Бұл жұптың айтысы Сырымбек Жақсыбекұлының Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың шынайы бейнесін боямасыз жырлағанымен ерекшеленді. Көрермендер де жылы қабылдады.
– Сайлауда топтан озып алған бәйге,
Басшылар неге іске қамданбайды.
Қазақстан бай болса да, халқы кедей,
Өмірден келтірейін алған жайды.
Халықтың бәрі қарыз банктерге,
Кредит көңіліме салған қайғы.
Өзге ұлттар Қазақстанда коттедж салса,
Қазақтар азып-тозып үй жалдайды.
Студенттің оқу ақысы шарықтап тұр,
Бұл неге үкіметте талданбайды.
Ол ақшаны төлейтін ата-ана ғой,
Олар да дәл осыны армандайды.
Бала туар әйелдер базарда жүр,
Осыдан түсінесің қалған жайды.
Елу әйел пойызда тамақ сатып,
Елу жігіт базарда арба айдайды.
Мұның бәрі жоқтықтың белгісі ғой,
Әрине, суға кеткен тал қармайды.
Еуропаны басқарам деп мақтанатын,
Біздің үкімет осыған арланбайды.
Айтыста жолыққасын қастар аға,
Ал енді сөз майданы бастала ма?
Қазақстан елу елдің бірі болмақ,
Біз мұндай қарсы емеспіз бастамаға.
Алайда, сын айтылмай мін түзелмес,
Куәміз неше түрлі масқараға.
Өз байлығым өзіме бұйырмай тұр,
Бұйырып қайдағы жоқ қасқаларға.
Еу, бірақ та Құдай бізге бұл байлықты,
Таратсын деп бермеген басқаларға.
Жырымды төгейінші ақтарыла,
Қонғандай басымызға бақ дарыла.
Тәуелсізбіз деп кеудені кергенменен,
Саламыз көзімізді жат жағына.
Себебі, тәуелдіміз мұнайдың бағасы мен
Тәуелдіміз қытайдың заттарына.
Алайда, кемшіліктен жақсылық көп,
Болады жақсымыз деп мақтануға.
Таңдайы тоқылдақтай тақылдаған,
Ақындар сөз сөйлесін сахнадан,
Жақында ОБСЕ-нің саммиті өтті,
Бар әлем басшылары мақұлдаған.
Еу, осындай дүбірлі жиын жайлы,
Қандай ой білдіресіз ақын ағам, – деп қарсыласына сауал тастады Сырымбек Жақсыбекұлы.
Оның сауалына Есентүгел Әзиев былай жауап қатты:
– Қазағым тектіліктің төбесі едің,
Болжаған бабаларым келешегін.
Сол шалдар ырза болып жатқан шығар,
Ұрпақтарының байқап көп өсерін.
Ал, бүгін Қазақстан алшаңдады,
Төрағасы болып кеше ОБСЕ-нің.
Осындай Алла оң көз салып тұрса,
Несібең төмен болсын неге сенің.
Жанымнан ақтарайын жүлделі өлең,
Жырларым аламанда бір демеген.
Ойыны қысқы Азиада бізде өтеді,
Қарында Алатаудың шыңды елеген.
Алтыннан алқа тағып біздің спортшылар,
Көтерсін көк байрақты жүлдеменен.
Қазақ спортшылары танытар
Деп кетіп ед, бір көреген.
Ал Сырымбек Жақсыбекұлы сөз кезегі өзіне тигенде Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерінің дамымай отырғанын айтты.
Сырымбек пен Есентүгелдің айтысын мына жерден тыңдай аласыздар: