Accessibility links

Мұнайшылар кәсіподағы белсендісі Нұрбек Құшақбаев сотталды


Oil Construction Company кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаев сот үкімі оқылғаннан кейін жұбайын жұбатып тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.
Oil Construction Company кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаев сот үкімі оқылғаннан кейін жұбайын жұбатып тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.

Астанада Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаевқа сот үкімі шықты. Құшақбаевты екі жарым жыл бас бостандығынан айыру туралы үкімге сот залындағы азаматтық белсенділер наразылық білдірді.

Астананың Алматы ауданының №2 сотына Oil Construction Company (OCC) кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаевқа қатысты сот үкімін тыңдауға ондаған белсенділер - сотталушының жақтастары келді.

Сот үкімі оқылмай тұрып Азаттықтың тікелей трансляциясында пікір білдірген жақтастары "Құшақбаевтың ешқандай кінәсі жоқ екенін, істің ойдан шығарылып, "ақ жіппен" тігілгенін" мәлімдеді.

Белсенділер істің қолдан құрастырылғанын білдіру мақсатында сырт киімдерінің етек-жеңін ақ жіппен көктей тігіп алды. Залға судья Айжан Күлбаева кіргенде Серікбай Әлібаев бастаған белсенділер ақ жіппен көктелген киімдерін киіп тұрды. Судья Айжан Күлбаева үкімді төрт минут оқыды.

Нұрбек Құшақбаевтың сотында сот үкімін тыңдар тұрған белсенділер. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаевтың сотында сот үкімін тыңдар тұрған белсенділер. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.

"Қазақстан Респбуликасы атынан" деп басталатын үкімді оқыған судья Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі бойынша инспекторы, 1982 жылы туған Нұрбек Құшақбаевтың қылмыстық кодекстің 402-баптың 2-бөлігі ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") бойынша "қылмыс жасады" деп танылғанын, екі жарым жылға бас бостандығынан айырылатынын мәлімдеді. Судья үкімінде Құшақбаевтың бұрын сотталмағаны, үйленгені, кәмелет жасқа толмаған бір баласының бар екені айтылды. Сот шешімінде Құшақбаевтың жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтіні, жаза мерзімі оның қамауға алынған (2017 жылғы қаңтардың 20-сы - ред.) күнінен бастап есептелетіні жазылған.

Екі жарым жыл бас бостандығынан айырудан бөлек, сот үкімі бойынша Құшақбаевқа екі жыл мерзімге қоғамдық қызмет атқаруға тыйым салынды. Судья үкімнің "жәбірленуші тарап Techno Trading компаниясы талап еткен 25 миллион 199 мың 717 теңге "материалдық шығынды" Нұрбек Құшақбаевтан өндіру" туралы бөлігін оқып жатқанда сотқа келген азаматтар бұл соманың тым қомақты екеніне наразылық білдіріп, "Масқара, масқара!" деп шуласып кетті. Судья Айжан Күлбаева мұнан ары үкімді оқи алмай бөгеліп, жұрттан үкімді оқып шығуға мұрсат беруді талап етті.

Мұнан ары судья Techno Trading компаниясы талап еткен 25 миллион 199 мың 717 теңгеден бөлек, Құшақбаевтан мемлекет пайдасына 755 мың 991 теңге мемлекеттік пошлина да өндірілетінін, бұл аталған сомаларды өтеуге оған 15 тәулік уақыт берілетінен мәлімдеді. Судья "белсендінің мүлкіне салынған арест, яғни оның "Астана банкі" шотындағы 1 миллион 30 мың 473 теңгесін тұтқындау туралы бұйрықтың жоғарыда аталған қаражаттар өндіріліп болғанша күшінде қалатынын, ал Ақтау қаласындағы пәтерге салынған аресттің алынып тасталатынын" оқыды. Құшақбаев, бұлардан бөлек, сот шығындары ретінде мемлекет пайдасына 55 мыңға жуық ақша төлейтін болды.

Судья Құшақбаевтың ісіне қатысты аудио-видео жазбаларды қылмыстық іспен бірге сақтауға бұйырды және 15 күн ішінде үкімге қарсы шағымдануға болатынын ескертті.

Мұнан соң судья залдан шығып кетті. Сот үкіміне наразылық дүбірі ол шығып бара жатқанда-ақ басталып кетті. Жұрт сот үкімінің "масқарашылық, жендеттік" екенін айқайлап айтып жатты. Осы сәтте Нұрбек Құшақбаевтың жұбайы сотталушы отырған қоршауға сүйеніп жылап жіберді, келген жұрт оны ұзақ уақыт жұбата алмады. Айдауылдар сотталушыны алып кетті.

ВИДЕО: Азаттықтың сот залынан жүргізген трансляциясы видеосы

НАРАЗЫЛАР ПІКІРІ

Азаттық тілшісіне үкімге қатысты пікірін білдірген астаналық белсенді Сәуле Сейдахметова:

- Сөзім жоқ бүгінгі шешімге. Оны қоғамға жария насихат жасады деп айыптады, ол үш адамға кеңес берген, сонда бізде үш адам кабинетке барса, ол қоғам болып санала ма?! Бұл әділетсіз сот болды. Халықты, белсенділерді қорқыту үшін қолдан жасалған нәрсе. Нұрбек жазықсыз сотталды. Бірақ бізді мұнымен қорқытамыз деп ойламасын. Біздің санымыз көбейіп келе жатқанын үкімет түсінбей отыр, - деді.

Белсенді "бұл әділетсіздікті көрген халықтың көзі ашылып келе жатқанын" айтты. Ал астаналық азаматтық белсенді Зәуреш Батталова:

- Бұл Құшақбаевты соттаған сот емес, бұл Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдарын соттаған сот болды. Адамдардың еңбек құқықтарын қорғаған белсендіні екі жарым жылға соттау - заңсыздық. Бұл заңсыздықпен келісуге болмайды. Бұл сотты БҰҰ-ға дейін жеткізу керек. Біз халықаралық экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөнінде балама баяндама жасап жатырмыз. Баяндамаға бұл оқиғаны кіргіземіз, Қазақстанда еңбек құқығын қорғаған адамдарды түрмеден бір-ақ шығарады деп дәлелдейміз. Бұл оқиға БҰҰ-ға сол баяндама арқылы жетеді. Ата-аналарына, туыстарына тілейтінім - сабыр керек және бұл заңсыз сотты жеңуге тырысу қажет, - дейді.

АДВОКАТТАР МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ

Нұрбек Құшақбаевтың адвокаттарының бірі Төлеген Шаиков "үкімге қарсы апелляциялық шағым беретінін" айтып:

- Үкім мәтінін алғаннан кейін оған қарсы шағым түсіремін. Қазір мен ештеңе айта алмаймын, - деді.

Сотталушының екінші адвокаты Гүлнәр Жуаспаева:

- Біріншіден, қылмыс құрамы жоқ. 402-баптың 2-бөлімінде қоғамдық насихат туралы айтылады. Бұл жерде сөз кабинетте болған. Ал кейіннен whatsapp қосымшасы арқылы, басқа адамдар арқылы тараған сөздер Құшақбаевтың айтқан сөйлемдері емес. Біз тыңдаған аудиофайлда ол ешкімге нұсқау бермеген. Файл ақпанның 9-ы күні жазылған, ол кезде ереуіл тоқтап, жұмыстан шығарылатын адамдар шығарылып қойған. Құшақбаев пен кейін болған оқиғалардың себеп-салдар байланысы жоқ. Techno Trading-ке келген зиян туралы шешім де түсініксіз, - дейді.

Жуаспаева "бұл бап бойынша төрт түрлі балама жаза қарастырылған: айыппұл, бостандықты шектеу, түзету жұмыстары, сосын барып бас бостандығынан айыру. Прокурор бірден үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, ондай жазаны қылмысты қайталағандарға береді. Полиция мен прокуратура соттарға ақтау үкімін шығаруға мүмкіндік бермейді" деген пікір айтты.

Астаналық заңгер Антон Фабрый сот біткеннен кейін Азаттық тілшісіне белсенділердің парламент депутаттарына қылмыстық кодекстің 402-бабын (сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер) алып тастау жөнінде хат жазып жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, "өркениетте елдерде ереуіл үшін қылмыстық жазаға тартпайды".

АШТЫҚ ШАРАСЫ КЕЗІНДЕГІ ҚЫСЫМ

Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының еңбек қауіпсіздігі бойынша инспекторы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен бірнеше жүз мұнайшының жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң, екі айға қамауға алынған. ОСС жұмысшылары аштықты Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының әділет министрлігі арызымен жабылуына қарсы жариялаған еді.

Құшақбаевпен бірге ОСС кәсіподағы төрағасы, 56 жастағы Әмин Елеусінов те ұсталған. Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша («сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») айыптар тағылған. Елеусіновтің соты әлі басталған жоқ.

Әмин Елеусіновті полиция ұстаған видео:

Әмин Елеусіновті полиция ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

ОСС компаниясында екі кәсіподақ ұйымы бар. 2011 жылы компания жұмысшылары кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы құқықтарымызды қорғамайды деген уәжбен тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құрып, оған жетекшілікке Әмин Елеусіновті сайлаған. Нұрбек Құшақбаев осы кәсіподақтың еңбек қауіпсіздігі инспекторы болған.

Кейін аштық акциясына қатысқан 63 мұнайшыға азаматтық және әкімшілік сот арқылы 20-дан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткішке тең (1 АЕК – 2269 теңге) айыппұл салынып, сот жалпы сомасы 3 миллион 854 мың 870 теңге шығынды өтеуді міндеттеген.

ВИДЕО: Соңы аштыққа ұласқан аштық

Соңы сотқа ұласқан аштық
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:24 0:00

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан билігінен ОСС компаниясы кәсіподағы лидерлері Әмин Елеусінов мен Нұрбек Құшақбаевты қудалауды доғарып, екеуіне бостандық беруді талап еткен.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның серіктестерін, оның ішінде Еуропа Одағы мен АҚШ-ты Елеусінов пен Құшақбаевты босату үшін Астанаға ықпал етуге шақырған.

XS
SM
MD
LG