Accessibility links

Ақтөбеде «хиджаб мәселесімен» арнайы орталық айналыспақ


Діни басқарма өкілдерімен кездесуге шақырылған хиджаб киетін студент қыздар. Ақтөбе, 27 ақпан 2009 жыл. Көрнекі сурет
Діни басқарма өкілдерімен кездесуге шақырылған хиджаб киетін студент қыздар. Ақтөбе, 27 ақпан 2009 жыл. Көрнекі сурет

Ақтөбеде мұсылмандық шарттарын ұстанатын жастарға арналған «Ансар» атты кеңес беру - реабилитация орталығы ашылады. Облыс әкімдігі орталықпен бірлесіп жастар арасында «дәстүрлі исламды насихаттауды» және оқу орындарында хиджаб киген бойжеткендер санын азайтуды мақсат тұтатынын айтады.


Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова сәуірдің 23-і күні Астанада әйелдер, отбасы және демография жөніндегі ұлттық кеңес өткізген жиында облыс орталығындағы жеті жоғары оқу орнында былтыр 3 700 студент хиджаб киіп жүрген деп мәлімдеген.

«Бүгіндері соның 600-і ғана принципті түрде хиджабтарын тастамай жүр. Біз олармен принципті түрде жұмыс жасап жатырмыз. Мұсылман сенімін қабылдағаны үшін емес, сенімдері дәстүрлі исламға жақындауы үшін... Қазір бұл жастармен жұмыс жасайтын «Ансар» атты консультативтік-реабилитациялық орталық ашып жатырмыз» деп мәлімдеген.

Нұрқатова ханымның айтуынша, бұл - 6 ай бойы үздіксіз жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесі.

«КӨМЕКШІЛЕР»

Азаттықтың тілшісі сәуірдің 25-і күні Ақтөбеге оралған Сара Нұрқатовамен осы орайда сұқбаттаспақ болған еді. Жұмысының көптігін желеу еткен шенеунік түсініктеме беруді дін істері жөніндегі департаменттің директоры Бауыржан Есмаханға жүктепті.

- Біз ешқандай мәжбүрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқанымыз жоқ. Түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны рас. Ал облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың мәлімдемесіне келсек, ол кісі орамалды емес, хиджабты меңзесе керек. Бұрын Ақтөбеде бетін бүркемелеп, қара жамылатындар көп болатын. Түсіндіру жұмыстарының арқасында азайды. Сара Нұрқатованың айтып отырғаны – осы, - деді Бауыржан Есмахан.

Бауыржан Есмахан Ақтөбенің бұрынғы бас имамы кезінде (оң жақ шетте) "Нұрғасыр" мешітінің ашылу салтанатына келген лауазымды қонақтармен бірге. Сурет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтынан алынды.
Бауыржан Есмахан Ақтөбенің бұрынғы бас имамы кезінде (оң жақ шетте) "Нұрғасыр" мешітінің ашылу салтанатына келген лауазымды қонақтармен бірге. Сурет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтынан алынды.


Бауыржан Есмаханның сөзіне қарағанда, діндар жастарға кеңес беру үшін былтырғы қыркүйектен бері Ақтөбеге Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасынан 30 теолог келіп кеткен. Ал үш мыңнан астам студенттің хиджабтарын тастағаны туралы ақпарат дін істері жөніндегі облыстық департаментте де, Ақтөбедегі орталық мешітте де жоқ.

- «Ансар» араб тілінен аударғанда «көмекшілер», «пайғамбардың сахабалары» деген мағынаны білдіреді, – дейді шілде айында ашылатын орталық директоры, теолог Асқар Сәбдин.

Құжаттары әзірленіп жатқан жаңа орталықта Асқар Сәбдинмен бірге үш имам дәстүрлі исламды насихаттамақшы.

«ОРАМАЛҒА ҚАРСЫ ҮГІТ-НАСИХАТ ТОЛАСТАҒАН ЕМЕС»

Ислам дінін ұстанатын жастарға кеңес беретін орталықтың ашылатындығына Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлнәр есімді әйел «қатты қуанғанын» айтады. 19 жасар қызы Динара намаз оқи бастағалы бері Гүлнәр «кімнен кеңес сұрарын білмей жүрген».

- Қызым Ақтөбедегі Қазақстан-Ресей халықаралық университетінің 1-курсында оқып жүр. Жақында проректоры шақырып, «орамалын тастасын» деп ескертті. Мен оны Динараға алғашқы күннен-ақ айтып келемін. Тілімді алмайды. Үнсіз тыңдайды да, өз дегенін жасайды. Қызымның болашағына қатты алаңдаймын... Ұрыссам, қан қысымым көтеріліп, киіміне қарасам, көңілім нілдей бұзылады, - деді ол.

Тап осындай келіспеушілік Сақтаған Бәйішев атындағы университеттің студенті Шынар Мантайқызының да отбасында болған. Шынар - былтыр желтоқсан айында аталмыш университет басшылары «орамал таққаны үшін» бір апта сабаққа қатыстырмай қойған 8 студенттің бірі.

Сақтаған Бәйішев атындағы университеттің студенті Шынар Мантайқызы. Ақтөбе, 12 желтоқсан 2011 жыл
Сақтаған Бәйішев атындағы университеттің студенті Шынар Мантайқызы. Ақтөбе, 12 желтоқсан 2011 жыл


- Біз орамалымызды тастағанымыз жоқ. Қатарымызға енді қосылған бір студент қызды оқытушылар жақында «жақсылап ойланып кел» деп ауылына Шұбарқұдыққа қайтарып жіберді. Орамалға қарсы үгіт-насихат университетімізде бір сәтке де толастаған емес, - деді Шынар Азаттық тілшісіне.

Ақтөбелік хиджаб киетін студент қыздар бұған дейін өздерінің киіну формасына қатысты оқу орны тарапынан жасалған сын-ескертпелерді конституциялық құқықтарының шектелуі деп сипаттаған болатын.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюроның Ақтөбе филиалының заңгері Ағызбек Төлегенов Азаттық тілшісіне студенттердің киінуіне қатысты этикалық нормаларды «дәстүрлі Исламға» сәйкестендіру бойынша жүріп жатқан ресми шараларға қатысты былай деді:

- Адамның басқа құқықтары сияқты діни құқықтарына да қол сұғылмауы тиіс. Басқасының бәрі – бос әңгіме! Бұған дауы барлар Қазақстанның констуциясын тағы бір қарап шықсын.

XS
SM
MD
LG