Accessibility links

Мейрамовтарды үйінен шығара алмады


Әділбек Мейрамов үйінен шықпайтынын, үйге сот орындаушылары жақындаса, газ баллонын жарып жіберетінін ескертіп тұр. Астана, 24 маусым 2016 жыл.
Әділбек Мейрамов үйінен шықпайтынын, үйге сот орындаушылары жақындаса, газ баллонын жарып жіберетінін ескертіп тұр. Астана, 24 маусым 2016 жыл.

Астанада сот орындаушылары Мейрамовтар отбасын үйлерінен күштеп шығаруға келді. Алайда Әділбек Мейрамов газ баллонын жарып жіберетінін ескертіп, сот орындаушылары оларды үйлерінен шығара алмай қайтты.

Маусымның 24-і күні сағат 11-лер шамасында сот орындаушылар Мейрамовтарды Астанадағы Иманов көшесінде орналасқан жер үйінен шығаруға келді. Алайда оларды отағасы Әділбек Мейрамов көшеге қараған терезесінен газ баллонын, сіріңке, тамызық газет ұстап қарсы алды.

Терезеден басын шығарып тұрған ол "үйде үш жас баласы бар" екенін, "42 жыл тұрған үйінен күштеп шығару - заңсыз" екенін айтып, үйге бөтен адамның жақындамауын талап етті. Ол талап орындалмаған жағдайда газ баллонын жарып жіберетінін ескертіп, оқтын-оқтын айқайлап тұрды.

Сот орындаушыларымен бірге оқиға орнына арнайы жасақ жауынгерлері, өрт сөндірушілер, медициналық жедел жәрдем дәрігерлері де келді. Үй иесімен келіссөз жүргізуге тырысқан билік өкілдері сағат 12-лер шамасында терезеге таяған еді. Осы сәтте Әділбек Мейрамов​ газ баллонының аузын ашып, қолындағы газетті жалма-жан тұтатып, от тамызып жіберетінін ескертті. Мұнан соң полиция мен сот орындаушылары кейін шегінді.

Оқиғаны көруге келген тұрғындар да билік әрекеттеріне наразылықтарын білдіріп, кейбірі полицейлермен, арнайы жасақ өкілдерімен қақтығысып қала жаздады.

Газ баллонын терезеден басын шығарған күйі көтеріп тұрғаннан шаршаған үй иесі оны анда-санда терезе жақтауына қойып отырды. Сүріледі деген үйіне бекінген Мейрамов сөйтіп бес сағат бойы газ баллонын ұстап тұрды.

Әділбек Мейрамов​ биліктің үйін сүруге ұсынған өтемақысы (2 миллионнан 600 теңге - ред.) көлемімен келіспейді. Үй иесі билік белгілеген ол қаражатқа баспана ала алмайтынын, бала-шағасымен далада қалатынын айтады. Мейрамов "Тым құрығанда үйімнің орнына пәтер берсін" деген талабын да білдірді.

Мейрамов сот орындаушыларымен сөйлеспейтінін айтып, Астана әкімінің келуін талап етті. Оның үйінің жанында жүкті әйелі Гүлзада Арықбаева жүрді. Ол журналистерге өзінің ауруханадан келгенін айтты. Арықбаеваның сөзінше, "отбасы бүгін үйінен күштеп көшірілетіні туралы ескерту алмағандықтан, үйден шығару - заңсыз".

Отбасын үйінен шығаруға келген сот орындаушылары Азаттық тілшісіне түсінік беруден бас тартты. Оқиға орнындағы билік өкілдері Азаттық тілшісіне үйден күштеп шығаруға қатысты комментарий беруден бас тартты. Тек тұрғынды үйінен шығару ісімен айналысып жатқан мекеменің бірінің өкілі "Мейрамовтың бұған дейін үйін босатуға келіскенін" мәлімдеді.

Сағат түскі сағат 15:15-тер шамасында өзін "Болысбеков Ердәулет" деп таныстырған сот орындаушысы енді Әділбек Мейрамов​ты заңға бағынбағаны үшін сотқа беретінін мәлімдеп, оларды үйлерінен шығару ісін бүгінге тоқтататынын хабарлады.

ТІКЕЛЕЙ ТРАНСЛЯЦИЯ: Мейрамовтарды күштеп көшіруге тырысу

БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ БІТПЕГЕН ДАУ

Мейрамовтар отбасын үйінен күштеп көшіру әрекеті бірінші рет болып отырған жоқ. Өткен жылы желтоқсанда сот орындаушылары Мейрамовтар тұратын үйді сүруге келген. Сол күні оның жұбайы Гүлзада Арықбаева тамағына пышақ тақап, өзін-өзі өлтіретінін айтып доқ көрсеткен соң көшіру кейінге қалдырылған.

Сот Мейрамовтар үйін "мемлекет мұқтаждығына керек" деген уәжбен сүруге шешім шығарған. Әділбек Мейрамовтың сөзінше, үйді сүргені үшін өтемақы тағайындау туралы сот отырысы өзінің қатысуынсыз өткен. Ол сот шешімі туралы 2012 жылы сот өтіп кеткен соң білген. Мейрамовтар отбасы өздеріне қатысты сот шешімі заңсыз және өтемақы ретінде ұсынылған ақшаға Астанада өз үйлерімен тең үй алу мүмкін емес дейді.

Жергілікті ақпарат құралдарының "Қалалық жылжымайтын мүлік" мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары Лариса Бабийчукке сілтеме жасап хабарлауынша, бұл үй тұрған жерге бірнеше адам иелік еткен - ол адамдарға жиыны 34 миллион 139 мың 618 теңге көлемінде өтемақы төлеу жайлы шешім шыққан.

"Мейрамов Құдайберген Шарипұлы, Мейрамов Асылбек Құдайбергенұлы, Мейрамов Алтынбек Құдайбергенұлы, Құдайберген Қуанышбекке 17 миллион 556 мың 990 теңге көлемінде өтемақы;

Мейрамов Әділбек Тұрлыбекұлына, Мейрамов Әскербек Тұрлыбекұлына, Мейрамова Майра Тұрлыбекқызына, Мейрамова Асма Тұрыбекқызына, Мейрамова Анель Тұрлыбекқызына 16 миллион 582 мың 628 теңге көлемінде ақшалай өтемақы берілді" деп мәлімдеді Лариса Бабийчук.

Оның айтуынша, бұл сомалар жер иелерінің есепшотына түсіп, Мейрамов Әділбектен басқа иелерінің барлығы соттың шешіміне келісіп, жылжымайтын мүлікті өз еріктерімен босатқан.

"Соттың шешімін орындау туралы ескертуді Астана қалалық әділет департаментінің сот орындаушылары Мейрамов Әділбекке бірнеше рет жасады. 2015 жылдың жазынан бері Мейрамов Әділбек әкімдік басшылығының, прокуратураның, Әділет министрлігінің шақыруында болды және көшіруді кейінге қалдыруды сұрады, себебі баспана табуға уақыт тауып, бірнеше апта мерзімінде өзі көшетінін айтты, осылайша ол соттың шешімін орындау мерзіміне дейін жетті" дейді "Қалалық жылжымайтын мүлік" мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары Лариса Бабийчук.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG