Accessibility links
Skip to main content
Skip to main Navigation
Skip to Search
Жаңалықтар
Саясат
AzattyqTV
Қаңтар оқиғасы
Адам құқықтары
Әлеумет
Әлем
Арнайы жобалар
Русский
Жазылыңыз
Басқа тілдерде
İздеу
РУС
Live
Live
İздеу
Бұған дейінгі
Келесі
Шұғыл хабар:
ЖАЛПЫ АРХИВ
Апта бейнелері: 6 - 12 қаңтар
12 қаңтар 2014 жыл, 11:56
Азаттық радиосы
Азаттық 6 - 12 қаңтар аралығында Қазақстанда және әлемде болған кейбір оқиғалар туралы апталық сурет баян ұсынады.
1
5 қаңтарда ауған полициясы «шаһид белдігін» таққан 10 жасар қызды Гильменд провинциясы Ханашин ауданында
ұстаған
. Спожмай атты қыз ағасы Захир мен оның досы Жабардың жарылғыш зат салынған кеудешені зорлықпен кигізгенін айтты.
Провинция губернаторының баспасөз хатшысы Омар Зувак "Талибанның" екі командирі Спожмайға жарылғыш зат салынған кеудеше кигізіп, полиция базасын жарғызбақ болған. Ол екі адамның бірі - ағасы. Бұл күнәсіз бала оны жасай алмаған" дейді. Зувак "полицияның қыздың ағасын іздеп, оқиғаны тексеріп жатқанын" хабарлады.
Ал "Талибан" өкілдері " бұл оқиғаға қатысы жоқ екендерін, ауған үкіметі мен НАТО-ға қарсы соғыста әскери операцияға балаларды кірістірмейтіндерін" айтады.
2
7 қаңтарда Қырғызстанның бас мүфтиі
отставкаға кетті
. Оның орнынан кетуіне жас әйелмен төсекте жатқаны жасырын түсірілген видеоматериал себеп болды.
Ал Егембердиевтің өзі «Құдай алдында ақпын, бұл әйел төрт жылдан бері некелі жұбайым» дейді. Бірақ наразылар оның бұл уәжіне қарамастан отставкаға кетуін талап еткен.
3
Сирия химиялық қаруларының алғашқы легі 7 қаңтарда елден
шығарылды
. Сирияның екі қаласынан Латакия портына жеткізілген улы химикаттары бар контейнерлер даниялық кемеге тиеліп, Ресей және Қытай әскери кемелерінің қорғауымен халықаралық теңіз суларына жөнелтілген.
Ресей мен АҚШ бірлесе жасап, БҰҰ мақұлдаған
келісім
бойынша биылғы жылдың ортасына дейін Сирия химиялық қаруынан түгелдей арылуы тиіс. Қарулар АҚШ әскери кемелерінде жойылады деп жоспарланған.
Сирияның химиялық қару-жарағы мен құрылғылары жоспар бойынша маусымның соңына дейін жойылып бітуі тиіс.
4
Қаңтардың 9-ы күні Франция соты қазақстандық оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы
үкім шығарды
. Әблязовтың адвокаттары бұл шешімге қарсы шағым түсіретіндерін айтты.
2013 жылы шілдеде 50 жастағы Әблязов Францияның оңтүстігінен табылып, Украина сотының талабы бойынша
ұсталған
еді. Қазақстан мен Франция арасында күдіктілерді экстрадициялау туралы келісім жоқ. Оны Франциядан Ресей мен Украина "қаржылық алаяқтық" ісімен сұрап отыр.
2009 жылы шетелге қашқан Мұхтар Әблязов өзін саяси себеппен қуғын көруші деп санайды. Қазақстан билігі оған БТА банкінің қаржысын талан-таражға салып, аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасады деген айып тағады.
5
Қаңтардың 8-і күні Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында «Каспий банктің» 40-қа жуық клиентінің шағымы негізінде қозғалған іс бойынша алғашқы
сот отырысы өтті
. Талапкерлер «Каспий банкпен» бекітілген тұтыну несиелері жөніндегі келісім-шарттарды жарамсыз деп тануды талап етеді. Олардың пікірінше, несиелендірудің жасырын шарттары кесірінен банк алатын нақты сыйақы мөлшерлемесі жарнамада көрсетілген шамадан асып кеткендіктен, несие алушылардың қаржылық ахуалы нашарлаған.
