Accessibility links

«Абылай хан мен Назарбаевтың заманы әр басқа»


Қазақстан президенті Назарбаевтың Әбілқайыр және Абылай хандармен кенепке салынған суреті. Ақтөбе қаласы, 4 қыркүйек 2008 жыл.
Қазақстан президенті Назарбаевтың Әбілқайыр және Абылай хандармен кенепке салынған суреті. Ақтөбе қаласы, 4 қыркүйек 2008 жыл.

Абылай ханның 300 жылдық мерейтойын атап өту кезінде Азаттық қазақстандық тарихшымен ханның тарихи образы мен қазіргі саяси көзқарас туралы сұхбаттасты.

Қыркүйектің 30-ы күні Қазақстан президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев: «Осы аптада Абылай ханның 300 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталады. Қазанның 5-і күні Көкшетау қаласында «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Абылай хан алаңында мәдени шараларды өткізу жоспарланған» деп хабарлады.

18-ғасырдағы Қазақ хандығының ықпалды билеушісі болған Абылай ханның тарихи рөліне баға беру әрекеті пост-советтік Қазақстанда әрқилы саяси реңк алды. Оның 300 жылдық мерейтойын атап өту шарасының екі жыл кешіктіріліп, ең соңында облыс орталығында ғана өткізілуі де қоғамда түрлі пікір тудырды.

Азаттық осыған орай аталған ғылыми-конференцияға шақырылған тарихшы Зардыхан Қинаятұлымен сұхбаттасты.

Азаттық: 1991 жылы Абылай ханның 280 жылдығы Көкшетауда үш күн қатарынан аталып өткен еді. Олай болса 300 жылдығы 2011 жылы өтуі тиіс емес пе еді?

Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Зардыхан Қинаятұлы: 2011 жылы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өттік қой. Оны Абылай ханның 300 жылдығымен қоса атасақ, идеологтар бәлкім қандай да бір жолмен Абылай ханның рөлі күшейіп кетеді деп санаған шығар.

Азаттық: 1990 жылдардың басында «Арғы-бергi өмiрiмiзде Абылайдай асқақ, Абылайдай терең, Абылайдай көреген қолбасшы, Абылайдай мәмiлегер мемлекет басшысы болған емес» дейтін риторика мен Қазақстан президентін Абылайға теңеу байқалған еді. Кейін мұндай пікірлер біршама бәсеңдегендей болды. Мұның себебі не деп ойлайсыз?

Зардыхан Қинаятұлы: Абылай хан – ұлы тұлға. Әскери, саяси тұрғыдан қарағанда да солай. Оны мемлекеттік деңгейде мойындау керек. Мемлекет құрған хан ретінде жоңғарға қарсы соғыста атқарған рөлі зор. Абылай қазақтың бас ханы болмаған деген пікірлер айтылды бір кездері. Абылай хан 1771-1781 жылдар арасында бас хан болды. Оны Ресей мойындамағанымен, халық өзі мойындады.

Бірақ қазақтың мемлекеттігін құрған тек Абылай хан деуге де болмайды. Қазақтың 32 ханының әрқайсысының өз рөлі бар. Қасым хан мен Хақназар хан
Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясы. Сурет "Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы" кітабынын алынды.
Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясы. Сурет "Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы" кітабынын алынды.
тұсында қазақтың қазіргі шекарасы қалыптасты. Ол шекара бүгінге дейін өзгерген жоқ. Соның негізінде келе жатырмыз. Ал шекараны делимитациялау – 19-ғасырдың көрінісі. Мысалы, Түркия мен Ресейдің арасындағы делимитация 1917 жылдары жасалды. Ал жалпы хандық кезеңді қазіргімен теңеу мүмкін емес.

Азаттық: Қазанның 2-сі күні ресми БАҚ жариялаған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Абылай хан туралы мақаласында: «Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан тәуелсіз мемлекетке айналды» деген жолдар бар.

Зардыхан Қиаятұлы: Абылай ханның арманының орындалғаны, дербес мемлекетке айналғанымыз - рас. Бірақ ол тек президент Назарбаевқа байланысты емес қой. Неге десеңіз, Қазақстан Совет өкіметінің құрамында тұрғанда да өзінің шекарасы, астанасы болды, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп аталды. Біріккен Ұлттар Ұйымына кірмесе де, Одақ көлемінде дербес республика болып саналды.

Азаттық: Абылай хан тұсында Қытай мен Ресей арасында дипломатиялық қатынасты Қазақ хандығының мүддесіне шебер пайдаланды деп жазады зерттеушілер. Қазақстан қазір де көп векторлы саясат ұстанып, аталған екі елмен тығыз қатынас орнатып отыр. Осы екі кезеңде қандай ұқсастық бар?

"Абылай хан". Суретті салған өнертанушы Михаил Горелик. Сурет "Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы" кітабынан алынды.
"Абылай хан". Суретті салған өнертанушы Михаил Горелик. Сурет "Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы" кітабынан алынды.
Зардыхан Қинаятұлы: Екеуінің заманы екі бөлек. Абылайдың заманында бір жағынан орыстар, екінші жағынан Цин империясы қысып жатты. Қазақтың қолында күш болған жоқ. Халықаралық саясатта өзіндік статусы жоқ кез ол. Ал қазір Ресей мен Қытайға соншалық жалтақтаудың қажеті не? Біреу жаулап алайын деп, я қысым көрсетіп жатқан жоқ. Мұндайда ұлттық дербес саясат жүргізу керек менің ойымша.

Азаттық: Көкшетауда өтетін ғылыми конференциядан кейін тарихта Абылай хан образы басқаша баяндалуы мүмкін бе?

Зардыхан Қинаятұлы: Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің Қазақстан тарихын зерттеу жөніндегі соңғы кездердегі бастамасы, әрине, зерттеушілерге серпіліс әкелгені рас. Бәлкім, Абылай ханды бүгінгі идеология тұрғысынан зерттеуде өзгеріс болатын да шығар. Дегенмен оның тұлғасын биіктету мәселесі алға қойылады деп айта алмаймын. «Абылайдың 300 жылдығын» атап өтуді 2 жылға кешіктіргеніне қарағанда, бұл мерейтой «өтпей қалған мерекесін өткізіп жатырмыз» дейтін кезекті шараға ұқсайды.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG