Accessibility links

Директор – «бопсалау», ал мұғалімдер «жала жабу» айыбына ілікті


67-мектеп-гимназияның мұғалімдері баспасөз мәслихатынан соң сөйлесіп отыр. Астана, 1 маусым 2017 жыл.
67-мектеп-гимназияның мұғалімдері баспасөз мәслихатынан соң сөйлесіп отыр. Астана, 1 маусым 2017 жыл.

Астанадағы 67-мектеп-гимназиясының кей мұғалімдері «директор оқу ісі меңгерушілері арқылы ақша жинап, ақша бопсалаумен айналысты» деп мәлімдейді. Мұғалімдердің шағымынан кейін оларды жала жапқаны үшін директордың өзі сотқа берді. Білім басқармасы өкілдері ақша жинау дәлелдері анықталған жоқ деп мәлімдейді.

Жуырда 67-ші мектеп-гимназия мұғалімдері Астанада баспасөз мәслихатына жиналып, балалар құқығын қорғаумен айналысатын «Қамқорлық» қоғамдық бірлестігі өкілі Евгений Цайдың көмегімен оқу орнындағы жағдай жайлы айтып берді.

ОНДАҒАН МЫҢ ТЕҢГЕ

Жиналғандардың сөзінше, гимназияға жұмысқа орналасқаны үшін мектептің оқу бөлімі меңгерушісі арқылы мұғалім әйелдердің бірінен 60 мың теңге төлеуді талап еткен. Ол мысал жайлы айтып берген Евгений Цай мұғалімнің «жалақым мардымсыз, өзім жалғызілікті анамын, бұған қоса, пәтер ақысы мен несие төлеуім керек» деген уәжбен әлгі соманы төлеуден бас тартқанын айтты. Кейін оқу меңгерушісі мұғалімнің «тым болмаса 30 мың теңге төлеуін өтінген».

– Әлгі әңгімеден кейін мұғалім кабинеттен біртүрлі болып шыққан, ал оқу меңгерушісі бір апта ішінде оған үш рет қоңырау соққан, – дейді Евгений Цай.

Цайдың сөзінше, оқиға кейін былай өрбіген: қыркүйектің аяғында әлгі мұғалім сол мектепте жұмыс істейтін әріптесінен қарыз алып, оның көзінше әлгі ақшаны оқу меңгерушісіне берген. Құқық қорғаушының сөзінше, ақша бопсаланған мұғалім шұғыл шара қолдануды сұрап Астана бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына жүгінген, бірақ оған сол күйі ешкім хабарласпаған. Бұған қоса баспасөз жиынында «мұғалімдер арасында полиция да бар түрлі құзырлы мекемелерге тоғызға жуық арыз жолдаған» деп мәлімделді.

– [Мұғалімдер] жұмысқа тұрғаны үшін ғана емес, біліктілік санатын алғаны үшін де төлейді, бұл – коррупциялық қылмыс, – деді Евгений Цай.

«Қамқорлық» қоғамдық бірлестігі өкілі Евгений Цай. Астана, 1 маусым 2017 жыл.
«Қамқорлық» қоғамдық бірлестігі өкілі Евгений Цай. Астана, 1 маусым 2017 жыл.

Баспасөз жиынында бұдан бөлек, мұғалімдер кәсіби артистер келіп өнер көрсетеді деп уәде етілген жаңа жыл мерекесін өткізуге ата-аналардан 1 миллион 200 мың теңгеге жуық ақша (әр адамнан 1 мың теңгеден) жинаған деп айтылды. Бірақ мұғалімдердің мәлімдеуінше, мереке мектеп күшімен дайындалған, ал артистер ретінде әрқайсысына күніне бір жарым мың теңге төлеп, 10-сынып оқушыларын шақырған.

– Екі күн мерекелеу [бюджеті] 50 мың теңгеден аспайды. Демек, кемі 1 миллион теңгеден көп ақша тиісті мақсатта жұмсалмаған. Алақшаны жаңа жыл мерекесін өткізу үшін деп жинаған, – дейді Евгений Цай.

«ЖҰМЫСТАН ҚУАДЫ ДЕП ҚОРЫҚТЫ»

67-гимназияның мұғалімі Мәрзия Базарбекованың айтуынша, құзырлы органдардың бәріне жүгініп шағым жазғандарымен, екі ай ішінде оларға бас прокуратурадан өзге ешкім сол күйі жауап жазбаған. Мұғалімнің айтуынша, мұғалімдер билік тарапынан әлдебір әрекет болар деп сәуірдің 17-сінен бері күткен. Әзірше білім басқармасынан ғана комиссия барып, мұғалімдердің шағымын тыңдап кеткен, бірақ өзге ешқандай әрекет болмаған. Мұғалімдердің мәлімдеуінше, кейінірек олар «мектепте ешқандай заң бұзу фактісі анықталмады» деген жауап алған.

Базарбекованың сөзінше, директорға қарсы жазылған арызға мектепте жұмыс істейтін 120 мұғалімнің 40-ы қол қойған. Өзгелері жұмысынан айырылып қалудан қорқып, бас тартқан.

67-гимназия мұғалімі Зайра Спаина «қарсылассаң, бірден «кет» дейді, сондықтан ақша жинауға қатыстық» деп түсіндіреді.

– Бізде жұмыстан шығарып жіберген ондай жағдайлар бірнеше рет болған. Қатаң сөгіс жарияламастан кетуді ұсынады, «сізбен жұмыс істей алмаймыз, жұмыстан шығып кетіңіз» дейді. Жастар мұндайға шыдай алмай, бірден жұмыстан шығып кетеді. Ал жасы келген мұғалімдер қорғанады, – дейді Зайра Спаина.

Солдан оңға: мұғалімдер Зайра Спаина мен Мәрзия Базарбекова және «Қамқорлық» қоғамдық бірлестігінің өкілі Евгений Цай. Астана, 1 маусым 2017 жыл.
Солдан оңға: мұғалімдер Зайра Спаина мен Мәрзия Базарбекова және «Қамқорлық» қоғамдық бірлестігінің өкілі Евгений Цай. Астана, 1 маусым 2017 жыл.

Бұған қоса, ол кей мұғалімдердің неліктен 30 мың теңгеден төлегенін «оқу жылы басталып кетті, ал мектептерде орын толып қалды, олардың баратын жері болмады» деп түсіндіреді.

– Төлеп құтылып, тып-тыныш жүргенің жақсы. Бізді «төлемесеңдер, сабақтарыңа қатысамыз» деп қорқытады. «Оқу меңгерушілері, олардың сабақтарына қатысыңдар, ондай адамдарды жұмыстан шығарудың амалын табыңдар немесе ескерту табыңдар» деп бүкіл ұжымның алдында директордың өзі айтқан. Жұмыс істеп жүрген адам неліктен оқу жылының ортасында жұмыстан кетіп, еңбек демалысына төленетін ақшадан қағылуы тиіс? Сондықтан ол адамға әлгі ақшаны төлей салған оңай шығар, – дейді Зайра Спаина.

Директор өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, «ақша талап еткен де, алған да жоқпын, ал кабинетімде видеокамера орнатылған» дейді.

67-гимназия директоры Әлфия Мұсаева телефон арқылы Азаттыққа қазір еңбекке жарамсыздық парағы бойынша демалыста екенін, ал маусымның 5-інде мұғалімдердің оған жала жапқаны жайлы әрі моральдық зиян ретінде олардан 1 миллион теңге өндіріп беруді талап ететін арызы бойынша олардың үстінен сот басталатынын айтты. Оның сөзінше, сотта жазықсыз екенін дәлелдейді. Әлфия Мұсаева өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, «ақша талап еткен де, алған да жоқпын, ал кабинетімде видеокамера орнатылған» дейді. Бірақ мұғалімдердің өздері ақшаны оқу бөлімі меңгерушілері арқылы жинады деп мәлімдейді.

«АҚША ЖИНАУ ДӘЛЕЛДЕРІ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ»

Астананың білім басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа 67-мектеп-гимназиядағы жанжалмен сәуірден бері – мұғалімдерден шағым түскен бетте айналысып жатырмыз деп хабарлады.

– Басқарма комиссия құрып, ішкі тексеру жүргізген. Басқарма өкілдері ата-аналармен, мұғалімдермен, мектеп ұжымымен кездесу өткізді. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша мектепте ақша жинау фактілерін растайтын нақты дәлелдер анықталған жоқ. Шағым түсу тоқтамағандықтан, коррупция мәселесі қозғалғандықтан, біз барлық фактілер мен шағымдар бойынша тексеру жүргізуді сұрап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына өтініш жолдадық. Қазір коррупцияға қарсы қызмет тексеру жүргізіп жатыр. Бұл мәселені бақылауда ұстап әрі тексеру нәтижелерін күтіп отырмыз, – дейді білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова.

Бұған қоса ол жуырда мектептің жоғары сынып оқушылары ҰБТ тапсырады, сондықтан бұл жағдай оқушыларға жағымсыз әсер етіп, олардың жүйкесіне тиеді дейді.

Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа 67-мектеп-гимназия мұғалімдерінің арызы бойынша қылмыстық істі тексеріп жатқанын растай да, терістей де алмады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG