Қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңда бір топ жатақхана тұрғындары "Тасмағамбетов, тастама!" деп ұрандады. Оншақты адамды полиция ұстап әкетті.
Қыркүйектің 25-і күні Астананың Өндіріс көшесі, 1А мекен-жайында орналасқан шағын отбасыларға арналған жатақхананың 30 шақты тұрғыны өздерін баспанасынан күштеп көшіруге наразылық танытты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, тұрғындар қолдарына "Тасмағамбетов, тастама!" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Олар бұл қадамдарын өз проблемасын шешудегі соңғы мүмкіндік деп отыр.
"60 ОТБАСЫ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАҚПЫЗ"
- Біз әкімшілікке жаз бойы кіре алмадық. Амал жоқ осындай жолмен келуге мәжбүр болдық. Баспанасыз қалайын деп отырмыз, 60 отбасы. Бізді далаға шығарып жатыр, сот болып жатыр. Біз бала-шағамызбен, немерелерімізбен қайда барамыз? – деді Шолпан есімді тұрғын.
Екі баласымен, қарт анасымен бірге 13 шаршы метрде, 2003-ші жылдан бастап тұрып жатқанын айтқан Лиза есімді әйел:
- Жатақхана сүріледі дегенге қуандық, шыны керек. Жылу электр станциясының құрылысына қарсы емеспіз, бірақ бізге беріп жатқан ақшасы керек емес, ондай ақшаға үй алу мүмкін емес. Бізге үй берсін! Әкімшілікке кіргізбейді, сондықтан бұл - біздің соңғы мүмкіндігіміз, - дейді.
Акция соңына қарай полиция наразылық білдірген оншақты адамды ұстап әкетті. Олардың арасында шараға қатысқан белсенді Болатбек Біләлов те бар. Оның сөзінше, ұсталған 7 азаматқа қатысты әкімшілік сот өтпекші.
БАСПАНА ДАУЫ
Астана қалалық әкімшілігі таяуда жатақхана орналасқан жер учаскесін "мемлекетке қажет" деп танып, қайтарып алу туралы қаулы шығарған. Жоспар бойынша бұл жерге жылу электр станциясы салынбақ.
Осыған орай жатақхана тұрғындарына өтемақы немесе қаланың басқа бөлігінен тұрып жатқан бөлмелеріне парапар бөлме ұсынылған. Бірақ тұрғындар өтемақы көлемі тым аз деп санайды.
- Бір шаршы метрге 1000 АҚШ долларына жуық қаржы бермек. Менің 11 шаршы метр бөлмем үшін 11 мың доллар. Бұл ақшаға мен не аламын, айтыңызшы?- дейді ашынған тұрғындардың бірі.
Жатақханада шамамен 60 отбасы тұрады. Олардың оншақтысы өтемақыны алып, көшіп кеткен. Ал баратын жері жоқтары өтемақыны емес, өздерінің баспанасына парапар баспана талап етеді.
Бұл мәселеге қатысты Астана қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Айгүл Аспандиярова, тұрғындар жиынына рұқсат берілмегенін айтты. Оның сөзінше, Өндіріс көшесіндегі үйге тәуелсіз сарапшылар өтемақы мөлшерін белгілеген. Астана әкімдігі тұрғындарға не өтемақы, не өзге жатақханадан бөлме ұсынған. Алайда Аспандиярова тұрғындардың екі ұсыныстан да бас тартқандығын айтады.