1991 жылы Қазақстандағы тұңғыш коммерциялық газеттердің бірі ретінде пайда болған «Караван» газетінде көп ұзамай-ақ түрлі қоғамдық-саяси мәселелер жан-жақты көрініс таба бастады. Бірақ 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алуы газет назарынан тыс қалған тақырыптардың бірі болды.
«НҰРСҰЛТАН – АФРИКАДА ДА НҰРСҰЛТАН»
«Караванның» саяси мәселелерге ойыса бастағаны жөнінде Қазақстанның сол кездегі баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов «Казахстанская правда» газетінде: «Соңғы кездері «Караван» газетінің саясатқа жиі килігіп, тіркелген шартына қайшы келе бастағаны байқалады. Егер, басылым иелері қарапайым жарнамалар мен хабарландырулардың тасасында отырып, біртіндеп саяси газетке айналамыз деп дәмеленіп жүрсе, қатты қателеседі» деп жазған еді.
«Караван» іле-шала «Министр Султанов грозит нам пальцем, но «Караван» идет своей дорогой» деген жауап қайтарды. Осылайша «Караван» газеті мен ресми билік арасында ұзақ жылдарға созылған «саяси қарым-қатынас» басталды.
1993 жылғы ақпанның соңында «Караван» газетінде «Он и в Африке Нурсултан» деген Олег Квятковскийдің мақаласы жарық көріп, ізінше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Караванның» иесі Борис Гиллерге арнайы сұқбат берді. Бір жылдан кейін-ақ Борис Гиллер Нұрсұлтан Назарбаев жөніндегі көзқарасы өзгергенін мәлімдеді.
«КЕРІ КЕТКЕН КЕРУЕН»
1990 жылдардың бас кезінде Қазақстандағы орыс тілділер мен орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, қос азаматтық мәселесі «Караван» газеті ұдайы көтеретін тақырыптардың біріне айналып, қазақ ұлтшыл-патриоттарының қарсылығына ұшырады.
Орыс тілді мектептерді Ресей оқулықтарымен оқытуды көздейтін «Быть ли русской национальной школе?» деген мақала, «Қоғамдық ой-пікір» деген айдармен берілген «Мама, я русского люблю», «Хорошо ли быть русским в Казахстане?» деп келетін «Гиллер институтының» т.б. сауалнамалық мақалалары қазақ ұлтшылдары тарапынан арандатушылық ретінде бағаланды.
«Караван» газетінде жарық көрген Нұрболат Масанов пен Нұрлан Әміреқұловтың «Будущее Казахстана без России невозможно», Олжас Сүлейменовтің «Союз с Россией – наша судьба» деген мақалалары да кейбір қазақтілді орта өкілдерінің наразылығын туғызды. Оны Нури Муфтахтың «Тәуелсіздердің тақырыбы» мен Құдияр Біләлдің «Бағыты теріс керуен» атты мақалаларының тақырыбынан-ақ аңғаруға болады.
«Жерге жеке меншік енгізу, орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру жайын талқылауға бола ма, жоқ па?» деген мәселе бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қарап, кері қаққан жоғарғы кеңестің 1994 жылғы желтоқсанның 15-індегі шешімі жаңа дау-дамайды өрістетті. Оған Болат Әбілев, Қозыкөрпеш Есенберлин секілді бір топ кәсіпкердің қос тілділікті қолдап, жеке куәліктен «ұлты» деген анықтаманы алып тастау жөнінде Қазақстан президентіне жазған үндеуі үстеме болды.
Осыған орай «Караван-блиц» газеті орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруді талқылауға қарсы шыққандардың тізімін беріп, «әшкерелесе», «Ана тілі» газеті, керісінше, қолдағандарды айыптап шықты.
