Ресей қорғаныс министрі Сергеу Шойгудің сөзіне сілтеме жасаған ресейлік және қазақстандық БАҚ «С-300 зениттік зымыран кешендерін Қазақстанға тегін беру ісі аяқталды» деп хабарлайды. Бірақ Қазақстанға «берілген» С-300 кешендері жауынгерлік кезекшілікке әлі кіріспеген болып шықты.
РЕСЕЙ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ СӨЗІ
Ақпарат құралдары ТМД елдері қорғаныс министрлерінің Мәскеу саммиті аясында Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовпен кездескен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудің "Біз Қазақстанға С-300 зенит-зымыран кешендерін тегін беру ісін аяқтадық. Бұл - біріккен әуе қорғанысы жүйесін құруға қосылған үлкен үлес, енді ол іс жүзінде жабдықталды деп айтуға болады" деген мәлімдемесін келтіреді.
Сергей Шойгудің айтуынша, «аймақтың әр тұсынан және республика шекарасы айналасынан» Қазақстанға қилы қатер төнгені байқалған тұста С-300 кешендерінің жеткізілуі тіпті өзекті.
ҚАЗАҚСТАН ҮНСІЗ...
Ресейлік және қазақстандық БАҚ хабарлауынша, Қазақстан әскери ведомствосы басшысы екі елдің біріккен аймақтық әуе-қорғанысы жүйесін дамыту аясында Астанаға С-300 кешендерін тегін бергені үшін Ресейге алғыс білдірген. Бірақ Қазақстан қорғаныс министрлігі сайтынан министр Иманғали Тасмағамбетовтің алғыс сөзі де, оның ресейлік әріптесімен кездесуін қорытқан есеп те табылмады.
«Тегін берілген» кешендер жауынгерлік кезекшілікке әзірше кірісе алмайтын болып шықты. Оның үстіне, уәде етілген бес кешеннің үшеуі Қазақстанға әлі келмеген. Қазақстан қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атағысы келмеген өкілі Азаттыққа:
- Қазақстан қорғаныс министрлігінің үндемейтін жөні бар. «Ресей бес С-300 зениттік-зымыран кешенін тегін берді» деп тамыз айында жар салып еді. Содан бері Ресей қосымша ештеңе берген жоқ әрі ертеректе мәлімделген жоба аясында тегін ештеңе бермейді. Оның үстіне, қыркүйек айында Қазақстанға бұрын пайдаланылған әрі Қазақстанда жөнделетін екі кешен ғана жеткізілді. Ал енді қалған үш кешенді Ресей жөндеген соң Қазақстанға береді деп келісілді, - деп хабарлады.
Азаттыққа бұл ақпаратты Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Орманбетов те растады.
- Жеткізілген С-300 кешендері жауынгерлік кезекшілікке тез кірісіп кетеді деп айтуға болмайды. Қазір екі кешенді Қазақстанда жөндеп жатыр, ал үшеуін Ресей жөндеп береді, - дейді ол.
Генерал Орманбетовтің айтуынша, Қазақстанға жеткізілген С-300 кешендері 1995 жылы Алматыда қол қойылған ТМД елдерінің біріккен әуе қорғанысы жүйесін құру келісімі аясында және 2013 жылдың басында Астанада қол қойылған Қазақстан-Ресей біртұтас әуе қорғанысы жүйесін құру келісімі аясында іске қосылады. Парламент депутаты Владислав Косарев Азаттыққа бұл келісімді екі ел де ратификациялағанын айтты.
Қазақстанға С-300 кешендерін беруге байланысты Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу ТМД елдерінің біріккен әуе қорғанысы жүйесі туралы ғана айтты. Сондықтан, «Ал Ресей мен Қазақстан құрған әуе шабуылынан қорғаныстың біріккен жүйесі жұмыс істей ме?» деген сұрақ туды. Ертеректе «жүйе жұмыс істемейді, тіпті оның қолбасшысы да жоқ» деген сөздер шыққан. Бірақ генерал Нұрлан Орманбетов Ресей-Қазақстан әуе қорғанысы жүйесі жұмыс істейтінін айтып, «Оның қолбасшысы менмін» деді.
