Қазанның 3-і күні Инчхонда бокс бойынша финалдық бәсекелер өтті. Бірінші болып 49 килограмм салмақ категориясында рингке шыққан қазақстандық Біржан Жақыпов финалда оңтүстік кореялық Чин Чонхуннан ұпай саны бойынша аз ғана айырмамен ұтылып, Азия ойындарының күміс жүлдесін алды. Ол 2010 жылғы Азия ойындарында да финалда жеңілген еді. Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Біржанның бұл жолғы жеңілісі қазақстандық бокс жанкүйерлерінің көңілін пәсейте қалды. Бірақ бұдан кейінгі алты жекпе-жекте басым түскен қазақстандық боксшылар жанкүйерлерін қатты қуантты.
52 килограмм салмақ категориясында Ілияс Сүлейменов финалда өзбекстандық Шахободин Зоировты ұтса, 69 килограмда әлем чемпионы Данияр Елеусінов тағы бір өзбекстандық Исраил Мадримовты еш қиындықсыз жеңді. Елеусінов өз салмағы бойынша әлемдік рейтингте бірінші екенін рингтегі қозғалысы мен қорғану техникасы және мінсіз дәл соққылары арқылы тағы бір дәлелдеді. Данияр - бокстан Азия ойындарын екі рет ұтқан алғашқы қазақстандық боксшы атанды. Ол 2010 жылы Гуанжоуда өткен Азия ойындарында, 2013 жылғы әлем біріншілігінде чемпион атанған.
75 килограмдық категорияда былтыр Алматыдағы әлем чемпионатында күтпеген жерден алтын жүлде алған қазақстандық жас боксшы Жәнібек Әлімханұлы да Азия ойындарының алтынын иеленді. Ол финалда иорданиялық Адел Алхендавиден айқын басым түсіп жеңіске жетті.
81 килограмм салмақта Лондон олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов финалда оңтүстік кореялық Ким Хенкьюді айқын жеңіп, Азия ойындарының алтынын алды.
91 килограмда Антон Пинчук финалда ирандық Али Мазахериді аса тартысты жекпе-жекте жеңіп шығып Азиада чемпионы атанды.
+91 килограмда Иван Дычко да финалда Иран боксшысы Ясем Делевариді жеңіп, Қазақстан бокс құрамасының алтын жүлде санын алтауға жеткізді. Бұған дейін 56 килограмм салмақта тағы бір қазақстандық Қайрат Ерәлиев қола жүлдені місе тұтқан.
Осылайша Қазақстан боксшылары Азия ойындарындағы рекордтық көрсеткішіне жетіп, алты алтын, бір күміс, бір қола медаль иеленіп, осы спорт түрі бойынша ерлер арасындағы командалық есепте бірінші орынға шықты. Ал Инчхонда әйелдер боксынан қазақстандық спортшылар Жайна Шекербекова күміс, Марина Вольнова қола жүлде иеленген еді. Қазір Қазақстан құрамасы Азиададағы жалпы командалық есепте 82 медальмен (28 алтын, 22 күміс, 32 қола) 4-орында тұр. Азия ойындары ертең, қазанның 4-і аяқталады.
Қазақстан спортшыларының әуесқой бокстағы жетістігі төрт боксшысы финалға жеткен 2000 жылғы Сидней олимпиадасынан кейін араға уақыт салып барып 2012 жылғы Лондон олимпиадасында қайталанған (бір алтын, бір күміс, екі қола). Бірақ ұлттық бокс құрамасының өз тарихындағы ең ірі жетістігі 2013 жылы Алматыда ерлер арасында өткен әлем чемпионатында тіркелді. Бұл жарыста қазақстандық боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде иеленіп, командалық есепте Куба, Ресей мен Италия сияқты басты қарсыластарын артта қалдырған.
Соңғы жылдардағы Қазақстан боксының елеулі табысының себептері талқыланған кезде ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжановтың есімі жиі аталады. AIBA (халықаралық бокс федерациясы) 2013 жылы Айтжановқа әлем чемпионатының нәтижесі бойынша "ең үздік бапкер" атағын табыс еткен. Ресми статистика бойынша Қазақстанда 22 мыңға жуық адам әуесқой бокспен шұғылданады, оларды 960 бапкер жаттықтырады.