Айта кетерлік жайт, осы кезеңде, яғни 1993 жылдың екінші жартысынан 1994 жылдың күзіне дейін «Караван» акционерлік қоғамы «Караван» газетінің жанынан қазақ тілінде «Аруана» газетін шығарып тұрды. Оның сол кездегі редакторы Мақсот Ізімұлы Азаттық тілшісінің сауалына құрылтайшылар тарапынан «Аруана» газетіне толық шығармашылық еркіндік берілгенін, «Аруана» газетінің «Караваннан» бөлек өз ұстанымы болғанын айтып берді.
«АНТИСЕМИТ АЙЫМБЕТОВ»
«Караван» газетінің 1995 жылғы жаңажылдық алғашқы нөмірінде Борис Гиллер орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесін ашықтан-ашық көтеріп, жоғарғы кеңестің шешімін сынға алды. Газеттің сол күнгі санында «В Швейцарии говорят на трех языках. И живут неплохо», «Зачем нам такой парламент?», Восточный Казахстан: На ВС надежды нет!» деген мақалалар мен пікірлер топтамасы жарық көрді.
Қазақ баспасөзіндегі қарсы пікірлерден кейін «Караван» да қарап қалмай жоғарғы кеңес депутаты Жасарал Қуанышәлиннің Брюссель қаласында ЕҚЫҰ аясында өткен семинарда «Қазақстандағы этникааралық қатынас» жөнінде айтқан сөздерін жіліктеп, «Национал-патриоты «покоряют» Европу» деген кекесінді мақаламен жауап қатты.
1995 жылы сәуір айының соңында «Караван» акционерлік қоғамының қоймасы өртенгенде Борис Гиллер «өртеген – билік, сондай-ақ «Караванның» жетекшілерін көзін құртуға шақырып, қалада емін-еркін таралып жатқан фашистік газетсымақтар» деп жазды да, «Как дела, «Караван»? – Не дождетесь!», «Без «Каравана» у нас нет будущего...», «Мы надеемся на «Каравана», «Цель одна – задушить свободу слова», «Караван» - завоевание всего нашего народа» деген «қоғамдық пікірлерді» тоғыта салды.
Борис Гиллер сөзінің жалғасындай, «Караван» келесі нөмірінде «Фундамент фашизма» деген көлемді мақала жарияланып, «Казахская правда» газеті мен оның бас редакторы, әрі құрылтайшысын меңзеп «Алдан Айымбетов халық жауларын іздеп жүр», «фашизмнің іргетасын қалап отыр» деп, «Айымбетовтің тізімінде жүрген Гиллер мен оның төңірегіндегілерді атып тастасақ, Қазақстанда тәртіп орнай ма?» деген сауал тастады.
Орыс тілді басылымдардағы ұлт мәселесі жөніндегі материалдарды ұдайы назарда ұстап келген «Казахская правда» газетімен арадағы тартыс 1998 жылы да жалғасты.
Сол жылы қаңтарда «Казахская правда» газеті «Караван» и «КТК» - ареопаг вырожденческой идеологии Казахстана» деген мақала жарияласа, «Редакциямызға Алдан Айымбетов пен тарих ғылымының докторы Шолпан Сармұрзинаның екеуара телефон әңгімесінің таспасы келіп түсті» деп хабарлаған «Караван» газеті бұл әңгімені наурыздың 20-ы «...Весь Казахстан будет знать – есть антисемит Алдан Аимбетов» деген көлемді тақырыппен жариялап жіберді. «Караван» тарихындағы алғашқы компромат-таспада екеуінің сол кездегі саяси процестер мен саясаткерлер жөніндегі көзқарасы айтылған еді.
«КАРАВАН» МЕН ӘКЕЖАН
1993 жылдардан бастап Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірінде тәуелсіз БАҚ-тардың рөлі көріне бастады. Тәуелсіз саналатын БАҚ-тарды саяси күштер «кілем астындағы ойындарға» пайдаланып, сайлау алдындағы тартыс кезінде өз ықпалына алуға тырысты.
Социалистік партияның хатшысы Ермұхамет Ертісбаев «300 мың данамен шығатын «Караванның» ұстанымы түсініксіз болып тұрғанын, әзірге жұрттың бәрімен бірдей «жақсы» болғысы келгенімен, бұл газеттің де ерте ме, кеш пе бір жағына шығатынын» 1994 жылы айтқан еді.
1996 жылы «Караван» газетіне берген сұқбатында Қазақстан олимпіндегі саяси тұлғаларға сипаттама жасаған Нұрболат Масанов премьер-министр Әкежан Қажыгелдинге айрықша тоқталып, ол биліктен кетсе оппозицияның компрадорлық қанатының жетекшісі болуы мүмкін деген болжам жасаған болатын. Осы кезеңде Қазақстандағы саяси элита арасында «Караван» газеті Әкежан Қажыгелдиннің ықпалында» дейтін жорамалдар пайда болды.
«Караван» газетінде сол кездегі Семей облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов туралы бірнеше мақаланың қатар шығуы да «оның премьер-министрмен келіспеушілігіне байланысты» деген пікірлер айтылды. Әкежан Қажыгелдинмен «тіл табыса алмады» делінген Ғалымжан Жақиянов ақыры Семей облысының әкімі қызметінен босаған еді.
Премьер-министрлік қызметте отырғанына үшінші жыл болғанда Әкежан Қажыгелдиннің сұқбаттары «Караван» мен «КТК» арнасынан жиі шыға бастады. «Мне не стыдно за то, что я делаю» деген атаумен айқара бетте жарияланған сұқбатында (02.05.1997) ол Қазақстандағы экономикалық реформалармен қатар, өзінің саяси ұстанымы мен отбасылық жағдайына дейін әңгімелеп берді.
1997 жылдың күзінде үкіметке қарата айтылған сындар күрт күшейді. Осыған орай Әкежан Қажыгелдин «КТК» арнасына тағы да арнайы сұқбат беріп, оны «Караван» газеті де қоса басты («Гонки по вертикали», 29.07. 1997). Осы әңгіме барысында Әкежан Қажыгелдиннің «Елім-ай» қоры үшін Қазақстан өз бюджетінен 20 милллион доллар төледі» деген сөзін кейін «Караван» газеті Серік Әбдірахмановпен соттасқанда сәтімен пайдаланды.
«Караван» газетіндегі қатарынан жарияланған үшінші сұқбаты («Да, я служил в КГБ», 05.09.1997) мен газеттің дәл сол нөмірінде әкесі Мағжан туралы мақаладан кейін («Учитель, внук учителя») бір ай өтпей-ақ Әкежан Қажыгелдин «денсаулығын түзету үшін» Швейцария клиникасына белгісіз мерзімге кетіп қалды.
«ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КЕТКЕН СОҢ»
Премьер-министр Швейцарияда жүргенде «Караван» газеті сол кездегі оппозициялық «Азамат» қозғалысының тең төрағалары Ғалым Әбілсейітов, Мұрат Әуезов пен Петр Своиктердің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған екі ашық хатын бір нөмірде жариялады (03.10.97). Олар бірінші хатында «елдің бар байлығын сатып, экономикаға орны толмас залал келтірген, оңды-солды сұқбат беріп, өзін-өзі жарнамалауға ұмтылған премьер-министрді орнынан босатуды» сұраса, екіншісінде Қазақстандағы демократияландыру үрдісін күшейтуді талап еткен болатын.
Қазақстан президентіне қазан айында Швейцариядан жолдаған хатында Әкежан Қажыгелдин өзін премьер-министрлік қызметтен босатуды сұрай отырып, президентке адал болып қала беретінін мәлімдеді. 1998 жылғы ақпанның 20-ы «Караван» Швейцарияда емделсе де, Мәскеуге бизнес-жоспармен барып жүрген Әкежан Қажыгелдинмен телефон арқылы сұқбаттасты. Сұқбатта Әкежан Қажыгелдин Нұрлан Балғымбаев басқаратын өзінен кейінгі үкіметке көңілі толмайтынын тұспалдады.