С-300 зениттік зымыран кешені сипаттамасына қатысты сұраққа генерал Орманбетов «ол – дивизион» деп жауап берді. Бірақ дивизионның ұйымдық-штаттық құрылымын ашып айтудан бас тартты.
ТҮРЛІ БАҒА
Авиация генералы Сармантай Нұрғажин Азаттық тілшісіне «Ресейде әуе шабуылынан қорғайтын С-300 кешенінен де мықты құралдар, соның ішінде, мысалы, СУ-24 бомбалаушы ұшағын Түркия атып түсіргеннен кейін Сирияға апарылған С-400 кешені бар екенін» айтты.
- Енді коалиция ұшақтары Сирия әуе кеңістігіне кіріп кетсе, С-400 кешені радарына түсіп қалғанын бірден байқап, кері бұрылады, өйткені атып түсіреді деп қорқады. Түрік ұшақтары Сирия территориясына мүлде кірмейді, - дейді генерал Нұрғажин.
Бірақ оның пікірінше, С-300 кешендерін «ескірген үлгі» деп санауға болмайды. Ол кешенді «қолданылуы оңай, тиімділігі жоғары құрал» деп сипаттайды. Авиация генералының айтуынша, мәселе олардың ескілігінде емес, Қазақстанда аз екендігінде. Қазір Астана қаласы әуе кеңістігін жалғыз С-300 дивизионы ғана қорғайды, ал қалған әуе шабуылынан қорғаныс құралдары шынымен ескірген. Сармантай Нұрғажиннің болжамынша, бес С-300 дивизионы жауынгерлік кезекшілікке кіріскеннен кейін Қазақстанның ең маңызды стратегиялық нысандары әуеден төнетін қатерлерден жақсы қорғалатын болады.
Өзге сарапшылар бұл мәселенің әскери-саяси қырына назар аударады.
Мысалы, «Қазақстан генералдары кеңесі» бірлестігі төрағасының орынбасары Махмұт Телеғұсов Ресей-Украина арасындағы шиеленісті мысалға келтіріп, әуе шабуылынан қорғану мәселесінде Ресейге тұтастай үміт артып, жайбарақат отыру қауіпті екенін ертеректе Азаттыққа айтқан болатын. Оның айтуынша, С-300 кешендерін Қазақстанға бергенімен, Ресей кешеннің құпиясын қазақстандықтарға ашпайды, техниканы Ресей мамандары қадағалайды. Телеғұсовтың айтуынша, енді Қазақстанда Ресейдің әуе қорғанысы мамандары отырады.
Телеғұсовтың айтуынша, «Қазақстан ТМД-ның әуе қорғанысы жүйесі мен Қазақстан-Ресей әуе қорғанысы жүйесіне мүше болғанымен, әуеден қатер төнген жағдайда, тіпті бұл қатер Қазақстанның әуе кеңістігіне төнген күннің өзінде де шешім қабылдауда Ресейге басымдық беріледі».
Қазақстан қорғаныс министрлігі шенеуніктері, оның ішінде аты-жөнін көрсетпеуді өтінген дереккөз де Ресей қорғаныс министрлігі Сергей Шойгудің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне сырттан, әсіресе олардың шекарасы айналасынан төнген қатер жайлы мәлімдемесіне қатысты комментарий беруден бас тартты.
ТМД елдерінің біріккен әуе қорғанысы жүйесін құру келісіміне қарамастан, Ресей Қазақстанмен екіжақты негізде біртұтас әуе қорғанысы жүйесін құруға ұмтылып келеді. Ресей батысында Беларусьпен, оңтүстік-шығысында Қазақстанмен осындай жүйе құрды. Ал қазан айында Ресей үкіметі оңтүстік-батыс бағытында, яғни Кавказ аймағында әуе қорғанысы жүйесін құру жөніндегі Армениямен келісімді мақұлдады. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей енді Қырғызстан және Тәжікстанмен әуе қорғанысының біріккен жүйесін құруды жоспарлайды.