Заң жобасы парламент қарауына өткен жұма күні түсіп, сол күні алғашқы оқылымда мақұлданған. Бүгін парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң түпкілікті оқылымда қабылданды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «конституцияда белгіленген құндылықтарға, мемлекетті басқару формасы мен қызмет етуінің негізгі ұстанымдарына сәйкестігін» қарау үшін бүгін құжатты конституциялық кеңеске жолдады.
БИЛІК ТАРМАҚТАРЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ТУРАЛЫ
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин конституцияға енгізілген өзгерістерді «конституциялық реформа – бәрінен бұрын демократияны әрі қарай дамыту, халық билігі негіздерін нығайту, мықты президенттік билікті сақтай отырып, парламент пен үкіметтің жауапкершілігін арттыру» деп бағалады.
Парламенттің қос палатасының бірлескен жиыны кезінде мәжіліс пен сенаттың бірлескен комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров «өзгерістер президенттің бірқатар өкілеттігін үкімет пен парламентке беруді қамтамасыз ету мақсатында енгізілді» деп жариялады. Үкіметті жасақтау сияқты мемлекет істерін шешуде парламент рөлі күшейеді, биліктің атқарушы тармағының жұмысын қадағалауда көбірек мүмкіндік алады деп жоспарланған. Үкіметтің дербестігі оған экономиканы тікелей басқару өкілеттігін, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын органдар мен қызметкерлеріне төленетін еңбекақының бірыңғай қаржыландыру жүйесін бекіту құқығын беру арқылы күшейеді деп мәлімделеді.
Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов «парламент өкілеттігін күшейтетіндей көп өзгерістер енген жоқ, өйткені президенттік «Нұр Отан» партиясы мен президентшіл екі партиядан сайланған депутаттар отырған парламент сол елпек күйінде қалды» деп санайды. Оның сөзінше, парламенттің ықпалы бұрынғысынша шартты күйінде қалды.
Парламентте тіпті өзі қабылдайтын бюджеттің қалай орындалып жатқанын қадағалайтын функция жоқ.
Бұрынғы парламент депутаты Ғани Қалиев «ең бастысы – парламент сол бұрынғы әлсіз күйінде қалды» деп санайды.
– Парламентте тіпті өзі қабылдайтын бюджеттің қалай орындалып жатқанын қадағалайтын функция жоқ, – дейді ол.
Бұрынғы сенат депутаты әрі президентшіл Қазақстан патриоттар партиясының экс-жетекшісі Ғани Қасымовтың айтуынша, атқарушы билікке тәуелсіз конституциялық сот институтын жаңғыртпай билік тармақтарын тәуелсіз деп айтуға болмайды. Оның сөзінше, билік тармақтары арасындағы жанжалдарды, төменгі сот инстанциялары алдын ала қарауы тиіс адам құқығына қатысты заң бұзушылықтарды конституциялық сот қарауы тиіс. Ғани Қасымов «конституциялық сотты жаңғырту туралы ұсынысымды» конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы авторлары ескермеді деп қынжылады.
– Ал бізде – Қазақстанда түрлі деңгейдегі сот шешімдері негізінде [адам құқықтарын бұзуға қатысты] түпкілікті шешім қабылданбайды, сондықтан азаматтарымыз БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне, үшінші бір елдердің, Еуропа елдерінің соттарына жүгінуге мәжбүр болады. Бұл дұрыс емес. Ондай мәселелерді өзімізде шешу керек, – дейді Ғани Қасымов.
Бұл – Қазақстан қоғамын дамыту мүмкіндігі. Бұл – заңдарымыз бен қоғамдық өміріміздегі аса маңызды новелла әрі жаңару.
Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерманның Азаттыққа айтуынша, конституцияға енгізілген өзгерістер – «алға қарай жасалған үлкен қадам».
– Бұл – Қазақстан қоғамын дамыту мүмкіндігі. Бұл – заңдарымыз бен қоғамдық өміріміздегі аса маңызды новелла әрі жаңару, – дейді мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман.
ДАУЛЫ 26-БАП
Конституцияның 26-бабын өзгерту жайлы билік ұсынысына қатысты дау қызған тұста журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың позициясы тосын көрінуі мүмкін. Ол Азаттықпен әңгімесінде өздерін ұлтшыл-патриотпыз деп атайтын азаматтар демократиялық мемлекеттің негізі нарық еркіндігі болуы тиіс деп, бұл мәселе төңірегінде «жасанды шу шығарды» дейді.
– Меніңше, біздің «патриоттардың» әлгі бапты сауатты бағалауына Қытайдан қорқуы кедергі жасады. Олар қытайлар қаптап, «әркім» сөзіне сүйеніп бүкіл жерді сатып алады деп ойлады. Бірақ бұл онша білгірлік емес, өйткені конституциялық нормалардан бөлек мұндай процеске жол бермейтін заңдар бар, –дейді Сергей Дуванов.
Азаттық әңгімелескен бұрынғы президентшіл «Ауыл» партиясының бұрынғы жетекшісі әрі бұрынғы мәжіліс депутаты, экономика ғылымының докторы Ғани Қалиев конституцияның 26-бабын өзгерту жайлы мәселені талқылау кезінде шу шығаратындай құқықтық себепті байқамағанын айтады.
– Меніңше, елдегі жағдайды ушықтырмай, ескі тіркесті қалдырғаны дұрыс болды, – дейді Ғани Қалиев.
Қазіргі конституцияның 26-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады» деп жазылған. Билік ұсынған «Әркім заңды жолмен иеленген кез келген мүлкін жеке меншігіне ұстай алады» деген түзету қоғамда қызу пікірталас тудырды. Оны өзгертуге қарсылар егер «Қазақстан азаматтары» деген сөз тіркесін «әркім» сөзіне ауыстырсақ, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктер жекешелендіріп алуы мүмкін деген қауіп айтқан.
РЕФЕРЕНДУМГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУ
Бұған қоса азаматтық белсенділер конституцияға енгізілетін өзгерістерді қабылдау үшін референдум өткізуді талап еткен еді. Алдыңғы аптада президент Нұрсұлтан Назарбаев референдумнан бас тарту себебін «бұл реформада мемлекеттік билік жүйесінің негізгі формасы өзгермейді, адам құқықтары мен еркіндігінің негізгі тұстары өзгеріссіз қалады» деген уәжбен негіздеуге тырысқан. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда қыруар қаржы, адам ресурсын шығындап референдум өткізудің және қоғамда саяси проблемалар тудырудың қажеті жоқ.
Ол уәждер өзін оппозициялық санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) басшыларының бірі Айдар Әлібаевті иландыра алмаған.
Президент оларға «парламентке жалаңаяқ келіңдер, кімде кім туфли киіп келсе, парламенттен қуамыз» десе, олар қардың үстімен жалаңаяқ келеді.
– Олар барып тұрған сандырақ ұсыныстарды да қабылдауы мүмкін. Егер ертең президент оларға «парламентке жалаңаяқ келіңдер, кімде кім туфли киіп келсе, парламенттен қуамыз» десе, олар қардың үстімен жалаңаяқ келеді. Сондықтан мұндай парламент арқылы конституцияға өзгеріс енгізудің мәні жоқ, – дейді Айдар Әлібаев Азаттыққа.
Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов конституцияға түзетулер неліктен референдумсыз қабылданды деп парламентке ешқандай кінә артпау керек деп санайды.
– Біз қабылдайтын заң бойынша бәріміз өмір сүруге тиіспіз. Біз конституция нормаларын, парламент регламентін, президент пен парламенттің қарым-қатынасын қатаң ұстанып және жұртшылықтың, халықтың пікірін ескердік. Мұның бәрі жай шешіле салған жоқ. Сондықтан заң тұрғысынан алғанда, бүгінгі шешіміміз – мүлде мінсіз, – дейді Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен Ахмет Мурадов.
Кей бақылаушылар билік жұртқа референдум институтын құрметтейтіндей кейіп көрсетеді, ал іс жүзінде оны елемейді және салалық заңдарды өзгерту ғана емес, конституциялық реформалар үшін де «елпек парламентті» пайдаланады дейді.
Мәжіліс және сенаттың бірлескен комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының түпкілікті нұсқасын парламентке таныстырған кезде елдегі референдум өткізу тәртібі мәселесін де қозғады. Енді конституциялық реформаға сәйкес, референдум өткізуді президент қана ұсына алады, ал референдум президенттің бастамасын конституциялық кеңес құптаса ғана өтеді. Конституциялық кеңес төрағасы мен оның екі мүшесін президент, ал қалған төрт мүшесін парламент тағайындайды.
ПРЕЗИДЕНТ, ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ
Негізгі идея президенттің өкілеттігін қайта бөлу деп аталғандықтан, конституцияға енгізілген түзетулер арқылы президенттің рөлі айқындала түскен.
Қабылданған түзетулерде тұңғыш президенттің мәртебесі конституцияның президент туралы бөлімінен тыс – 91-баптың 2-тармағында қосымша пысықталған. Парламент қабылдаған конституция редакциясында «Конституцияда белгіленген мемлекет тәуелсіздігі, біртұтастығы және территориялық тұтастығы, оны басқару формасы, бұған қоса тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалаушы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы салған негізгі принциптерді және оның мәртебесін өзгертуге болмайды» деп жазылған.
Президент өкілеттігін біршама кеңейткен Қазақстанның қазіргі конституциясы 1995 жылғы тамыздың 30-ы күні президент жарлығы негізінде өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Ал референдум өткізу жүйесі туралы заң екі айдан кейін қабылданған. Бірақ одан кейін және күні бүгінге дейін конституцияға өзгерістер, оның ішінде тұңғыш президенттің билігін нығайтатын өзгерістер енгізу кезінде референдум өткен емес.
76 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев – минералды және көмірсутекті шикізатқа бай бұрынғы советтік республиканы басқарып отырған коммунистік дәуірден қалған жалғыз басшы. Ол қаңтардың 25-і күні телевизия арқылы жолдауында кей өкілеттігін парламент пен үкіметке беру ниетін мәлімдеп,өзі «жоғарғы төреші» рөлін атқаратынын айтқан. Қазақстандық кей сарапшылар мен Батыс басылымдары конституцияға енгізілген өзгерістер саяси транзитті қамтамасыз ету үшін енгізілуі мүмкін деп болжайды.