«Каспий банк» қарыз алушылардың шағым-талабын негізсіз деп есептейді.
6
Роза Төлетаеваның қоныстандыру колониясына ауыстыру туралы бірнеше ай қаралған өтінішін қаңтардың 9-ы күні Атырау соты
қанағаттандырды
.
"Жаңаөзен ісі"
бойынша ең ұзақ түрме жазасына кесілген Роза Төлетаеваның колонияға ауыстыруға өтініш бергені былтыр қазан айында белгілі болған еді.
2011 жылы Қазақстанның батыс өңірінде ереуілге шыққан мұнайшылардың құқығын қорғаған Төлетаева 2012 жылы маусымда 7 жылға
сотталған еді
. Оның түрмеде азапталғаны туралы айтылды. 2013 жылы тамызда апелляциялық сот оның үкімін екі жылға қысқартты. Ол жазасын Атырауда, Ук 157/11 әйелдер колониясында өтеп келді. Кесілген мерзім 2017 жылғы 2 қаңтарда аяқталады.
7
Халықаралық ғарыш станциясының жұмыс істеу мерзімі тағы төрт жылға
ұзарды
. Мұның алдында станция жұмысы 2020 жылға дейін ұзартылған еді. Енді станция 2024 жылға дейін жұмыс істейтін болды. Бұл туралы америкалық НАСА аэроғарыш агенттігі хабарлады.
Жер орбитасында жұмыс істейтін, құны 100 миллиард АҚШ долларын құрайтын станцияның жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл болды. Ұзындығы 100 метрден асатын ғарыш станциясының жұмысына оннан астам мемлекет қатысады.
Ғарыш станциясында алты адамнан - АҚШ, Ресей, Еуропа, Канада және Жапонияның ғарышкерлері мен астронавтарынан құралған экипаж ауысып қызмет етеді.
8
Талдықорғанда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі серігінің өліміне қатысты алдын-ала
сот тыңдауы өтті
.
Процеске іс бойынша негізгі айыпталушы, тұтқын Ержан Өтембаев та қатысты. 2006 жылы парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев Алтынбек Сәрсенбайұлын «жеке бас араздығына байланысты өлтіруді ұйымдастырған» деген айыппен 20 жылға сотталған еді.
2013 жылы желтоқсанда бас прокуратура «Алтынбек Сәрсенбайұлы мен жанындағы серіктерінің өліміне кінәлі жаңа адамдар анықталды» деп мәлімдеген. Прокуратураның болжамынша, олар – Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев. Шетелде қашып жүрген Рахат Әлиев «саяси астары бар» деп, бұл айыптауларды мойындамайды.
9
11 қаңтар күні Израильдің бұрынғы премьер-министрі Ариэль Шарон
қайтыс болды
. Израиль генералы инсульттан соң сегіз жыл есін жимай, төсек тартып жатты. Ол биыл 85 жасқа келген еді.
Шарон әскермен жер басып алу операцияларын жүргізген, ол жерлерге еврей қоныстарын салған. 2005 жылы ол Газа секторындағы еврей қоныстарында тұратын адамдарды эвакуациялау туралы жарлық берген еді. Генералды Израиль үкіметі соңғы сапарына құрметпен шығарып салмақ.
Ал палестиналық "ХАМАС" тобы "Шарон өлімі туралы ақпаратқа қуанғандарын" мәлімдеп, оны "қылмыскер" деп атады.
10
11 қаңтар күні қырғыз және тәжік шекарашылары
атысты
. Бес қырғыз шекарашысы мен бір полицей және үш тәжік шекарашысы жараланып, госпитальға түскен. Атыс тәжік-қырғыз шекарасында, Қырғызстанның Баткен облысы Ақ-Сай ауылының маңында болған.
Бұл - екі ел арасындағы соңғы екі айда болған екінші қақтығыс. Бішкек пен Душанбе қақтығысқа бірін-бірі кіналады.
Сарапшылар "қақтығыс себебі - шекара дауы" деп санайды.
Апта бейнелері: 6 - 12 қаңтар
XS
SM
MD
LG