Әкежан Қажыгелдин премьерліктен кеткен соң «Караван» газеті мен Серік Әбдірахманов арасындағы сот процесі күрт күшейді. «Караван» газеті «үш жыл бұрын жарияланған ақпаратты өзіне «жала жабу» деп бағалап, енді ғана сотқа берген Серік Әбдірахманов әлдекімдердің тапсырысын орындап, мемлекеттік қызметке оралуды көздеп отыр» деген сыңайдағы ақпарат таратты.
1998 жылғы наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайта оралған Әкежан Қажыгелдинге «Парасат» орденін тапсырды. «Караван»
газеті оның алда жарияланғалы тұрған кітабынан үзінді беріп, сәуірдің 24-і Алматы қалалық Жетісу аудандық соты «ар-ожданын қорлап, қадір-қасиетін түсіргені үшін» өздерінен 750 миллион теңге талап еткен Серік Әбдірахмановтың талап-арызын қанағаттандырмағанын хабарлады.
Серік Әбдірахмановпен арадағы дау-дамай газеттің «пайдасына» аяқталуы «Караван» акционерлік қоғамының меншік иесінің ауысуымен «сәйкес» келді. Басқарма төрағасы Борис Гиллер Қазақстандағы бизнесін тастап, шетелге кетуге мәжбүр болды.
Борис Гиллер 2000 жылы ресейлік баспасөзге берген сұқбатында: «Сайлау қарсаңы болатын. Біз ол кезде Қазақстанның премьер-министрімен достық қарым-қатынаста болдық. Қысымға алына бастағанда оған телеарнадан сөз бердік. Қазақстан – өз заңы бар шығыс елі... Егер Назарбаев менен газетті тартып аламын десе, бір тиын бермей-ақ тартып алатын еді. Оған тіпті кеңесшілерінің бірі солай деп те кеңес берді. Бірақ ақыры банк арқылы тиесілі ақшамды аударды. Ақшаны қайдан алды, кім сатып алды – өздерінің шаруасы» деген еді.
1998 жылы шілдеде «Караван» акционерлік қоғамы басқармасының төрағалығына тағайындалған Игорь Мельцер «жаңа қожайындар журналистердің шығармашылық жұмыстарына еш араласпайтынына, ал газеттің бұрынғыдан да өткір болатынына» сендірді.
«КАРАВАННЫҢ» «ӘШКЕРЕЛЕУІ»
«Караван» акционерлік қоғамының қожайындары ауысқаннан кейін газетке республикалық салық полициясының жетекшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевтің бірнеше сұқбаты жарияланып, жұртшылыққа «кәсіпкерлердің қорғаушысы», «жемқорлықтың жолын кесуші» күрескер ретінде көрсетіле бастады (Рахат Әлиев: «У крутых «крыши» поехали», 17.07.1998; «Мы поможем предпринимателям защитить себя...», 18.12.1998; «Заплати налоги и живи спокойно», 27.1.1999).
Сонымен қатар «Караван» газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың басты қарсыласына айналып келе жатқан, бірер ай бұрын ғана өздері ықыласпен сұқбаттасып жүрген шетелдегі экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мен оның партиясын президент сайлауы мен парламент сайлауы алдында тұқырту саясатына да білек сыбанып кірісті: «Все нас из дому гонят дела, дела, дела... Адвокаты Кажегельдина: экс-премьера не ждите!» (4.06.1999); «Слон в посудной лавке», (17.09.1999).
«Караван» РНПК партиясы орталық кеңесінің мүшесі, Әкежан Қажыгелдиннің адвокаты Виталий Вороновтың экс-премьерді айыптаған саяси мәлімдемесін жариялап қана қоймай, Қажыгелдинді қаралау сарынындағы сұрақтармен одан сұқбат алды.
«ӘСКЕРИ ҚҰПИЯ ЕМЕС»
2001 жылдың бас кезінде басталып, 2002 жылы Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновтың сотталуымен аяқталған саяси күштердің тартысында ақпарат құралдарының «рөлі» күшейіп, «компроматтар соғысы» белең алды. Тартыстың бел ортасында «Караван» газеті жүрді.
2001 жылдың қазан айында «Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Рахат Әлиев КТК арнасы мен «Караван» газеті және тағы да басқа бірнеше ақпарат құралдарына иелік етіп отыр» деген парламент депутаты Төлен Тоқтасыновтың мәлімдемесі
«Караван» акционерлік қоғамының «белгісіз» қожайының шамына тигендей болды.
КТК арнасының бас директоры Сергей Клещенков осыған орай баспасөз мәслихатын өткізіп, «телеарнаға ерекше қысым жасалып жатқанын» айта келе, Төлен Тоқтасыновтың сөзі «шылғи өтірік екенін дәлелдеп шықты». КТК-ның екі акциясына ғана иелік ететін Алеев Наиль Искандерович деген жеке тұлға бар, Төлен Тоқтасыновтың айтқаны, бәлкім сол шығар? - деді ол («Ртуть – не водка, много не выпьешь», Караван, 12.10. 2001).
Сергей Клещенковтың бұл сөзін Рахат Әлиевтің өзі де қуаттап, «бұл әскери құпия емес, бұқаралық ақпарат құралдарында ешбір активім жоқ» деп мәлімдеді («Экспресс К», 17.10. 2001). Дәл осы күні Қазақстанның бірнеше ақпарат құралдары шетелдегі Борис Гиллердің үстінен Қазақстан құқық қорғау органдары «кісі өлтірді» деген баппен қылмыстық іс қозғағанын хабарлап жатты.
«РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ҚАЙДА ЕКЕНІ БЕЙМӘЛІМ»
2001 жылғы қарашаның 14 мен 21 аралығында Рахат Әлиев бастан кешкен оқиғаларды «Караван» газеті детектив жанрында баяндап шықты. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Рахат Әлиев жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы жемқорлық туралы парламентте баяндама жасауына рұқсат етпегендіктен орнынан түсу жөнінде өтініш жасады», «Рахат Әлиевке жала жабылып, үстінен қылмыстық із қозғалды, ал өзінің қайда екені беймәлім», «Алма-медиаға қысым жасауда» деген ақпараттар таратты.
«Алма-Медиа» басшылығының мәлімдемелері мен «Караван» газетінің мақалаларындағы ақпараттарды Қазақстандағы басқа ақпарат құралдары теріске шығарды. Соның ішінде «Караванмен» «ежелден егесіп келе жатқан» «Казахская правда» газеті «мұның барлығы «Караванның» ойдан шығарылған кезекті байбаламы» деп бағалады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін бұл пікірдің рас екендігі мәлім болды.
«Караванмен» бірнеше жыл тартысқан мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов та Нұрсұлтан Назарбавқа үндеу жасады. Үндеуде: «Журналистер Рахат Әлиевтің дәурені аяқталды деп жазып жатыр. Көпшілік енді кімнің дәурені тумақ деген мәселені ойлап отыр. Сәрсенбаевтың дәуірі ме? ҰҚК-дағы бос орынға енді кім келмек? Профессор М.Тәжиннің аспиранттары ма, әлде Лаврентий Павлович Сәрсенбаевтың кадрлары ма?» деген сауал қойды.
«КАРАВАН» ЖӘНЕ «САЯСИ ШОУМЕНДЕР»
Рахат Әлиевпен айтыс-тартыстардан кейін бір топ жоғары лауазымды шенеуніктердің «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына (ҚДТ) топтасуы «Караванның» жіті назарында болды.
«Жақиянов-Әблязов бастаған олигархиялық топпен байланысты шенеуніктер «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты жаңа квази-бірлестік құрды», «Қаңтардың 19-ы Алматы циркінде жаңа қойылым – саяси шоу болады» деп, ҚДТ ұйымдастырушыларын «шоумендерге теңеді («Казахстанские олигархи взяли на вооружение методы защит, опробованные в России»; «Весь на вечер на арене!», 18.01.2002).
«Караванның» келесі нөмірлерінде Болат Әбілевті («Бутя и его капитал. Как Булат Абилов кинул на ПИК и всю страну», 1.02. 2002), Алтынбек Сәрсенбаевты («Министр Сарсенбаев придумал «дробильные технологии». Раскольник из министерства согласия», 22.02.2002), Мұхтар Әблязовты («Не рой яму другому – сам в нее попадешь», 29.03.2002) айыптап, әжуалаған мақалалар жариялады.
2002 жылдың көктемінен бастап, негізінен ҚДТ мүшелерін келекелейтін «Куклы» деп аталатын «КТК» арнасының сайқымазақ қойылымын «Караван» да мазмұндап беріп отырды. «Куклы» кейіпкерлерінің бірі Рахат Әлиев өзінің мұндай бағдарламаны «күтпегенін», бірақ сәтті шыққанын айтты.
2006 жылғы ақпанда Алтынбек Сәрсенбаев пен оның көмекшілері кісі қолынан қаза болғанда Дариға Назарбаеваның «Дежа-вю», сол жылы күзде Рахат Әлиевтің «Республикостан или казахский султанат» атты мақалалары «Караван» газетінде жарияланды. Кезінде бұл екі мақалаға да түрлі саяси баға берілді.
РАХАТ ӘЛИЕВ: «МЕН – МЕДИА-МАГНАТПЫН»
Қазақстанның Австриядағы елшісі, әрі ЕҚЫҰ-дағы өкілі ретінде Рахат Әлиев Рейтер агенттігіне берген сұқбатында зайыбы Дариға Назарбаева екеуінің «Хабар» мен КТК арналары мен «Караван» газетінде және Kazakhstan Today ақпарат агенттіктерінде акциялары бар екендігін айтып, өзінің медиа-магнат екендігін жария етті («Караван», Рахат Алиев: «Да я медиа-магнат», 16.02.2007).
Оның бұл пікірі 2001 жылы «Экспресс К» газетіне берген сұқбатына қайшы келді, бірақ бұл жөніндегі түрлі қауесеттерді тоқтатты. Айта кететін жайт, «Хабар» агенттігімен соттасқан кезде Алтынбек Сәрсенбайұлы да өз қолында «Рахат Әлиевтің «Караванды» қалай тартып алғаны жөнінде «Караван» газетінің алғашқы қожайыны Борис Гиллердің куәгерлік хаты бар» екенін ескерткен болатын.
2007 жылдың көктеміне қарай «Нұрбанктің» топ-менеджерлері мен Рахат Әлиев төңірегіндегі шиеленіс басталғанда «Караванның» бетінде бұл іске Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовті қатыстыра жазылған бірнеше материал шықты. «Пора сказать правду» деген хатында Рахат Әлиевтің өзі де «Нұрбанктегі» «қылмыстық топқа» Иманғали Тасмағамбетов пен сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың «қатысы бар» деп санайтынын айтты.
«Нұрбанк» топ-менеджерлерінің жоғалуына орай Қазақстан прокуратурасы 2007 жылы мамыр айында Рахат Әлиевті тұтқындауға санкция бергеннен бастап, Рахат Әлиевтің Қазақстан медиа-рыногындағы ықпалы күрт бәсеңдеді.
Сол жылғы тамыз айында «Караван» газетінің бас редакторлығына сол кездегі мемлекеттік «ҚазАқпарат» агенттігінің төрағасы Жанай Омаров тағайындалды. Бұл тағайындау жиырма жыл ішінде мың қатпарлы саяси портреті қалыптасып үлгерген басылымның тағы бір кезеңге аяқ басқанын көрсетті.