Accessibility links

Атыраудағы «кадрлық өзгеріс» театрға да жетті


Әдемі Сисекенова, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Атырау облыстық драма театрының актрисасы. Атырау, 5 наурыз 2013 жыл
Әдемі Сисекенова, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Атырау облыстық драма театрының актрисасы. Атырау, 5 наурыз 2013 жыл

Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театры директорының ауысуы бұл ұжымның ендігі шығармашылық беталысы туралы талқылауға түрткі болды.

Театрдың бұрынғы директоры Берік Жәменовтің орнынан алынып, бас режиссер Асылбек Ихсановтың басшылыққа тағайындалуы ұжым арасында ішінара наразылық тудырды. Қарсылық білдіргендер театрдың шығармашылығына қауіп төнді деп санайды.

Наурыздың 5-сі күні Азаттық тілшісі өзіне хабарланған «ауыс-түйіске қатысты туған наразылық» туралы анығырақ білмек болып театрға келгенде жиналыс аяқталып, ұжым жаңа тағайындалған басшыны құттықтап жатыр екен. Тілшімен жеке сөйлескен кейбір актерлардың айтуынша, олардың пікірімен санасқан ешкім болмаған. Директорды орнынан алу туралы шешімді наурыздың 5-сінде облыстық мәдениет басқармасында өткен шығармашылық кеңесте жария еткен.

ГРИМ БӨЛМЕСІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

55 жыл бойы Атырау сахнасында «Айман Шолпандағы» Айманды, «Қамбар батырдағы» Назымды, «Супер келіндегі» Фармон бибіні сомдағанын айтқан Әдемі Сисекенова директордың ауысуына жоғары жақтағы басшылықтың өзгеруі себеп болды деп санайды.

- Облыс басшылығы ауысқанда басқа салалардың да басшылары ауысатын әдеті бар ғой. Жаңа директор да сол облыс әкімі орынбасарларының бірінің нұсқауымен тағайындалып отыр, - дейді ол.

Әдемі Сисекенова театрдағы ахуалға қатысты ашық пікір айтып жүргендіктен көп жылдық тәжірибесіне қарамастан бірнеше жыл қатарынан рөл ала алмай жүргенін айтып шағымданады.
Шындықты айтқаным үшін екі жылдан бер рөлсіз жүрмін. Сонда басшылыққа қарсы пікір айтпау керек пе?

- Шындықты айтқаным үшін екі жылдан бері рөлсіз жүрмін. Сонда басшылыққа қарсы пікір айтпау керек пе? Жасымыз келсе де, біз ойнайтын рөлдер жетерлік. Кемпірдің рөлдерін де жастарға береді, олар образдың ішкі толғанысын қалай жеткізе алады? - дейді Әдемі Сисекенова.

Театрда жүріп рөл ойнамау актер үшін нағыз бейшаралық дейді жиналғандар.

- Театрда көптеген актерлар ойын ашық айта алмайды, себебі қудаланады. Жастар үндемейді, себебі мансапқа ұмтылады, көрінгісі, өскісі келеді, - дейді тетардың бас суретшісі, дизайнер Гүлмаржан Махамбет.

«Мәдениет қайраткері» Айнагүл Мұхтарованың айтуынша, театрдың бұрынғы бас режиссері, қазіргі директоры балалы актерларды спектакльдерге қатыстырмауға тырысады.

- Баламның барлығына қарамай жұмыстан қалмауға тырысқаныммен сахнаға шыға алмай жүрмін. Бізге сахна керек, - дейді ол.

Шағымданушылардың бірі актриса Гаухар Қабиева жазбаша арыздану керек дейді. Бірақ грим бөлмесіндегі талқылауға жиналғандар шешім облыстық әкімдік деңгейінде қабылданып қойған соң төбелестен соң жұдырық түйіп кіжінгенмен бірдей ғой десіп тарқасты.

«АРАҚ ІШПЕЙМІН, АКТРИСАЛАРМЕН ҚЫДЫРМАЙМЫН»

Театрдың жаңадан тағайындалған директоры Асылбек Ихсанов Азаттық тілшісімен әңгімеден тартынған жоқ. Ол сөзін:

- Мен де журналиспін, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреатымын. Пьесалар жазып жүрген, аты мәлім адаммын, қорқатын ештеңем жоқ, - деп бастады.

Директор шағымданушы актерлар тобын «кәсіби жарамсыз» қызметкерлер деп санайды.
Режиссер, жазушы Асылбек Ихсанов Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 11 наурыз 2010 жыл.
Режиссер, жазушы Асылбек Ихсанов Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 11 наурыз 2010 жыл.

- Сіз «кәсіби жарамсыз» немесе «талантсыз» деген ұғымдармен таныс боларсыз. Біздің ұжымда бір-екі жасы келген адам бар. Біреуі сөзді жадында сақтай алмайды, спектакльдің ортасында сөзін ұмытып қалады. Классиканы түсінбейді, оларға тұрмыстық комедия жақын. Ал мен театрға жаңа леп әкелгім келеді. Мәселен, мен қойған Юджин О’Нилдің «Шырмауық астындағы серуен» атты пьесасы Астанада аншлаг болды, - деді ол.

Асылбек Ихсанов осы себептерге байланысты өзі қоятын спектакльдерін анау-мынау актерге сеніп тапсыра алмайтынын айтты.

- Мен кез-келген затты қоймаймын. Мен келген соң Атырау театры туралы республикалық каналдар айта бастады. Сұрғылт қоғам не десе о десін, мен қорықпаймын. Өз басым арақ ішпеймін, ішетіндерді жұмыстан аластатқам, және кейбіреулер құсап актрисалармен қыдырмаймын,- деп түйіндеді ол сөзін.

Азаттық тілшісі Асылбек Ихсановтан алдағы дайындалып жатқан репертуарлар туралы да сұраған еді. Оның айтуынша, қазір Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің анасы Ділдә Матайқызы жазған «Ана туралы жыр» атты спектакль дайындық үстінде.

- Бұл – Горькийден кейін туған нағыз ана образы. Онда Тасмағамбетовтің анасының өз басынан кешкендері суреттеледі. Оны неге үлгі етпеске? - деді Атырау облыстық драма театрының директоры Асылбек Ихсанов.

«СОЛДАТ ҚҰСАП «КЕТ» ДЕГЕНДЕ КЕТЕМІЗ»

Қызметінен түскен бұрынғы директор Берік Жәменов жағдайды тайсақтай баяндады.

- Мен негізі кезекті еңбек демалысыма шықтым. Біз солдат сияқтымыз ғой, «кет» деді ме, кетеміз, - деді ол.

Оның айтуынша, театр ұжымында талантты актерлар жетерлік, онда қызмет істейтін 176 адамның 39-ы актер.

- Актерларымыз өте талантты, бірақ олардың қырларын ашу режиссер мен қоюшының шаруасы. Соңғы кезде тетарымызға жан-жақтан режиссерлер шақыра бастадық. Ол актерлер өнерін шыңдау үшін маңызды, - деді Жәменов.

Атырау облыстық мәдениет басқармасы бастығы Әуез Құлжанов театр басшысының ауысқанын растағанмен, бұрынғы директордың ендігі қызметін айтудан бас тартты.
Театрға тағы да жөндеу жасалмақ. Бұл соңғы бес жылдағы екінші күрделі жөндеу болмақшы. Алдыңғы жөндеулерге 2006-2007 жылдары миллиондаған қаржы бөлінген.

- Ол – құпия. Бірақ бұрынғы директор Берік Жәменов жұмыссыз қалмайды, Наурызға дайындықпен айналысады. Тетарға шығармашылық адам керек болды, жаңалық енгізгіміз келді, - деді Әуез Құлжанов.

Ресми ақпарат бойынша, театрға тағы да жөндеу жасалмақ. Бұл соңғы бес жылдағы екінші күрделі жөндеу болмақшы. Алдыңғы жөндеулерге 2006-2007 жылдары миллиондаған қаржы бөлінгенімен кейін театр ғимаратының шатыры ұзақ уақыт адам өміріне қауіп төндіріп келгендігі туралы хабарланған.

- Осы жолы жөндеуге қанша ақша бөлінетінін айта алмаймын, онымен құрылыс басқармасы айналысып жатыр. Бірақ мәдени-көпшілік шаралар мен облыстағы аудандық мәдениет үйлері материалдық-техникалық базасын жаңалау үшін 1,2 миллиард теңге бөлінді, - деп мәлімдеді ол.

Атырау облысындағы кадрлық ауыс-түйіс бұрынғы әкім Бергей Рысқалиев былтырғы тамыз айында қызметінен кеткесін басталған еді. Әуелі оның ағасы, бұрынғы мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиевтің үстінен «жемқорлыққа қатысты» қылмыстық іс қозғалып, биылғы қаңтар айында дәл осындай айып бойынша Бергей Рысқалиевті де тұтқындауға санкция берілген болатын. Былтырғы тамыздан бері «ағайынды Рысқалиевтер Лондонға қашты» деген сыбыс тараған. Әзірше Қазақстанда олардың нақты қайда екендеріне қатысты ресми мәлімет жарияланған жоқ. Ал Бергей Рысқалиевтің кезінде қамауға түсіп, істі болған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Сәлімжан Нақпаев биылғы ақпан айында қайтадан бұрынғы қызметіне алынған.
XS
SM
MD
LG