Accessibility links

Мұғалімдер – сайлау комиссиясы мүшелері


Кандидаттар тізіміне ілінбей қалған азаматтар. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.
Кандидаттар тізіміне ілінбей қалған азаматтар. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.

Мәслихат депутаттығына үміткер болған, бірақ сайлауға түсу құқығынан айырылған астаналық белсенділер «сайлау комиссиясының өзі заң бұзушылықпен құрылып жатыр» дейді. Билік басқаша түсіндіреді.

Астананың Сарыарқа аудандық соты қалалық мәслихатқа депутат болудан үміткер болған Фатима Жандосованың бір ұйым қызметкерлерінен құралған «сайлау комиссиясының заңсыз құрамы» туралы өтінішін қабылдамай тастады.

Мұғалімдер – сайлау комиссиясы мүшелері
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:52 0:00
Жүктеп алу

Бұрынғы үміткердің айтуынша, соттың арызды қабылдамау себебі белгісіз. Наурыз айының басында Фатима Жандосова мен өздерін ұсынған басқа да төрт үміткерді салық декларациясында айырмашылық бар деп сайлауға қатысудан алып тастаған еді. Бұрын «Нұр Отан» президенттік партиясының құрамында болып, кейін одан шығып қалған, Астана мәслихатына депутаттықтан үміткер Бақыт Сыздықова да осындай күй кешті. Бақыт Сыздықова кезінде ел парламентіне де депутат болған.

Бүгін Астанада өзін-өзі ұсынған төрт адам баспасөз мәслихатын өткізіп, сайлау бөлімшелеріндегі заң бұзушылық пен өздерінің сайлау кампаниясынан шығып қалу себептері туралы өз ойларын айтты. Олардың сөзінше, көптеген сайлау комиссиясы бөлімшелерінде бір мектеп немесе емхана қызметкерлері қызмет етеді, бұл «Сайлау туралы» заңға қайшы. Билік заңды бұлай талқылауға қарсы, сайлау комиссиясын қалыптастыру кезінде ешқандай заң бұзушылық болмады дейді.

УЧАСКЕЛІК КОМИССИЯЛАР

Азаматтық белсенді, қазір Астана мәслихатына бұрынғы депутат саналатын Фатима Жандосова басқа төрт сайлау бөлімшесіндегі сайлау комиссиясының құрамын мысалға келтіреді. Бұл деректерді оған комиссияның өзі беріпті. Барлық жерде учаскелік комиссия құрамына қажетті жеті адамның бес-алтауы бір мектеп немесе емханада жұмыс істейді екен. Көп жағдайда сайлау комиссиясының төрағасы мектеп директоры болады, ал учаскелік комиссия мүшелері оған сайлау кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де тікелей басшы ретінде бағынады.

Фатима Жандосова. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.
Фатима Жандосова. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.

– Учаскелік комиссияның жеті мүшесінің алтауы – бір ұйымның өкілдері. Олардың бәрі жетекшіге бағынышты, ол «мынандай шешім қабылдайық» десе, кейін өзіне кесірі тимес үшін директор айтқан шешімге бағынады. Бұндай комиссияның құрамына сенуге болмайды. Бұның бәрі «Сайлау туралы» заңның 19-бабында бар. 9-тармақта сайлау комиссиясының мүшелері бір ұйымның мүшелері болмау керек дейді, бірақ биліктегілер сырттан келген бір адам болса, біз заңды бұзған жоқпыз деп түсіндіреді. Бірақ шешімді көпшілік қабылдайды, бұл жағдайда көпшілік бағынышты тұлғалар – бұл комиссияның заңсыз құрамы. Халықаралық қауымдастық назарын осы заң бұзушылықтарға аударамыз, – дейді Фатима Жандосова.

Оның пікірінше, бұндай комиссиялар адал және әділетті сайлау қағидаттарына сай келмейді. Сайлау декларациясы мен зейнетақы аударымында айырмашылық бар деп сайлауға түспей қалған Аида Жексенова да осындай пікірді ұстанады. Бұған дейін ол орталық сайлау комиссиясы мен бас прокуратураға «сайлау алды күресті әділ жүргізбеді» деп өзінің қарсыласының үстінен шағым түсірген.

– Астанада №12 округ бойынша №17 мектеп-гимназияның директоры үміткер, сайлау телімшесі оның аумағында тұр, ал сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері – оның тікелей бағыныштылары, – дейді Аида Жексенова.

