Accessibility links

Мирзияев Қазақстанға тұңғыш сапармен келді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кездесу кезінде. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кездесу кезінде. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Наурыз мейрамында Астанаға тұңғыш мемлекеттік сапармен келді. Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде ол бұл сапарын "тарихи" деп атап, Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші санайтынын мәлімдеді.

АЛҒАШҚЫ МЕМЛЕКЕТТІК САПАР

Наурыздың 23-і күні Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға мемлекетік сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті қабылдады.

Өзбекстанды ширек ғасыр басқарған Ислам Каримов өткен жылы күзде 78 жасында қайтыс болған соң оның орнына билік басына келген Шавкат Мирзияевтің Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары кеше, наурыздың 22-і күні басталған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев. Астана, 22 наурыз 2017 жыл. Қазақстан премьерінің ресми сайтындағы сурет.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев. Астана, 22 наурыз 2017 жыл. Қазақстан премьерінің ресми сайтындағы сурет.

Назарбаев Наурыз мейрамы кезінде келген өзбекстандық әріптесін және ол арқылы көршілес бауырлас халықты Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Бұл сіздің президент болып сайланғаннан кейінгі тұңғыш мемлекеттік сапарыңыз. Сайлануыңызбен сізді шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас өзбек халқына, өзіңізге зор денсаулық пен үлкен табыстар тілейміз. Біз туысқан ел ретінде өзбек халқының, өзбек мемлекетінің өркендеп, өніп үлкен жетістіктерге жетіп отыруын қалаймыз» деген Назарбаев.

Назарбаев Мирзяев Өзбекстан президенті болып сайланғалы екіжақты экономикалық көрсеткіштер елеулі өскенін айтқан. Оның сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияда екіжақты сауда-экономикалық әріптестікте жетекші позицияға ие болып отыр.

«Сіз келгелі бес айдың ішінде екі елдің арасындағы сауда-саттық 30 процентке жоғарылады. Көп мәселелерге қол жеткіздік», - деген Назарбаев. Оның сөзінше, Қазақстан астығы Өзбекстанға 30 пайыз артық көлемде жеткізілсе, ол жақтан келетін жеміс-жидек пен көкөніс көлемі 25 процентке артқан.

"ЕҢ ЖАҚЫН ӘРІ СЕНІМДІ КӨРШІ"

Ақордадағы кездесу кезінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Астанаға бұл жолғы сапарын «тарихи» деп атады. Ол Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші санайтыны туралы мәлімдеген.

«Сіздер, тұңғыш президент Ислам Кәрімовпен бірге осынау көпірді қаладыңыздар. Бұл көпір алдағы уақытта нығая беретін болады. Біз әр уақытта да Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші ретінде қарастырамыз», - деген Мирзияев.

Қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу бекеті. (Көрнекі сурет.)
Қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу бекеті. (Көрнекі сурет.)

Өзбекстан басшысы соңғы бес айдың ішінде Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастар тың қарқынмен өрби бастағанын атап өткен. Ол өзімен бірге Астанаға өзбек-қазақ бизнес форумына қатысуға өзбектандық кәсіпкерлердің үлкен делегациясы келіп отырғанын да айтты.

«Сауда-экономикалық қарым-қатынас мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінгі бизнес форумға Өзбекстанның 250 кәсіпкері қатысады. Бір миллиард доллардың келісімшартына қол қойылады», - деген Мирзияев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.

Шавкат Мирзияев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстанның бұл қызметте Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосатынына сенімді екенін білдірген.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болатын екі жыл ішінде Ауғанстан бойынша шаралар қабылданатынына сенімдімін. Бұл сіздің бастамаңыз бен күш-жігеріңіз. Өзбекстан осының бәрін әркез қолдайды. Сіздердің барлық бастамаларыңызды қолдаймыз деп ойлаймын» деген Өзбекстан президент.

Кездесу кезінде Мирзияев Назарбаевты Өзбекстанға сапармен келуге шақырған.

ШЕКАРААРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕРДІ ПАЙДАЛАНУ

Ақордадағы келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме кезінде Назарбаев Мирзияевпен шекарааралық өзендерді тиімді пайдалану жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді.

«Орталық Азияның шекарааралық су ресурстары ортақ құндылық болып саналатындығын тағы бір мәрте қуаттадық және біз бауырлас көршілеріміздің суды пайдалану ниеттеріне толықтай түсіністікпен қараймыз. Біз оған қатысуға дайынбыз. Бірақ, аталған өзендердің төменгі сағасындағы барлық елдерге нұқсан келмеуі тиіс», - деген Назарбаев.

Арал теңізінің орнында қалған ескі қайық қаңқасы жанында ойнап жүрген балалар. (Көрнекі сурет.)
Арал теңізінің орнында қалған ескі қайық қаңқасы жанында ойнап жүрген балалар. (Көрнекі сурет.)

Ол өзбекстандық әріптесімен кездесуде екі ел арасындағы тығыз мәдени-тарихи байланыстар, Арал теңізі төңірегіндегі ахуалды да талқылағандарын хабарлады.

«Миллионнан астам этникалық қазақ Өзбекстанда тұрып жатыр. Шамамен 500 мың өзбек екі мемлекетті де өз отандары санайды» деген ол.

Сонымен бірге Назарбаев өзбек әріптесімен екі елдің мәдени күндерін өткізу жайында уағдаласқаны туралы да айтқан.

«Қазақстан Өзбекстан жастарын, студенттерін біздің жоғары оқу орындарында оқуға шақырады. Сондай алмасу жасау қажет шығар», - деген Назарбаев.

Кездесу барысында Назарбаев пен Мирзияев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан ары кеңейту және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Құжат Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінен кейін рәсімделді деп хабарлайды «Қазақпарат».

Бейсенбіде Астанада басталған қазақ-өзбек бірлескен бизнес форумы аясында екі елдің кəсіпкерлері құны 840 миллион доллар болатын 92 келісімшартқа қол қойғаны туралы «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Əлтаев мəлімдеді деп хабарлайды «Қазақпарат». Әлтаевтың сөзінше, жиын соңында құны 94 миллион доллар болатын тағы 10 құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

Мирзияевтің Астанаға сапары қарсаңында Алматы-2 темір жол вокзалынан Алматы мен Ташкенттің арасында жолаушы таситын «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы алғашқы сапарына шыққан болатын.

XS
SM
MD
LG