Қос ақын да Астанаға, Қазақстан президентіне арналған мадақ жырды түйдектетті. Алайда сөз арасында қазіргі қоғамның көп түйткілі де қозғалды. Айтбай Жұмағұлов: «Астарлап әр нәрсені айтам өңдеп» дей келіп:
– Айтайын шындық жайлы бекемдеп жыр,
Ақиқат мақсатына жетем деп жүр.
Қара халық шүкір дейді қара нанға,
Шенеуніктер шіреніп шекер жеп жүр.
Байлар құдай болсам деп армандаса,
Кедейлер кредитін не етем деп жүр.
Қазақтың қазынасын жымқырғандар,
Шетелде ақыл айтып, секеңдеп жүр.
Кей қулар қызметін пайдаланып,
Байысам шетел асып кетем деп жүр.
«Ақшасы бар адамдар сотталмайд ы»,
Дегенді ел айтпайды бекерге құр.
Тауықты ұрлағандар түрмеде отыр,
Халықты тонағандар шетелде жүр, - деді.
Жырдан қоғамның өрнегін салған Айтбай ақынның ойын қарсыласы Маржан Есжанова да іліп әкетті.
– Айттың-ау, ақын болып қасіретті,
Қасірет ақындарды ақын етті.
Біреулер жау көрмеген бабаларын,
Атқа бүгін мінгізіп, батыр етті.
Жақсылар отырғызған ағаштарды,
Жамандар кесіп алып отын етті.
Ол рас, сен айтқандай талай адам,
Айтбай-ау, үкіметті сорып жатыр.
Ақындар қалай тыныш кете алады,
Ағайын, ойланайық ақыретті, – деп жырлады Маржан Есжанова.
Айтбай Жұмағұлов пен Маржан Есжанованың айтысы: