Accessibility links

Үшінші қола медалін алған Қазақстан 11-орынға сырғыды


Лондон олимпиадасында әйелдер күресінен (еркін күрес) қола жүлде жеңіп алған қазақстандық балуан Гузель Манюрова (сол жақта). Лондон, 9 тамыз 2012 жыл. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Лондон олимпиадасында әйелдер күресінен (еркін күрес) қола жүлде жеңіп алған қазақстандық балуан Гузель Манюрова (сол жақта). Лондон, 9 тамыз 2012 жыл. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Тамыздың 9-ы күні Қазақстан қоржынына олимпиаданың тағы бір қола медалі түсті. Әйелдер күресінен Гузель Манюрова үшінші орын алды.

Манюрова алғашқы белдесуінде екі дүркін олимпиада ойындарының қола жүлдегері, бес дүркін әлем чемпионы, жапониялық Куоко Хамагучиді жеңді.

Алайда ширек финалда ресейлік Наталья Воробьевадан ұтылып қалды. Воробьева финалға шыққан соң, Манюрова қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.

ҮШІНШІ ҚОЛА - 11-ОРЫН
Анна Алябьева олимпиадалық іріктеу жарысында. Лондон. Мамыр, 2012 жыл. Суретті Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитеті ұсынды.
Анна Алябьева олимпиадалық іріктеу жарысында. Лондон. Мамыр, 2012 жыл. Суретті Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитеті ұсынды.

Үшінші орын үшін өткен екі кездесуде Гузель Манюрова украиналық Катерина Бурмицкая мен Пекин олимпиадасының чемпионы, қытайлық Ван Цзяоны жеңіп, Қазақстанға үшінші қола жүлдені әперді.

Көркем гимнастикадан іріктеу жарысын бастаған Анна Алябьева екі жаттығудан кейін (доп және шеңбермен өнер көрсету) 13-орында тұр. Тамыздың 10-ы күні қысқа таяқпен (булава) және жібек баумен өнер көрсетеді. Алябьева финалға шығу үшін кем дегенде он екінші орын алуы керек.

Биіктікке секіруші жеңіл атлет, Пекин олимпиадасының финалисі Марина Аитова жарақатына байланысты жарыстан шығып қалды.

800 метрге жүгіруден Маргарита Мацко жартылай финалда 9-орын алып, финалға өтпей қалды. Шешуші жарысқа алғашқы сегіз орынды иеленген спортшылар шығады.

БАЛУАНДАРЫМЫЗДЫҢ ҚАРСЫЛАСТАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Тамыздың 10-ы, бүгін 18:00-де еркін күрестен Дәулет Ниязбеков (55 килограмм) пен Абдулхаким Шапиев (74 килограмм) кілемге шығады. Қазақ балуандары өз қарсыластарын белдесуге бір күн қалғанда білді. Ниязбеков кілемге шыққан бетте Самюель Хазевинкельмен (АҚШ) күресетін болды. Оны ұтып жатса, ширек финалда Ахмет Пекер (Түркия)-Давид Тремблей (Канада) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Ал Шапиев бірінші белдесуін тунистік Билел Оуештатимен (Тунис) өткізеді. Оны жеңсе ширек финалда Жанг Шоугао (Қытай)- Габор Атос (Венгрия) жұбының мықтысымен кездеседі.

Сағат екі жарымда таэквондодан 67 килограмм салмақта Гүлнафис Айтмұхамбетова алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Айтмұхамбетова - Қазақстанға Ресейден келген оралман спортшы. 2009 жылы Белградта (Сербия) өткен жазғы универсиаданың (студенттер олимпиадасы) чемпионы.
Қазақстан құрамасы олимпиаданың ашылу салтанатына киіп шығатын формаларын көрсетіп тұр. Астана, 12 шілде 2012 жыл.
Қазақстан құрамасы олимпиаданың ашылу салтанатына киіп шығатын формаларын көрсетіп тұр. Астана, 12 шілде 2012 жыл.

Сағат 14:30-да ескек есуден Александр Дядчук (200 метр, каноэ) іріктеу жарысына шығады.

Сағат кешкі бесте көркем гимнастикадан Анна Алябьева іріктеу жарысын жалғастырады.

17:00-де 10 шақырымға малтып жүзуден Юрий Кудинов олимпиада жүлдесіне таласып көреді.

Айтмұхамбетова да алғашқы қарсыласын білді. Қазақстандық таэквондошы бірінші айналымда словакиялық Франка Аничпен кездеседі. Оны ұтып жатса, ширек финалда Фарида Азизова (Әзірбайжан)-Карина Сергерие (Канада) жұыбының жеңгенімен даянға шығады.

Тамыздың 10-ы кешкі сағат алтыда бокстан жартылай финал бәсекелері басталады. Жартылай финал кездесулері Астана уақыты бойынша түнгі үшке дейін жалғасады. Қазақстандық Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычко шаршы алаңға шығады.
XS
SM
MD
LG