Accessibility links

Қызметтік құпия: министр Абаев заңгерлерге сілтеді


Қызметтік құпия: министр Абаев заңгерлерге сілтеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

ВИДЕО: Мәжілістегі БАҚ заңы талқысы.

Парламент мәжілісі сәрсенбіде Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылап, алғашқы оқылымда мақұлдады. Алайда заң жобасын таныстырған ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев кейбір мәселеде журналистерге нақты жауап бермей заңгерлерге сілтеді.

Құжатты талқылау кезінде депутаттар Дәурен Абаевқа кейбір даулы өзгерістер мен түзетулерге қатысты сауалдарын қойды. Депутат Мұхтар Ермен жобада жеке немесе заңды тұлға мен БАҚ арасындағы дауды реттеуде БАҚ саласында қызмет ететін қоғамдық ұйымдардың мәмілегер болуы қарастырылған ба деген тұрғыда сұрақ қойды. Министр Абаев жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар мен БАҚ арасындағы дауды тараптар сотқа жеткізбей реттеуіне де, медиатор арқылы шешуіне де болатыны және БАҚ саласындағы кез-келген қоғамдық ұйымның медиатор қызметін атқара алатынын айтты.

ТАҒЫ БІР "ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ"

Мәжілістегі кейбір заңнамалық актілерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар мемлекеттік органдардың журналистердің сауалына жауап беру мерзімін ұсынылып отырған 15 күннен азайту қажеттігін де айтты. Депутаттардың сөзінше, 15 күннен кейін алынған ақпараттың маңыздылығы жойылып, ескіріп кетеді.

Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова бұрынғы заңда мемлекеттік органның үш күнде жауап беруі айтылғанын еске салып мынандай пікір білдірді:

- Жобада мемлекеттік органның бұрынғыдай үш күн емес, 15 күн бойы журналист сауалына жауап дайындай алатын құқығын енгізу айтылған. Мұның негіздемесі сапалы жауап беруге уақыт керек дейді. Бірақ іске келгенде жауап мерзімін созу қағазбастылыққа ұрындырады, - деді депутат.

Министр Абаев бұған қатысты "әлемдік тәжірибеде мемлекеттік органдар ақпаратты 20 күн, тіпті бір ай шегінде де береді" деген уәж келтіріп, мұнда алаңдайтын ештеңе жоғын айтты. Депутат Унжакованың ресми орган жауап мерзімін қысқарту туралы ұсынысын министр Абаев ескеретінін білдірді. Бірақ нақты қанша күнге мерзімнің қысқаратынын отырыс кезінде де, отырыстан соң да журналистерге де айтпады.

"ӨЗГЕ ҚҰПИЯНЫҢ" ҚАНДАЙ ҚҰПИЯ ЕКЕНІ АЙТЫЛМАДЫ

Мәжілістегі кейбір заңнамалық актілерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Павел Казанцев заң жобасындағы 21-ші бапқа назар аудартты.

- Заң жобасы бойынша 21-ші бапты толықтыру көзделген. Онда журналистер тұлғаның жеке отбасылық, дәрігерлік, банк және коммерциялық құпияларын және заңмен қорғалатын өзге құпияларды жариялау үшін рұқсат одан сұрауға міндеттеледі. "Заңмен қорғалатын өзге құпияларға" не жатады? - деп сұрады. Павел Казанцев.

Бұл сұраққа әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина жауап берді.

- Әңгіме заңмен қорғалатын қызметтік құпиялар туралы болуы мүмкін. "Заңмен қорғалатын өзге құпиялар" деп аталуы да сондықтан. Заңда құпияға жататын нақты ақпарат түрі аталады, - деді Зәуреш Баймолдина.

Министр Дәурен Абаевтың айтуынша осы құпияларға "қызметтік мақсаттағы ақпарат түрлері" жатады.

ВИДЕО: БАҚ туралы жаңа заң - мамандар пікірі.

БАҚ туралы жаңа заңның жобасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

- Салық төлеушілердің барлық ақпараты бірдей ашық болмауы мүмкін. Құпия емес, дегенмен қызметтік мақсатта пайдалануға арналған ақпарат болады. Неге олай екенін менен емес заңгерлерден сұраңыздар. Ақпаратқа қойылатын белгілі бір талаптар бар, оған сәйкес кеп тұрса, ол құпия ақпарат тізіміне енеді. Қызметтік мақсаттағы ақпарат талаптарын мен анықтамаймын, - деді ақпарат министрі Дәурен Абаев жиын соңынан журналистерге.

Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер концепциясы биыл ақпанда талқылана бастаған. Eкі жүзден астам өзгеріс мен толықтыру бар министрліктің алғашқы жобасы сәуір айында жарияланып, маусымда депутаттар қарауына ұсынылған. Ал бүгінгі отырыста парламент мәжілісі заң жобасын алғашқы оқылымда-ақ қабылдады.

Ақпарат министрі Дәурен Абаевтың әкелген заң жобасы бойынша Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға отыз шақты толықтыру мен өзгерту енгізу жоспарланған.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы туралы Азаттық алдағы уақытта кеңірек тоқталатын болады.

XS
SM
MD
LG