ПАРТИЯ ЖӘНЕ ҰСЫНЫСТАР

Мәслихат депутаттығына өтпей қалған үміткерлер ұсынған шағымдар бойынша билік өкілдері өз уәждерін айтады. «Жеті адамнан тұратын учаскелік сайлау комиссиясын Астана қаласының мәслихаты іріктеді» дейді №107 сайлау комиссиясы учаскесінің төрайымы Октябрина Жүніс. Оның айтуынша, жекелеген үміткерлер «Нұр Отан» және басқа партиялардан болған. Бірақ көпшілігі – алты адам – №2 мектеп-гимназияның мұғалімдері немесе қызметкерлері. Октябрина Жүністің өзі бұл мектепте математикадан сабақ береді.

– Заң бойынша бәрі болмаса болғаны. Бізде бір адам, Валяева Елена – емхана қызметкері. Заңда барлық мүшелер бір ұйымнан болмауы керек делінген, – дейді Октябрина Жүніс.

Сайлау комиссиясы. (Көрнекі сурет)
Сайлау комиссиясы. (Көрнекі сурет)

Оның сөзіне қарағанда, сайлау комиссиясын құру туралы сұрақты Астана қаласының мәслихатына қою керек, олар өздері №107 сайлау учаскесінде өз мұғалімдерінен комиссия құра алмайды.

№4 қалалық емханада орналасқан №110 сайлау комиссиясы учаскесінің төрайымы Гүлнар Қожабаева телефон арқылы Азаттыққа пікір беруден бас тартты.

– Мен түсініктеме бермеймін. Ертең 4-емханаға келіп сұрақтарыңызды қойыңыз, сол жерде сөйлесеміз, – дейді Гүлнар Қожабаева.

Ол да №110 сайлау комиссиясы учаскесінің төрт мүшесі тәрізді осы емханада жұмыс істейді.

Астана мәслихаты Азаттыққа заңда учаскелік сайлау комиссиясының қызметкерлерінің басым көбі бір мекемеде істеуіне тыйым салынбайды деді.

Учаскелік, округтік және аумақтықты қандай партия ұсынса, солар мүше болады. Заң бойынша партия өз үміткерін сайлау комиссиясының мүшесі ретінде ұсына алады. Сол адамды қарап шығып, мәслихат бекітеді, – дейді Астана сайлау комиссиясының төрағасы және қала мәслихатының өкілі Игілік Жалбыров.

Оның пікірінше, бір ұйымның немесе партияның саны көп өкілдері сайлаудағы дауыс беру нәтижесіне ықпал ете алмайды.

– Олар кабинаға кіріп, дауыс бермейді ғой, – дейді Игілік Жалбыров.

ЗАҢДЫ ТҮСІНДІРУ

Жергілікті заңгер және құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев кез келген заң заңдық тұрғыда түсінікті және құқық нормаларына сай болуы керек дейді. Шорманбаевтың айтуынша, оны оқыған кез келген адам іс-әрекет алгоритмі қандай екенін түсінуі керек. Оның ойынша, «Сайлау туралы» заң ғана емес, Қазақстандағы заңдардың көбі бұл қағидатқа сай емес.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы 14 қаңтар, 2014 жыл.
Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы 14 қаңтар, 2014 жыл.

– Оларды екіжақты түсіндіріп, қолдануға болады, сондықтан таң қалудың қажеті жоқ. Барлығы түсіндіретін адамға байланысты. Мысалы, сайлау комиссиясы оны өзіне қолайлы етіп түсіндіреді. Сосын біз сотқа барамыз, ал заңды екі түрлі түсіндіруге болса, сот не істейді? Ол мына жақты да, ана жақты да қолдауы мүмкін. Комиссияның ісін заңды деп тануы мүмкін. Заңдағы сөздердің мағынасы айқын емес, біздің ұғымға сай болып шықпай қалады, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Оның пікірінше, бұндай кемшіліктерді болдырмау үшін «Сайлау туралы» заңды қайта жазу керек. Ол сайлауға түспей қалған үміткерлердің сотта өз құқықтарын қорғайтынына сенбейді, себебі «Сайлау туралы» заң екіұшты.

Мәслихат және парламенттің төменгі палатасына кезектен тыс депутаттар сайлау наурыздың 20-сы күні өтеді.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG