Accessibility links

Прокурор Әмин Елеусіновті екі жылға соттауды сұрады


Ақтаудағы Oil Construction Company компаниясы кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов сотта отыр. Астана, 14 сәуір 2017 жыл.
Ақтаудағы Oil Construction Company компаниясы кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов сотта отыр. Астана, 14 сәуір 2017 жыл.

Астананың Алматы аудандық 2-сотында өтіп жатқан процесте прокурор Данияр Темірханов Ақтаудағы Oil Construction Company компаниясы кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусіновті екі жылға соттауды және 2018 жылдың мамырына дейін кәсіподаққа 8 миллион 200 мың теңге өтетуді сұрады.

Прокурор Данияр Темірханов бұған дейін сотталушының кінәсін мойындайтыны туралы процессуалдық келісім жасасу жөніндегі өтінішін қарап, "айыптаудан ішінара бас тарту қажет" деген тұжырым жасағанын мәлімдеген.

Темірхановтың айтуынша, прокуратура Елеусіновке тағылған "кәсіподақтың 6 миллион 469 мың теңге қаржысын жымқырды" деген айыбынан бас тартып, "полицияға бағынбады", "ғайбаттап, күш қолданды" деген айыптарды күшінде қалдыруды қолдайды.

Данияр Темірханов "Елеусінов кәсіподақтың 14,6 миллион теңгеден астам қаржысын жымқырған" дейді. Прокурор сотта бұл айып бойынша шығын көлемін 6 миллион 469 мың теңгеге ғана қысқартуға ғана келісетінін айтты.

ВИДЕО: Әмин Елеусіновтің сотынан жүргізілген видео трансляция

Тергеушілердің тұжырымы бойынша, 6 миллион 469 мың теңге Наурыз мейрамын өткізу үшін пәтер жалдауға, азық-түлік сатып алуға және музыкалық аспаптарды жалдауға жұмсалған, оның арасында кәсіподақ мүшелерінен санаторийде демалыс ұйымдастыруға жиналған кассаға түспеген қаржы да бар.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің төрт бабы - "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену, талан-таражға салу", "Билік өкілін жұрт алдында немесе БАҚ яки телекоммуникация арқылы ғайбаттау", "Билік өкіліне бағынбау" және "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша айып тағылған.

Елеусінов тергеу кезінде де, сот басталған соң да айыптарды теріске шығарған. Өткен аптада оның кінәсін мойындайтыны туралы сот-процессуалдық келісім жасасу жайлы өтініш бергені туралы ақпар шыққан.

ВИДЕО: Елеусіновке тағылған айыптар (26 сәуір 2017 жыл)

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы мұнайшыларының кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусінов қаңтарда OCC кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевпен бірге Ақтауда ұсталып, кейін Астанаға әкетілген. Астанада олар қылмыстық күдікке ілініп, қамалған.

Қаңтардың 21-інен бері Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінде қамауда отырған Әмин Елеусінов ОСС жұмысшыларының биыл қаңтарда жариялаған бірнеше апталық аштық акциясынан соң ұсталған.

Жұмысшылар компанияның Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде екі апта бойы аштық акциясын өткізіп, биліктен Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жаппауды талап еткен еді. Ақыры аштық жариялаған мұнайшылардың 27-сі сотқа тартылып, олар ОСС-ге жиыны 3,3 миллион теңге төлеуі тиіс болған

ВИДЕО: Әмин Елеусіновті полиция ұстаған сәт

Әмин Елеусіновпен бірге ұсталған Нұрбек Құшақбаев өткен айда "сот заңсыз деп тапқан ереуілді жалғастыруға арандатты" деп айыпталып, екі жарым жылға сотталған.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі бойынша арнайы өкілі Майна Киаи Қазақстан сотының Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын (ҚТКК) жабу туралы шешіміне және кәсіподақ жетекшілерін қудалауына алаңдаушылық білдірген.

"Билік Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қамап, аштық жариялаушыларға айыппұл салу арқылы бейбіт қарсылықты күшпен тоқтатты. Енді кәсіподақ басшылары да қаржы жымқырды және "заңсыз ереуілге шақырды" деп айыпталып жатыр" деген Киаи.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы Қазақстанның серіктестерін, оның ішінде Еуропа Одағы мен АҚШ-ты Қазақстан билігіне Маңғыстау облысындағы мұнайшылар аштығынан соң қылмыстық айып тағылған Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты босатуына ықпал етуге шақырған. HRW 26 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде халықаралық екі кәсіподақ ұйымы, оның ішінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Oil Construction Company компаниясы жұмысшылары кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты босатуға шақырған хат жолдағанын айтады.

HRW "Елеусінов пен Құшақбаевты қудалау мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға қарсы аштық жариялауымен байланысты болуы мүмкін" дейді.

Астана соты Әмин Елеусіновтің процессуалдық келісім жасасу жайлы өтінішіне қатысты шағымын мамырдың 15-інде жарияламақ.

XS
SM
MD
LG