7-қысқы Азия ойындары кезінде шаңғымен жарыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жүрген ассистент. 1 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматыда өткен 7-қысқы Азия ойындары кезінде шаңғымен жарыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жүрген ассистент. 1 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

ХОК Алматы, Осло және Пекинді 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізуге кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Сарапшылар Алматының жеңілеріне, ал Қазақстан олимпиада комитеті мен қала әкімдігі жеңеріне сенеді.

Алматылық жанкүйер, Лондон және Сочи олимпиадаларын тамашалауға барып келген Ернар Алпамысов 2022 жылғы қысқы олимпиаданың Алматыда өтетініне иланбайды.

– Үш қаланың ішінен Осло ұтатын шығар. Бұл қалада бәрі дайын. Алматыда керлинг залы, бобслей-шана трассасы, шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау айдыны, хоккей залдары жоқ. Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) жеңісті спорт кешендері дайын қалаға беретіні анық. Ослода жыл сайын қысқы спорттан әлем чемпионаттары жиі ұйымдастырылады. Ал Алматы қысқы спорттан әлі бірде-бір әлем чемпионатын өткізген жоқ, – дейді сұхбаттасымыз.

«ОСЛО ЖЕҢЕДІ»

Спорт шолушысы Әсем Қабылбекова да «2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізуге Осло лайық – өйткені оның олимпиада өткізген тәжірибесі бар, жарысқа қажетті спорттық нысандары толық» деп есептейді. Ол Қазақстанның үш жыл бұрын қысқы Азия ойындарын өткізгенін айта келе:

– Азиаданы экономикалық жағынан тиімді етіп, жемқорлықсыз өткізуге ұйымдастырушылардың шамасы жетпеді. 2022 жылғы олимпиаданы өткізуге Қазақстан үшін кем дегенде 5 миллиард доллар қажет. Бұл аз

2011 жылы өткен қысқы Азия ойындары үшін салынған спорт кешені. Алматы, 2 ақпан 2011 жыл.
2011 жылы өткен қысқы Азия ойындары үшін салынған спорт кешені. Алматы, 2 ақпан 2011 жыл.

сома емес. Дайындық кезінде аталған қаржы бірнеше есеге көбеюі мүмкін. Балуан Шолақ атындағы спорт кешені, «Ақбұлақ» шаңғы жолдары, тау шаңғысы трассасы Азия ойындарының стандартымен салынған. Онда олимпиада өткізу үшін қайта жөндеу керек, – дейді.

«Қазақстан 2017 жылы өтетін дүниежүзілік универсиаданы жоғары деңгейде мінсіз ұйымдастырса, сол – үлкен жетістік» дейді спорт шолушысы.

Спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай да «2022 жылғы қысқы олимпиада Ослода өтеді» деп болжай келе:

– 2018 жылғы қысқы олимпиада Оңтүстік Кореяның Пченчхен қаласында өтеді. 2020 жылғы жазғы олимпиаданы Жапонияның Токио қаласы ұйымдастырады. ХОК үш олимпиаданы қатарынан Азия елдеріне береді дегенге сенбеймін. Демек, ХОК 2022 жылғы олимпиаданы Пекин мен Алматыға бере қоймас, – деген уәж айтты.

«АЛМАТЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ»

Ал Қазақстан олимпиада комитеті мен Алматы қаласы әкімдігі Алматыны олимпиада ойындарын өткізуге лайық қала деп біледі.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында: «Алматы үшін олимпиада – маңызды. Біздің міндет

7-қысқы Азия ойындарына арнап салынған Алматыдағы шаңғы трамплині.
7-қысқы Азия ойындарына арнап салынған Алматыдағы шаңғы трамплині.

қаланы дамыту. Ал олимпиада қаланың дамуына басты серпіліс болады. Халық та олимпиаданың маңызын түсінуі керек. Біздің жеңіске мүмкіндігіміз мол» деді.

Қазақстан олимпиада комитетінің мүшесі Андрей Крюков «олимпиадаға дайындық кезінде Қазақстанда 50 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын» айтады.

«ХОК-тың бағалауынша, Алматы олимпиада өткізуге 62 пайыз дайын. Бізге шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау өтетін кешен, шана мен бобслейге арналған трасса салу керек. Басқа кешендерді 2017 жылы Алматыда өтетін универсиадаға дейін салып аламыз» дейді ол.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне 3 мың адам сияды. Ал олимпиада ойындарының жарысын өткізу үшін кем дегенде 5 мың адамға арналған орын болу керек. «Медеу» мұз айдынында олимпиада ойындарын өткізу үшін оның төбесін жабу қажет. ХОК ережесіне сай қысқы олимпиада жарыстары (шаңғы, биатлон, трамплиннен секіруден өзгесі) тек жабық кешендерде өтеді.

Алматыға бәсекелес екі қаланың бірі Осло 1952 жылы қысқы олимпиаданы өткізген. Осло маңындағы Хольменколлен қалашығында әлемдегі ең ірі шаңғы-биатлон базасы бар. Онда 2000 және 2002 жылы биатлоннан әлем біріншілігі, 2011 жылы шаңғы спортынан әлем чемпионаты өткен. 2012 жылдан бері Хольменколлендегі биатлон базасында әлем кубогының кезеңдері өтеді. Ол 2016 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастыру құқығын да жеңіп алған.

2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізуден үміткер үш қаланың енді бірі – Пекин. Онда 2008 жылы жазғы олимпиада өткен. Пекиннің қысқы спорттан әлем чемпионатын ұйымдастыруда да тәжірибесі мол. Бұл қала биыл керлингтен ерлер арасындағы әлем біріншілігін қабылдады. 2005 жылы шорт-тректен әлем чемпионатын өткізеді.

2022 жылғы қысқы олимпиаданы қабылдайтын қала 2015 жылы Малайзияда өтетін ХОК сессиясында белгілі болады.

XS
SM
MD
LG