Accessibility links

Австриялық режиссер 100 жылдық жолдың тарихын іздеп жүр


Шығыс Қазақстан облысындағы Австриялық жол.
Шығыс Қазақстан облысындағы Австриялық жол.

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада «Австриялық жол» деректі фильмін көрсеткен австриялық тарихшы әрі режиссер Руслана Берндл ол жол жайлы деректер жоқтың қасы екенін айтады.

Фильм бұған дейін Алматы, Өскемен, Зырян және Бішкек қалаларында да көрсетілген. Туынды Шығыс Қазақстан облысындағы ескі жол жайлы. «Австриялық жол» деп аталатын ол жол - Күршім ауданындағы Теректі ауылынан басталып, Мәрмәр асуынан өтіп, Марқакөлдің маңындағы Ұраңқай ауылын басып, Қарақаба өзенінің аңғарымен Бұрқат асуынан аттап, Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылына барып тірелетін жолдың 50 километрдей бөлігі.

Руслана Берндлдың фильмі бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен 300-дей австровенгриялық тұтқын 1914-1916 жылдары салды деген осы жолдың тарихын баяндайды. Азаттыққа сұхбат берген австриялық режиссер ол жолды жерлестері салғанын дәлелдейтін құжаттарды таба алмай жүргенін айтты.

"Австриялық жол" деректі фильмінің режиссері Руслана Берндл. Астана, 22 қыркүйек 2016 жыл.
"Австриялық жол" деректі фильмінің режиссері Руслана Берндл. Астана, 22 қыркүйек 2016 жыл.

Азаттық: – Шығыс Қазақстандағы «Австриялық жол» туралы деректі фильм түсіруіңізге не себеп болды?

Руслана Берндл: – 2007 жылы Қазақстанға алғаш рет болдым. Алматыда презентациям болған еді. Қолыма Германияда басылған жолнұсқау кітапшасы түсті. Онда Шығыс Қазақстанда бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолға түскен австриялық тұтқындары салған жол бар делінген. Жолға «Жүйкесі жұқа жандарға арналмаған» деп сипаттама беріпті. Вена университеті тарих институтының докторанты болғандықтан бұл тақырыпқа қызықтым. Сол кезден бастап Австрия, Ресей, Қазақстан мұрағаттарынан дерек іздеуге кірістім. Бұл жол туралы білетін адам кезікпеді. Нақты осы жол туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Шығыс Қазақстан облысындағы Австриялық жолдың Бұрқат асуынан өткен тұсы.
Шығыс Қазақстан облысындағы Австриялық жолдың Бұрқат асуынан өткен тұсы.

Азаттық: – Сонда фильмде қандай деректерге сүйендіңіз?

Руслана Берндл: – Сосын осы жердің байырғы тұрғындарын, өлкетанушыларын іздедім. Яғни бұл мұрағат деректері емес. Мұрағаттардан басқа ақпараттар таптым. Мәселен, Өскеменде құрылыста болған австриялық тұтқындардың тізімін көрдім. Бірақ осы жолды салғандардың тізімі жоқ. «Бар, бірақ құпияланған» деген сөз де айтылады. Мен де, Австрияның өзге тарихшылары да НКВД, КГБ мұрағаттарына кіре алмадық.

Шығыс Қазақстан облысындағы Австриялық жол.
Шығыс Қазақстан облысындағы Австриялық жол.

Азаттық: – Фильміңізде «Австриялық жол» туралы білетін жергілікті тұрғындардың ұрпағын тапқаныңыз айтылады екен.

Руслана Берндл: – Бұл тақырыпты ұзақ зерттедім. Кімге барып, нені түсіретінімді біліп отырдым. Мұрағаттан да жөн сілтеді. Университеттен де деректерін берді. Фильмде сөйлеген өлкетанушы Федор Шершневтің айтқандары маңызды болды. Оның әжесінің құрбысы австриялықтардың кірін жуып жұмыс істеген. Бірақ бәрібір ол мәліметке сене алмаймын, өйткені мұрағаттық дерегі жоқ. Қазір [австриялық тұтқындардың] екінші ұрпағын таптық. Бұл өңірде біраз уақыт тұрақтап, зерттеу керек. Қатонқарағайда бір-екі жыл тұрып, ол ауылдардың бәрін аралап шығу керек. Көпшілігі фамилияларын өткерткен. Біз түсірген Лазарев деген кісі жездесінің фамилиясын білмеген. Бірақ біз ол кісінің аты-жөнін анықтап, Тула облысында ұлы бар екенін таптық. Мұны тоқтамай зерттей беру керек.

Австриялық жол Марқакөлді бүйірлеп өтеді.
Австриялық жол Марқакөлді бүйірлеп өтеді.

Азаттық: – Бұл жолды салды деген австриялық тұтқындардың одан кейінгі тағдыры қалай болған?

Руслана Берндл: – Шершневтің сөзінше, оларды Қиыр Шығыс арқылы еліне қайтарған. Олардың қайтуы да шым-шытырық оқиға. Мысалы, Людвиг Фрицин деген кісі үйленіп, қалып қойған. Оны 1937 жылы «тыңшы» деп атып тастаған. Ал мен немересін тауып алған адам аман қалған.

Азаттық: – Жергілікті халық «Австриялық жол» немесе «Ескі Австрия жолы» деп атап кеткен бұл жолдың тарихын біле ме екен?

Руслана Берндл: – Білетіндер аз. Бұл – ұмытылған заман. Бұл жерде небір оқиғалар өтті, азаматтық соғыс, көтерілістер, репрессиялар болды. Бұл туралы айтуға да тыйым салынған еді. Бұл тарихтың шырғалаң болғаны сонша, ол таңырқайтын нәрсе емес. Тарихты бар жерде нашар біледі.

Австриялық жол өтетін маңдағы Ұраңқай өзені.
Австриялық жол өтетін маңдағы Ұраңқай өзені.

Азаттық: – Қазір бұл жолмен адам жүре ме?

Руслана Берндл: – Әрине, жүреді. Бұл жол болмаса, мәселен, Ұраңқайдан Қатонқарағайға тойға барғысы келген адам Мәрмәр асуынан өтіп, Теректі ауылы арқылы 500 шақырым жүрер еді. Ал бұл жолмен бірнеше сағатта жетеді. Ең қызығы – бұл жолда екі сағат бойы жүргенде бір де бір адамды көре алмай өтуіңіз де мүмкін. Бұл елдің жерінің үлкендігін айтамын.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рахмет.

Австриялық жолдың картадағы орыны

XS
SM
MD
LG